- Негізгі бет
- Тұлға
- Қарлығаш Ілияс келіні:...
Қарлығаш Ілияс келіні: "Келер жылы атамыздың мерейтойын абыроймен атқарғымыз келеді"
Елінің келешегі үшін жанын пида еткен қазақ халқының арыстай азаматы Ілияс Жансүгіровтың (1894-1938) шығармаларын бүгінгі тәуелсіз елдің ұландары оқып, өнегелі өмірінен хабар болып жүр. Алайда, Ілиястай азаматтың еңбектері түгілі, өзінің атын атаудан үркіген заман болғаны баршамызға аян. Араға уақыт салып, қазақтың бірқатар тұлғаларымен бірге Ілияс Жансүгіров те ақталып, оның тың шығармалары тарала бастады. Қазақ елі егемендік алғаннан кейін ақын есімімен көше, мектеп, университет, қала аталды. Бүгінде оның ұрпақтары ақын еңбектерінің кеңінен таралуына ат салысып жүр. Ал оның келіні Қарлығаш апа ақын қара шаңырағының отын сөндірмей, түтінінің түзу шығуына ықпал етіп отырған абзал жан. Сәті түсіп, Қарлығаш Ілияс келінімен дидарласқан едік.
Қарлығаш апа, әңгімемізді Ілияс атамыздың туып-өскен жері, шығармашылығынан бастасақ
Ілияс аталарың қазіргі Алматы облысы, Ақсу ауданында 1984 жылдың 5 мамырында дүниеге келген екен. Бала кезінде алғыр, зерек болып, әкесінен, кейін ауыл молдаларынан білім алып, сауат ашқан. Мектеп бітірген соң, Ташкентке барып, екі жылдық мұғалімдік курсын тәмамдайды. Оқыдан кейін ауылына келіп, еңбек жолын ұстаздық қызметтен бастайды. Кейін «Тілші» газетіне тілші болып орналасады. Арасында өзінің шығармашылығына ден қойып, өлең-поэмалар жазып, аудармамен айналысады. Өкінішке орай, атамыз жалған саяси айыптың құрбаны болғанда оның біраз еңбектері жоғалып кетті. Бүгінгі күнге жеткен еңбектері ақталған соң ғана елге белгілі бола бастады.
Сіздің үйдің табалдырығын аттағаным мұң екен, көздерім мынадай алып кітапханаға түсті. Оның ішінде Ілияс атамыздың кітаптарының орны бөлек екені көрініп тұр
Иә, кітапханамыз өте бай. Бұл бергі жағы ғана, қалған кітаптарымызды сандыққа салып, басқа жаққа апарып тастадық. Себебі, қоятын жер жоқ (күлді). Ал атамыздың кітаптарына аса жауапкершілікпен, ұқыптылықпен қараймыз. Өкінішке орай, біраз кітаптарымыз жоғалып кетті. Бұл сөрелерде атамның өзі жазған және басқа тілге аударылған еңбектері топтастырылған.
Сөз зергері Ілияс атамыздың жеке өмірінің қандай болғанын, бүгінде оның ұрпақтарының бар екенін біреуі білсе, біреуі білмейді. Атамыздың жанұясы туралы айтсаңыз
Атамыз Фатима (1903-1968) есімді татар қызға үйленген. Фатима апамыз өте әдемі, байсалды, ақылды әйел болған. Ақынның жары болу оңай дүние емес. Әсіресе, сол кезде тым қиын болды. Әр кез басшылық назарында болды. Ілияс атамыз бен Фатима анамыздың Үміт, Ильфа есімді қыздары мен Болат (1937-2004) есімді ұлы туылды. Фатима апамыз балаларға кесір болмас үшін, оларға өз тегін берген. Содан олар Ғабитов болып кеткен. Кейін атамыз ақталған соң, олар әкелерінің тегін қайта алды. Ілияс атамыздың алғашқы некесінен туылған ұлы Саяттың бүгінде көзі тірі. Мен кенже ұлы Болаттың жарымын.
Ал Фатима апа өзге де зиялылардың жұбайларымен араласып, қарым-қатынас орнатқан ба еді?
