Алан Бөрібаев «Абай» операсын «Астана Опера» театрында сахналайды

Алан Бөрібаев «Абай» операсын «Астана Опера» театрында сахналайды

Әлемге әйгілі дирижер, аты аңызға айналған Ахмет Жұбановтың шөбересі Алан Бөрібаев қазақтың өшпес операсы «Абайды» «Астана Опера» театрында сахналайды. Қазақтың өшпес мұрасы 2015 жылдың 1-2 мамырында көпшілікке ұсынылады деп жоспарланып отыр.

«Бұл – ұлы музыка, біздің ата-бабамыз үздік өнер туындысын жасаған және мен оның «Астана Опера» жаңа өнер ордасында сәтті шығатындығына бір сәтке де күмәнданбаймын», - дейді Алан Бөрібаев.

Дирижердің айтуы бойынша, бұл туынды қазақ мәдениетінің төрт бірдей кемеңгер тұлғасының есімдерімен байланысты, олар: ұлы Абай тұлғасы, либреттошы Мұхтар Әуезов және ұлы композиторлар Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамиди.

«Абай» операсы алғаш рет 1944 жылы Алматы қаласында сахналанды. Мұхтар Әуезовтің либреттосына композиторлар музыканы аз уақыт ішінде жазып шыққан. 1958 жылы «Абай» операсына біршама өзгертулер енгізілді, содан бері 2014 жылы операны Алан Бөрібаев сахналағанға дейін қойылымы өзгертілген емес. Сондай-ақ маэстро Бөрібаев 2012 жылы Германияда Оңтүстік Тюрингия Мемлекеттік операсы сахнасында «Абай» операсының еуропалық тұсаукесерін іске асырды, бұл ретте ол шығарманың өз редакциясын жасап, авторлардың төлтума идеяларын қалпына келтірді, партитураны қателіктер мен түзетулерден тазартты. Астанада «Абай» операсы оның орындаушылық редакциясында сахналанатын болады.

«Менің ойымша, Жұбанов пен Хамидидің операсында тұнып жатқан Абай бейнесінің мәнін ашу, музыкалық мұраның мағынасын қайта қарау әрбір ұрпаққа қажет дүние. Біздің әрқайсымыз Абайды өзімізше түсінеміз, әрбіреуіміздің өз Абайымыз бар, біздің көрермендерге көрсеткіміз келетіні де осы», - деп атап өтті Алан Бөрібаев.

Алан Бөрібаев 1979 жылы музыканттар отбасында дүниеге келген. Құрманғазы атындағы ұлттық консерваторияны опералық-симфониялық дирижерлік және скрипка класы бойынша тәмамдады. Кейін өз оқуын Вена музыка және орындаушылық өнер университетінде (ұстазы Урос Лайович) жалғастырды. Загребтегі Ловро фон Матачич атындағы халықаралық дирижерлер конкурсындағы жеңісі дирижерге танымалдылық әкелді. 2001 жылы Тренто қаласында (Италия) Антонио Педротти атындағы халықаралық дирижерлер конкурсының І дәрежелі сыйлығымен және Копенгаген қаласында Н. Малько атындағы халықаралық конкурста «көрнекті дарындылығы» үшін арнайы сыйлықпен марапатталды. 2004-2007 жылдары Астана қаласының симфониялық оркестрінің бас дирижері болып қызмет атқарды, оркестрдің Берлинде сәтті өнер көрсеткенін атап өткен жөн. Осы кезеңде Мейнинген театрының (Германия) музыкалық жетекшісі болды. 2006-2011 ж.ж. – Норрчепинг симфониялық оркестрінің бас дирижері. 2007-2012 ж.ж. Нидерландыдағы Брабант филармониялық оркестрінің бас дирижері. 2010 жылдан бастап Жапония, Осака Japan Century Symphony Orchestra-ның шақырылған Бас дирижері қызметіне бір уақытта кірісіп, Ирландияның Радио және Телевидениесінің ұлттық симфониялық оркестрінің музыкалық жетекшісі болып қызмет атқарып келеді. Атақты оркестрлермен, соның ішінде Ресейдің Үлкен театрымен тұрақты түрде ынтымақтастықта қызмет етеді.

Сурет: dic.academic.ru

Дайындаған: Анар Мұстафина

A. Mustafina