- Негізгі бет
- Тұлға
- Бүгін - Мұқағалидың...
Бүгін - Мұқағалидың туған күні емес
Бүгін қазақтың ақиық ақыны, қазақ поэзиясының алатаудай алыбы Мұқағали Мақатаевтың туған күні дейді. Мұқағалиға дейінгі қазақ жазба поэзиясын Абай, Қасым, Мағжан, Мұқағали дәуірі деп бөлсе де, Абайдан кейінгі жазба поэзияның құлашты кеңістігін, тамырлы тәбиғатын, ғажап шыңын даусыз Мұқағали қалыптастырды дегенге ешкім күмән келтірмес.
Мұқағали ақынның өмірге келген күні - осызаман қазақ поэзиясының өмір есігін ашқан күні іспетті. Себебі, одан кейінгі бүкіл алаш баласы жатқа оқитын, бүкіл алаш баласының өмірі мен тағдырына сіңіп кеткен ғұмырлы поэзия әлі туыла қойған жоқ секілді.
Ақынның туған күні - қазақ поэзиясының үлкен мерекесінің біріне айналып үлгерді. Бұл күн жайлы қазақ елі ғана емес, алаш баласының аяғы жеткен жердің бәрінде той. 9-ақпан келерден бұрын бүкіл қазақ даласы әбігерге түседі. Бұл да болса ақиық ақынға деген үлкен құрметтің белгісі екені даусыз.
Жары - Лашынмен бірге
Дегенмен, қазақ поэзиясының ұлы тұлғасының туған күнін шатыстырып жүргеніміз (қанша жерден айтылып, жазылып жүрсе де) - біз үшін үлкен сын емес пе?! Бір әшейін жеке ойымыздың түйткілі, сезімі ретінде айтсақ, Мұқағали ақынның туған күні өз мінезі секілді қаһарлы қыстың соңғы сәтіндей, наурыздың жайма-шуақ күніндей, алда келе жатқан жазғытұрым мен жаздың жылы лебіндей сезіледі. Шынында да ұлы ақынның туған күні наурыз айында екен. Бұл жөнінде ақынның аяулы анасы былай дейді:
“Мұқағалиым 1931 жылы наурыз айының 8-жұлдызында дүниеге келген. Жаңылысуым мүмкін емес. Себебі, балам мынау фәнидің есігін ашқаннан біраз уақыт кейін Наурыз тойы болады”. (“Мұқағали наурыз айында туған” атты сұхбаттан)
Ал белгілі ақын, Мұқағали өлеңдерінің төрт томдығын құрастырған Оразақын Асқарұлы “Құжат бойынша Мұқағали 9 ақпанда дүниеге келген. Бұл куәлікті ақын ес білген кезде сол кездегі сайлау науқанына байланысты өзі жаздырып алған” дейді.
Ақынның жары Лашын апамыз Ерсайын Нарымбаевпен болған сұхбатында “Мұқағалидың анасы ұлын Наурыз мейрамынан бір жеті бұрын туған дейді (ескіше жыл санауы бойынша есептесек 1931 жылдың алғашқы наурыз күні осы күнге тиянақтайтын секілді). Өзі де наурызда тудым дейтін. Бірақ, құжатта ақпан айы деп кеткен. Өлеңінде де айтады ғой, наурызда тудым деп” дейді. Міне, Мұқағали ғалымдар зерттеп, тарихшылар сараптайтындай сонау өткен ғасырларда емес, күні кеше ғана өткен жиырмасыншы ғасырда туылды емес пе?! Бұл жайлы басқа емес, ақынның туған анасы, сүйікті жары айтып, өз өлеңі айғақтап тұр. Демек, біздің ұлы ақынның туған күнін көзіміз жете тұра 9 ақпанда тойлайтынымызға не жорық?...
Алдағы 8 наурыз аналар мерекесімен қоса Мұқағали Мақатаевтың туған күнін бірге тойлайтын боламыз. Және Мұқағали ақынның аяулы аналар жайындағы және махаббат жырларын ұсынамыз.
Автор: Алшын Матай
Қ. Қауымбек