Ғ.Мүсірепов театрында жаңа қойылым!

Ғ.Мүсірепов театрында жаңа қойылым!

Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында 12 сәуір күні тағы бір жаңа қойылымның тұсауы кесіледі.

12-13-14 сәуір күндері премьерасы өтетін "Жақсы кісі" атты спектакльдің авторы - Әкім Тарази. 

Трагикомедиялық жанрдағы "Жақсы кісінің" қоюшы режисері - Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Жанат Хаджиев. 

Қоюшы суретшісі - Кәмила Құрманбекова,

Музыкамен көркемдеуші - Жанат Хаджиев,

Режисердің ассистенті - Мәдениет қайраткері Жақсыбек Құрманбеков,

Режисердің көмекшісі - Әлия Әбсаттарова.

"Жақсы кісі" қойылымы жастар театрына өз жаңашылдығымен келмек. Тірісінде "жаманнан" басқа таңба баспаған марқұмды "Жақсы еді" дейді қазақ өлгенде... Жақсылығы көл-көсір жандар бәріміз үшін үлгі болары анық. Ондай адамдар біздің де арамызда жоқ емес. Мүмкін біз өзіміз де жақсы шығармыз. Үлкен мен кішіге ұдайы ізеттілік танытып, ақжүрек қалыптан айнымайтын ақжарқын жандар баршылық. Ондай адамдардың кейбір жандардың өмірін – тағдырым деп ұғып, ішінен тынып, қоңырқай ғұмыр кешетін кездері де болады.

Қойылымды көріп отырып, көбіміз сахнадан өзімізді көрерміз, не сондағы адамға күлерміз. Бірақ сахна өмірдің айнасы ғана. Тіпті көлеңкесі деуге де болады. Спектакль өмір не қылық көрсетсе, соны қайталап қойып береді. Болды, сол ғана... 

Жақсы болуға тырысайық! Жоқ, бұл тек құрғақ ақыл ғой. Одан да «Жақсы кісіні» көруге асығайық...

Театрда кездесейік, ағайын!

Дайындаған және суретке түсірген: Ақерке Әбілхан

А. Әбілхан