"А. И" - театр ішінен ашылған театр

"А. И" - театр ішінен ашылған театр

Күнделікті күйбеңнен бір сәтке болса да қол үзгісі келген көрермен театрға жанын жайландыратын қойылым іздеп келеді. Актерді, режиссерді, тіпті көрер­менді де қашанда бір театр әлеміндегі жаңалық селт еткізеді, серпілтеді. Сөйтеді де, бүкіл өнерсүйер қауымның арасында біраз уақыт дүрілдеп, дүр­кіреп тұрады. Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры талай дарынды әртістердің ордасы.  Көрерменін сусатпай, көңілінен шығып жүрген қасиетті орда нағыз өнердің тұнып тұрған тұрағына айналған. Оған дәлел – саф таза өнердің дәмін татып өскен әртістердің өз ішінен бөлініп кетпестен, орданың керегесін кеңейтіп, шаңырағын аспандатуы.

Қасиетті  орда қазақ тетатрына  тағы бір жап-жас ұжымды алып келіп, өнердің даңғыл жолына түсірді. Ол – театр ішінен ашылған театр болатын. «А.И» деп аталатын бұл театрдың жетекшісі  - осы уақытқа шейін өзінің керемет әртістік қабілетімен көрерермендер көзайымына айналған, «Ұят болмасын» бағдарламасы арқылы көпшілікке танылған «ибалы келін», мемлекеттік «Дарын» сыйлығының иегері  - Айгүл Иманбаева.            

 

2011 жылы ақпан айында құрылған театрдың ерекшелігі – бұл театр елімізде драмалық бағытта тұңғыш рет ашылып отырған коммерциялық театр. Талантты әртістерден құралған театр ең алғаш ежелгі грек драматургі Еврипидтің «Медея» трагедиясын сахналады. Жуырда осы қойылыммен "Московская огонь" театрлар фестиваліне қатыспақ.  Режиссері – Қуандық Қасымов.

2011 жылдың 31 мамыр айында «Темір қатын» комедиялық қойылымының тұсауын кесті. Өзбек драматургі Шараф Бошбековтың «Темір қатын» қойылымын бұдан бұрын 2009 жылы Өзбекстанның Андижан Мемлекеттік Педагогикалық институтының студенттері сахналаған. Темір қатын рөлін Айгүл Иманбаева, Қошқар әка рөлін Қадырғазы Қуандықов, жас ғалым рөлін Жұлдызбек Жұманбай, ақсақ молда рөлін Әсет Иманғалиев, ал Қошқар әканың әйелінің рөлін Гүлжамал Қазақбаева сомдайды.

Осы жылы «А. И » театры Сұлтан Раевтың «Ханшаның көз жасы» және Жанат Хаджиевтің режиссерлігімен "Махаббат аралы" драмаларын сахналады. Болашақта "Құдалар" атты комедияны сахнаға шығармақ ниетте.

Тұсауын жақында ғана кесіп, "тәй-тәй" басып келе жатқан театр классикалық шығармаларды сахналау арқылы деңгейінің жоғары екендігін дәлелдеп жүр. Театр атты теңізге бастауын бұлақтан алып жаңа бір өзен ағып келеді. Өзгелерге қарағанда, ағысы бөлек бұл театрдың болашағынан күтеріміз көп. 

 

Дайындаған: Ақерке Әбілхан

Суреттер: театрдың жеке мұрағатынан

А. Әбілхан