- Негізгі бет
- Аударма
- Чаплиннің өз қызына...
Чаплиннің өз қызына жазған хаты
Ата-ананың өз баласына деген махаббатынан асқаны жоқ шығар.
Чарли Чаплин 1965 жылы өзінің 76 жасында бимен әуестеніп жүрген 12 жасар қызы Джеральдинаға хат жазады. Хат көңіл-күй мен сезімге толы. Құпия хаттың бізге де айтары, үйретері бар. Ойландырады.
Джеральдина Чаплин
Бұл нағыз әкенің махаббаты мен қуанышы, сағынышы мен қайғысы, уайымы. «Мен ешқашан періште болған емеспін, бірақ мен әрқашан адам болуға тырыстым. Сен де тырыс» дейді ол. Төмендегі хатты оқыңызшы, ата-анаңыз сізге не айтушы еді, ал сіз балаларыңызға не айтқыңыз келеді?
«Қызым менің!
Қазір түн. Рождество түні. Кішкене ғана қамалымның қарулы әскері ұйқыда. Інің де, сіңлің де ұйықтап қалды. Тіпті анаң да жатып қалды. Жартылай жарық түскен сенің бөлмеңе келерде ұйықтап жатқан балапандарымды оятып ала жаздағанымды қарашы. Менен сонша алыстасың! Бірақ бейнеңді бір сәтке де көз алдымнан тайдырсам, көзім көрмей қалса екен. Сенің портретің жұмыс столыңда... Және менің жүрегімде. Ал өзің қайдасың? Сен ертегі қала – Париждесің, Елисей алаңындағы үлкен сахнада билеп жүрсің. Мұны жақсы білсем де, қадамдарыңның дыбысы, қысқы аспандағы жұлдыздардай жарқыраған көздерің бәрін де біліп, көретіндеймін.
Естимін, мерекелік қойылымда татар ханының қолына түскен парсы сұлуының рөлін сомдап жатқаныңды естимін. Сұлу бол, билей түс. Жұлдыз болып жарқыра! Көрермен алғысы мен қошеметі басыңды айналдыра масайтса бір тыныш жерге барып менің хатымды оқы, жүрегіңнің даусына құлақ сал. Мен сенің әкеңмін, Джеральдина! Мен Чарлимін, Чарли Чаплин! Білесің бе, қанша түнді сенің кереуетіңнің қасында ұйқыдағы ару жайлы ертегіні айтып өткізгенімді, сенің кішкентай ғана кезіңде айдаһар жайлы ертегі ше, білесің бе? Ал менің көзім талып, ұйқы келгенде мен оларға: «Кет! Менің ұйқым. Бұл менің қызымның арманы!» дейтінмін.
Мен сенің арманыңды көре алдым, Джеральдина, болашағыңды, бүгініңді көрдім. Мен билеп тұрған қызды, сол орайда аспанда сырғыған періні көрдім. Ал көрерменнің «Мына қызды көрдіңдер ме? Қылжақбас шалдың қызы ғой, оның аты Чарли» дегендерін естимін. Иә, мен Чарлимын! Иә, мен қылжақбас шалмын! Ал бүгін сенің кезегің. Биле! Мен жыртық-жыртық кең шалбармен биледім. Сен ханшаның жібек киімімен билейсің. Бұл биің мен қошемет сені аспандатып жібермек. Шарықта! Аспанда! Бірақ жерге де түсіп тұр. Сен көшеде тоңып, аштықтан билейтін адамдардың өмірін көруің керек. Мен дәл солар сияқты едім, Джеральдина. Сен ұйықтап қалған сол ғажап түндерде мен қуаныштан жарыла жаздаушы едім. Келбетіңе қарап, жүрегіңнің соғысын естіп отырып өз-өзімнен сұрайтынмын: «Чарли, мына балақай кейін сені таниды деп ойлайсың ба?». Сен мені танымайсың, Джеральдина. Қаншама ертегі айтып берсем де, өзімнің ертегімді айтпаппын. Ол да қызық еді. Ертегі Лондон көшелерінде тоңғаннан әрі аштықтан билейтін әзілқой жігіт туралы еді. Билеген соң қайыр сұрап, нәпақа табатын еді ол. Міне, менің ертегім. Мен аштықтың не екенін, үйсіз болудың не екенін таныдым. Әр тасталған тиын әзілқой жігіттің мұхиттай ар-намысына қатты тиюші еді-ай. Тірімін ғой, қойшы.
