Астанада жаңа теміржол вокзалы ашылады

Астанада жаңа теміржол вокзалы ашылады
Фото: astana.gov.kz

Елордада ЕХРО 2017 халықаралық көрмесі аясында тәулігіне 12 мың жолаушы өткізетін жаңа теміржол вокзалы ашылады, - деп хабарлайды 24.kz порталы Астана қаласы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап

Астана қаласы Сәулет және қала құрылысы басқармасының хабарлауынша, қала құрылысы кеңесінде «Мыңжылдық» саябағының маңайында орналасқан жаңа теміржол вокзалы аумағының даму тұжырымдамасы қаралып, бекітілді.

Бұл өз құрамында тұрғын үй кешендерін, бизнес-орталықтарын, қонақ үйлерді, мектепке дейінгі және мектеп ұйымдарын, басқа да әлеуметтік-мәдени объектілері орналасқан елорданың көп функционалды және перспективті ауданы.

Жобаға сәйкес, коммерциялық ғимараттардың ауданы 656 032 шаршы метрді құрайды. Бизнес-орталықтар 507660 шаршы метр аумақты алса, қонақ үйлер, апартаменттер 304 375 шаршы метр аумақта орналасады. Ал тұрмыстық қызмет үшін 126 000 шаршы метр аумақ бөлінген.

Елорданың жаңа теміржол вокзалы 2017 жылы іске қосылады және барлық бағыттар (Тобыл, Көкшетау, Карағанды, Павлодар) бойынша өткізу қабілетін қамтамасыз етеді. 

Е. Жұмабайұлы