"Біз" студенттер театрының "Әпкесі" шақырады

"Біз" студенттер театрының "Әпкесі" шақырады

Ертең, яғни 6 желтоқсан күні сағат 18.00-де Ө.Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайында Қазақ Ұлттық Университетінің "Біз" студенттер театры жаңа спектакльмен сахнаға шықпақ. Нұрхан Кәдірбаев режисерлік ететін труппа Дулат Исабековтың "Әпке" пьесасын сахналайды. Спектакльдің музыкасын жазған – Лұқпан Жолдасов.

2006 жылы құрылған театр 2007 жылы сәуірдің 4-де "Адаспаңдар!" атты қойылыммен тұсауын кескен болатын. Содан бері тәй-тәй басып "Той", "Кешіріңіз, сізді ажал күтіп тұр!", "Бағдаршам" және "Ол көктем оралмайды", "Миллион раушан гүл" атты қойылымдарды сахналап үлгерді. 2012 жылдың сәуір айында сахналанған "Миллион раушан гүл" мелодрамалық қойылымынан соң театр жақтан жаңа спектакль жайлы хабар келмей жүр еді. Сегіз жасқа жетіп қалған бүлдіршін театр енді классикалық шығармаға "құда түспек". 

Театр құрылғалы жетекшілік етіп келе жатқан дарынды режисер Ғалымжан Сайлаубековтың сүйікті студенттерімен және театрымен қоштасып, қызмет ауыстырғанына да жарты жылға жуықтап қалды. Ол кеткен соң Студенттер клубындағы театр үйірмесін басқаруға актер Нұрхан Кәдірбаев келді. Нұрхан бізге "Шіркін life-2" тележобасының қатысушысы және "Бағдаршам" бағдарламасының жүргізушісі ретінде таныс. 

Осы уақытқа дейін қоржындарын алты қойылыммен толтырған театрдың өз көрермені бар. Актерлік дарыны бар сахнаға жақын студенттердің өздері жазған осы алты туындылары да жастардың көңілдерінен шығып үлгерген. Қойылымдарды өздері жазып, өз ошақтарында пісіріп жастарға ұсыну театрдың дәстүріне айналған еді. Әйткенмен бұл жолы студенттер Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының иегері, жазушы, драматург Дулат Исабековтың «Әпкесін» қатарластарына ұсынуды дұрыс көріпті. 


Сахнада бірінші курс пен төртінші курс арасындағы студенттер өнер көрсетеді. 

Ендеше, құрметті алматылықтар және қала қонақтары, ертең "Біз" студенттер театрының өнерін тамашалаудан құр қалмайық. Айтпақшы, кіру тегін!

Дайындаған: Ақерке Әбілхан

Суреттер театрдың мұрағатынан алынды

А. Әбілхан