Сен туралы сөйлесейікші. Сенің Джеральдина деген атыңнан кейін менің Чаплин деген фамилиям тұрады. Осы фамилиямен 40 жылдан астам уақыт елді күлдірдім. Бірақ олардың күлгенінен менің жылағаным асып түсті. Джеральдина, сенің әлеміңде би мен музыка ғана өмір сүрмейді! Түн жарымында үлкен сахнадан шыққаныңда қалталы көрермендерің туралы ұмытуың мүмкін, бірақ үйіңе апарар такси жүргізушісінің жағдайын сұрауды ұмытпа, оның өмірі қалай екен? Әйелі қалай, егер бала күтіп жүрген болса жол ақысынан бөлек артық ақша бер, бере алғаныңша... Сенің есепшотыңа салған ақшаларым соның ақысы. Ал қалғандарына артық төлеме. Күн өткен сайын автобуспен, метромен жүр, ал кейде қаланы бақылап, жаяу жүруге тырыс. Адамдардың халін байқа, жесір мен жетімдерді көр! Әрбір күні ең болмағанда бір рет өзіңе өзің «Олар да, мен де теңбіз» деп сыбырлайтын бол. Иә, сен олармен теңсің, қызым! Есіңде болсын, өнер адамға аспанда қалықтау үшін қанат берер алдында оны аяқсыз қалдырады. Егер өзіңді көрерменнен жоғарымын деп санасаң, сахнаға жолаушы болма. Кетіп қал. Бағытың Париждың шет аймақтары болсын. Сонда жол тарт. Мен ол жақты жақсы білемін. Ол жақта өзіңнен де асқан сұлуларды, өзіңнен де әдемі билейтін, өте тәкаппар адамдарды көресің. Ол жақта саған ғана түсетін шам жоқ. Ол жақтың негізгі шамы – Ай.
Байқа, жақсылап көріп ал! Сенен де жақсы билей ме екен? Қызым-ау, мойындашы! Әрқашан да сенен жақсы билейтін, сенен жақсы ойнайтын адам табыла кетеді. Есіңде болсын: Чарли әулеті кедей-кепшіктерге ешқашан да ұрысып, артық сөз айтқан емес! Мен өлермін. Бірақ сен өмір сүресің. Әрқашан да сенің кедей болмағаныңды қалаймын. Осы хатпен бірге чек кітапшасын бірге жолдаймын. Қалағаныңды ал. Бірақ әрқашан да екі франк жұмсасаң, үшіншісі саған арналмағанын білші. Үшінші франк мұқтаж жандардың несібесі болсын. Мұқтаж жандарды іздемей-ақ таба аласың. Сен тек қаласаң болды, кедей жандарды көресің. Сенімен ақша туралы сөйлесіп отырмын, оның сұмдық күшін түсінуің керек. Мен циркте көп уақыт болдым. Жіптің үстімен жүретін адамдар үшін қатты уайымдайтын едім. Айтайын дегенім, адамдар қыл-арқанда емес, жұмыр жердің үстінде едәуір көп құлайды. Қайсыбір жиында сенің көзіңе жарқыраған бриллиант түсуі әбден мүмкін. Сол уақытта ол саған қауіпті қыл-арқан болмақ, әрмен қарай құлау. Ал қайсыбір жиында сенің көзіңе әп-әдемі ханзада түсуі мүмкін. Дәл осы кезде сен тәжірибесіз қыл-арқан жүргіншісіне айналасың. Ал тәжірибесіздер әрқашан да құлайды. Жүрегіңді алтын мен басқа да әшекейге сатушы болма. Ең бағалы бриллант – Күн. Бақытқа орай, ол бәріне бірдей шуақ шашады. Ал шын мәнінде махаббат болса ол адамды шын жүрегіңмен сүй. Анаңа да осы туралы айтшы деген едім. Анаң махаббат тақырыбын менен жақсы біледі. Сондықтан бұл туралы шешең айтып берсін. Жұмысың ауыр, білемін.
Сенің денең бір уыс жібек матамен ғана жабылған. Өнер үшін сахнаға жалаңаш шығуға да болады, бірақ сахнадан жалаңаш кетуші болма, барынша таза күйіңде кет.
Мен кәрімін ғой, сөздерім күлкілі шығар. Бірақ, менің ойымша, сенің жалаңаш тәнің жалаңаш жаныңды сүйетін адамға ғана тиесілі болуы керек. Бұл туралы ойың он жыл бұрынғы ескі ой болса, яғни өткен күннің ескірген ойы болса – қорықпа. Бұл сені қартайтып жібермейді. Білемін, әке мен бала әрқашан да қарсы болады. Менімен, менің ойларыммен қарсылас болып, соғыса түс, қызым менің! Мен бәріне көнгіш балаларды ұнатпаймын. Мен мына жазып отырған хатыма көз жасым ағылмайынша бүгінгі түннің ғажайып түн болатынына сене беремін.
Шынында, ғажайып болып, менің айтқым келген ойды түсінсең деймін. Чарли қартайды, Джеральдина. Әйтеуір бір күні әппақ сахна көйлегін менің өліміме келу үшін қара киімге ауыстырасың. Қазір көңіл-күйіңді түсіргім келмейді. Бірақ күн өткен сайын айнаға қарайтын бол, одан менің мінезімді көре аласың. Сенің тамырларыңда менің қаным бар. Мен періште болған емеспін, бірақ әрқашан да адам болуға тырыстым. Сен де тырыс.
Сүйдім сені, Джеральдина. Сенің Чарлиің. Желтоқсан 1965 ж.»
Дайындаған: Ардақ Құлтай
Сурет: psycabi.net
А. Құлтай