- Негізгі бет
- Театр
- "Сағым қуғандардан" арам...
"Сағым қуғандардан" арам суға арын жуғандарды көрдім
Премьера десе, үн-түнсіз жатақхана есігінен ары аса алмайтын студент біз емес. Ғ. Мүсірепов атындағы балалар және жасөспірімдер театрына соңғы рет "Жұбайлар-ай, жұбайлар" комедиясын көруге барғанымызда жарты ай бұрын жаңа қойылымға билет алып кеткенбіз. Тақырыбы қандай екен? "Сағым қуғандар" дей ме? Қызық... "Көшпенділер", "Адасқандар" деген кинофильмдерден соң, мұндай көпше түрдегі шығарма аттарына аузымыз үйреніп те қалған.
28 қараша болды. Әншейінде Мүсіреповте жаңа қойылым дегенде, тыншымайтын біз жақтың (ҚазҰУ-дың филологтары) студенттерінде премьера жайлы әңгіме қызып жатқан жоқ. Сондықтан да болар, қойылымның не жайында екенін ерте біле алмадық. 29 қараша күні елден ерте еншілеп алған билетімізді "арқалап" алып театрға қарай тарттық.
Жайғастық... Шымылдық ашылды.
Сахнада ібілістің көлеңкесінде жүрген екі жігіт пайда болды. Әй, не болса да "сағым қуатындар" осылар-ау деп түйдік. Екеуі бірін-бірі кінәлап жатыр. Осы күйге түскенін бір-бірінен көреді. Осы күйі қай күй? Жұпыны киім киген, бет-ауыздары ісіп кеткен көше қаңғыбастары. Екеуі де. Бір құрсауға қамағандай жан-жағынан қара киімділер қоршап алған. Олар әлгі екеуді азғырған ібілістің кейпін сомдап жатыр екен. Екеуінің сөздеріне қарап, бір сұмдық істі бастап, соңы сәтсіз аяқталғанын түсіну қиынға соққан жоқ. Бірден білдік - қазір олардың осы халге түсуін түсіндіреді.
Айтқанымыздай келді. Екінші көрініс әлгі екі жігіттің сәл ерте кездегі оқиғасымен басталды. Ащы суға тойып алған екеу өмірге өз шағымдарын айтуда. Кеше ғана отбасын құрған Дәуреннің ісі алға баспағалы көп болған секілді. Жолы болмағыш жігіттің соры бес елі көрінеді. Ақша керек! Иә, ақша керек. Отбасын асырау үшін, тұрмысы нашарлап қаржыдан тарыққан қатынның күн сайынғы жыламсырағанынан құтылу үшін! Жұмысы жоқ жігіт күтпеген жерден қалта толы табыс тауып, жас әйелдің жанарындағы жасты ақшамен сүртсе ғой, шіркін! Стақандас досы Ермекке де керегі сол еді. Ақшаны айтпаймын (Ол кімге керек емес дейсіз?)... Ермекке сол ақшаға жету жолында өз аяғының астына арқандап қоятын ақша десе араны ашылатын жас жігіт керек еді. Сол арқандаулы теңгеқұмардың жібін сәл ұзартып ақшасы бар адамдарға қарай жіберіп қойып, сырттан бағып отыру еді оның арманы. Арманы орындалды да. Сөз жүзінде періштені жолдан тайдырған алтын іс жүзінде ақылсыз жас жігітті жолдан тайдырмақ. Ошағының оты енді тұтанып келе жатқан жігіттің арам жолмен ақша табуға келісуі оңай болған жоқ. Ермек үшін оны көндіру де қиынға соқты. Бірақ бұл арам іс барысында жеңіс Ермектің есебіне шешілді. Ертеңін жарқын елестеткен ессіз жігіт осылайша Ермекке ермек болып келісті. Міне, осылайша біз үшін арамдық толы бір сұмдықтың, әлгі екеу үшін алтын толы бір сандықтың аузы ашылардай болып отырды.
