Астана қаласының "Жастар театры" Алматыда қонақта

Астана қаласының "Жастар театры" Алматыда қонақта

22 сәуір күнінен бастап, Астана қаласының «Жастар» театры Алматыдағы М.Әуезов атындағы қазақ мемлекеттік драма театрында өнер көрсетуді бастады. Дарынды жас әртістер театр шымылдығын «Ғайыптағы махаббат» атты спектаклімен ашты.

Алматыдағы Т. Жүргенов атындағы Өнер академиясының түлектерiнен  кұралған бұл театрдың өнерде өмір сүріп келе жатқанына 5-ақ жылдың көлемі болса да, бірталай асуды бағындырып үлгерді. Жастар театры 2007 жылдың 6 шілдесінде құрылып,  ең алғаш рет «Шыңғысхан» спектаклін сахналаған болатын.

Театр ұжымы өте талантты адамдардан құралған. Олар, театрдың режиссерi Қазақстан Республикасының еңбек сiңiрген қайраткерi Нұрқанат Жақыпбай, көркемдiк жетекшiсi Халық әртiсi Тiлектес Мейрамов және театрдың директоры Жастар сыйлығының лауреаты, танымал актер Ғани Құлжанов және тағы басқалар.

«Жастар» театрының басқа театрлардан ерекшелігі  -  халық жадында сақталған көне жауhарларымызды әлі де жаңғыртып, оны жастарға тез өтімді ету үшін фольклорлы мюзикл жасап, пластикамен көрсетеді. Басқа да театрларда сахналанып келген  «Қозы Көрпеш- Баян сұлу» пьесасына мюзикл жасаған  да осы «Жастар» театры.

Осы уақытқа дейін талай театрларда сахналанған «Кармен» бұл театрдың да репертуарында бар. Бірақ мүлдем өзгеше бағытта қойылады. "Ревизор", "Махаббат миниатюрасы" және т.б қойылымдарды сахналап жүрген театр әртістері жалындаған жастық шабытқа ие. Өмірде болған әр оқиғаны өз көңілдерінің сүзгісінен өткізіп, сахнаның киесін ерекше сезінеді. Олар саханда өмір сүреді. Өйткені олар өнерді сүйеді.

Бір аптаға жуық қонақ болатын бұл театр ұжымының өнерін бағалап, қонақжайлық танытайық. М. Әуезов атындағы мемлекеттік академиялық драма театрында өнерін паш етіп жатқан "Жастар" театры қойылымдарының құрметті көрермені болуға асығайық.

 

Дайындаған: Ақерке Әбілхан

А. Әбілхан