Үшінші көріністің шымылдығын қаралы жандар ашты. Арғы жақтан ананың зары жарқын-жарқын естіле бастады. Қай кейіпкерімізден айрылып қалдық деп біз отырмыз. Кеше ғана өлікті аттандырған отбасы. Үй шетінде тізесін қаусыра құшақтап Дәурен отыр. "Әйелінен айрылған екен де, жарықтық" деп залда біз отырмыз. Жоқ, әйелінің бұл іске тіпті қатысы жоқ екен. Дәуреннің сүйікті қызы екен көз жұмған. Қызы болғанда да, мына арам ойындағы "сүйікті қызы"... Өрімдей қыздың өліміне себепкер де - екеуі. Енді бет моншағы үзілмей марқұм қыздың шаңырығында сол қыздың жүретін жігіті кейпінде отыр. Мұның бәрін ұйымдастырып жүрген - Ермек. Ал қанішер "киноның" бас кейіпкері - Дәурен. Өйткені Дәурен Ермекке қарағанда жас. Оның үстіне о дүниелік болған қыздың ата-анасына Дәуренді әкелсе, "мынау сіздердің күйеу жігіттеріңіз болатын" деп айтуға әбден сенуге болады. Олардың алғашқы жоспары аяқталды. Ендігі қадамды Дәурен жасауы керек. Сүйіктісінен айрылған жас жігіттің рөлін сәтті сомдап шықса, олардың екінші жоспарларының да аулы алыс емес. Қызы кеткелі бас алмай жылап отырған жігітті байқаған қыздың туыстары оны ата-анасына көрсетпек болады. Арам ойынның сценарийі бойынша, Дәурен тұл жетім, үйсіз-күйсіз бейшара. Қызынан айрылып, қабырғасы қайысқан ата-анаға құдасы осы жігітті бала орнына бала етуді ұсынады. Бұл ойды жөн санап, жігітті марқұм қыздың әкесі баурына басады. Арам пиғылды екеуге керегі де осы еді. Олардың көп ішінен таңдаған шаңырағы осы болатын. Өйткені жалғыз қыздың бетіне қарап отырған бұл үй байлықтың дорбасын арқалаған жандар. Осымен екінші жоспар да орындалды. Енді аяқтың астында жатқан сансыз байлықты жаймен қалтаға басу. Қаңғып келген баланы бауырына басқан жездесіне қарсы болған балдыздары бұл істі құп көрген жоқ. Бір сұмдықтың басталарын сезбеді емес, жездесіне талай ескертті де. Артында атын қалдыратын тұяғы болмағасын құшағын ашқан алып әкенің ойында арам ой болып па? Балдыздарына сөзі жүретін өгей әке жетім баланың кейпіндегі асыранды баласын жұмысқа орналастыру үшін оларға қолқа салды. Бет-ауыздары тыржиса да, жезденің өтінішін орындамай қайтсін?
Бар арманы орындалып келе жатқан Дәурен үй қаржысынан сорып отырған үлесінің жартысына жуығын Ермеке қарай жіберіп жүрді. Екеуінің де арандары ашылып келеді.
Бойына бала біткен Сәбира (Дәуреннің жұбайы) жарының жолын тосып жүр. Дүниеге келер ұлының әкесіз қалуынан қорқады. Бір күні жолы түсіп, алды-артына жалтақтап Дәурен өз шаңырағын аттады. Сағынысқан құшақ тез арада ажырап кетті. Әйеліне бәрін түсіндіруге уақыты болмай, біраз ақша ұсынды да, кетіп қалды. Жұбайының "Қал" деп жалынғаны да, "Бәрін тасташы, осы күйімізге де шүкір айтып өмір сүрейікші" деген сөзіне де қарамай, ессіз ері есікті сыртынан жапты.
Галстук тағып шіренген Дәурен кеңсе креслосына қарай асығуда. Жақында ол білдей бір фирманың бастығы болмақ. Бір күні жарты жыл жоғалған жарын іздеп қолында уыздай бөпесі бар Сәбира кіріп келді. Баласының түріне қарап елжіреген әке мына өмірдегі ойынын бір сәтке ұмытқандай. Енді есіне түсті, ол бай баласы екен. Оның баласы тұрмақ, әйелі де жоқ қой. Ол бүгін-ертең жылы орынға жайғаспақ. Тез арада Сәбирадан кетуді өтінді. Жалынды, жолына ақша шашты. Сәбираға керегі ол емес еді. Оған өз шаңырағына ие болып, барға қанағат тұтып күн кешетін күйеуі керек болатын. "Кет те, кет" деп әйелімен арпалысып жатқан сәтін көріп қойған "жебеуші" туысы бауырларын жинап алып, кеңесті. Бір пәленің барын сезіп жүрген олар қу баланың ойынын ортасынан үзбек болды.
Арам іске қол былғаған жігіттің жазасын ағалары да емес, өгей әкесі де емес, Алла берді. Ол жол апатына ұшырады.
Соңғы көрініс әлгі екеудің сәтсіз аяқталған ойынынан кейінгі халдері екен. Дәурен қазір көше қаңғыбасы. Ауызын аспанға ашып жүрген кешегі бай баласы бүгін көпке алақан жайған қайыршы. Ермек бәрі үшін оны кінәлайды. Ермектің қазір өз "бизнесі" бар. Жолы болмаған қанішерде қайбір бизнес дейсіз? Менің бизнес дегенім - ол қазір көше қайыршыларының, әсіресе Дәуреннің бар тапқан тиынын өз қалтасына басып жүр. Есірткінің құрсауына түскелі де көп болған жоқ.
Қойылым аяқталар тұста біз айтпақ түгілі, көрсек те сенбейтін жайт болды. Қала көшесінде алақан жайып отарған бейшараға бір кемпір көмектесіп әлек болады. Біз көріп жүрген мына сұрықсыз шаһардың адамдары қайыршыға қамқор болмақ түгілі, аяғымыздан ары жатса, аттап, табанының астында жатса, таптап өтпей ме? Бұл қай қаланың тұрғындары екен?
Бұл көрініс қойылымның осал тұсы деуге аузым бармаса да, әп-әдемі премьераны артқа тартатын сәт дегім келеді. Қақаған аязда жылы орамалын қаңғыбасқа жауып кеткен әжелер көп болса, қайыршы да аз болар ма еді?.. Мейлі, оны қоя берші. Әжені өйтіп-бүйтіп шығарып салдық па дегенде, Дәуреннің жанына мектеп оқушысы келіп жайғасады. Қыстыгүні көшедегі қайыршыны әңгімеге тартқан мына баланың көрінісі жақсы келе жатқан қойылымның арбасын кері тартқандай болды. Режисердің оны қайыршыға жолықтырудағы себебі - бұл жігіт Сәбираның інісі екен. Біраз жыл бұрын әпкесі, Дәурен үшеуі бірге қыдырған көрінеді. Әрең дегенде есіне түсірді. Бүгіндері түрінен түр қалмаған, жап-жас болса да, қартайып, шөгуге айналған қаңғыбастан өз жездесін таныды. Әлдеқашан күйеуін өлдіге санап отырған Сәбираға тосын сый жасамақ болып көше қаңғыбасын қолтықтап сахнадан ары ұзады. Бітті!
Берері көп дүниеден аларымызды алдық. Режисер мен авторға алғысымыз жоқ та емес.
Әншейінде, премьерадан шыққан кезді айтамын, көргенімізді біріміздің аузымыздан біріміз жұлып әкетіп талқыға салушы едік. Бұл жолы өйтпедік. Қайыршысы мен қаңғыбасы көп қала көшелеріне түсіп алып үйге қайттық. Дәл сол кезде алдымнан қайыршы шыға қалса, үстімдегі пальтомды шешіп беруге әзір тұрдым.
Автор: Ақерке Әбілхан
Сурет: vk.com, aynadakiler.com, darknessworld.blogcu.com
А. Әбілхан