Әрине. Олардың барлығы тағдырлас болды. Барлығының күйеулері тұтқындалып кеткен соң, олар бір-бірімен жақсы араласып, қолдап, демеп отырған. Тіпті, менің жұбайым Болатты Бейімбет Майлиннің жары Гүлжамал апа босандырып алған екен. Фатима апа мен Гүлжамал апа Ішкі істер бойынша Ұлттық Комиссариат (НКВД) мекемесіне барған көрінеді. Сол кезде Фатима апа өзін нашар сезініп, толғата бастайды. Осы кезде Гүлжамал апа оған босандыруға көмектеседі. Жас туған шарананың кіндігін өзі кесіп, күртешесіне орап алады. Содан ат-арбаға мініп, Фатима апа мен жаңа туған шақалақты перзентханаға жеткізіп салады. Гүлжамал апаның өмірі тым қиын болды. Үш баласын балалар үйіне алып кетті, оларды да тағдыр аямады. Ал Фатима апа болса, бар қиындыққа төтеп беріп, өз балаларын балалар үйіне тапсырмай, өзі тәрбиелеп, өсірді. Ілияс атамыздың алғашқы некесінен туған Саятты да іздеп тауып, бауырына басты. Барлық балаларына жоғары білім берді. Ал ең бастысы, ол Ілияс атамыздың еңбектері мен жеке мұрағатын сақтап, келер ұрпаққа аманат етіп кетті.
Менің білуімше, Болат Ғабитов-Жансүгіров атамыз әкесін мүлдем көрмеген
Иә, солай десе болады. Себебі, әке мен бала бір рет қана жүздескен. Оның өзінде Болат үш айлық сәби еді. Анасы Фатима баланы жаялыққа орап алып, атамызбен кездесуге барады. Бұл алғашқы әрі соңғы кездесу болады. Содан кейін атамыз ату жазасына кесіліп, ортақ бейітте жерленеді. Ал Болат болса біраз уақытқа дейін анасының тегін арқалап, әкесі жайлы аса біле бермеген. Кейін ғана бар шындықты біледі. Ер жетіп, ҚазМУ-дің геология география факультетіне оқуға тсүеді. Алайда, ол әке жолын қуып, қалам тербеткен соң, техникалық мамандықтан кейін Мәскеуге оқуға кетеді. Горький атындағы әдебиет институтында оқып, дипломдық жұмысының алғашқы бөлімінде әкесінің «Жолдастар» атты әңгімесін қарастырады. Бұл әңгімені өзі қазақ тілінен орыс тіліне аударған. Аталған екі оқу орнында Олжас Сүлейменов пен Бейімбет Майлиннің ұлымен бірге оқиды. Оқуы аяқталған соң, елге келіп, орталық телевиденияға қызметке орналасады. Ел есінде Болат белгілі кинодраматург болып қалды.
Меніңше, Болат атамыз әкесіне қатты ұқсайды
Өте қатты ұқсайды. Мына екі портретке қарасаң, құдды бір адам бейнеленгендей. Болат аталарың әкесін мақтан тұтатын. Оның еңбектерінің жоғалып кетпеуін, есімінің назардан тыс қалмауын қадағалайтын. Қазіргі Жансүгіров өлкесінде атамыздың атындағы мұражай бар. Болат аталарыңның көзі тірісінде біз жыл сайын сол мұражайға баратын едік. Әр барған сайын Болат аталарың мұражайға атамыздың жеке дүниелерін тапсырып кететін. Қазір өкінішке орай, ол жақта ат басын көп бұра бермейміз.
Ал өзіңізде мұражайға табысталмаған атамыздың дүниелері бар ма?
Әлбетте, бар. Атамыздың жазған хаттары, жеке есеп кітапшасы, т.б. Барлығын сақтап отырмын. Жақында мұражайға атамыздың жазу үстелін өткіздік. Қызым Лейла мемлекеттік мұрағатқа да біраз құжаттарды тапсырған. Ал қалғанын ешкімге бермей, өзімізде сақтауды жөн санадық.
Қарлығаш апа, бүгінде Ілияс атамыздың мұраларын сары майдай сақтап, ақын шаңырағының отын сөндірмей отырған жансыз. 2014 жылы Ілияс атамыздың 120 жылдық мерейтойы келе жатыр. Осы мерейтойға дайындық жұмыстары басталды ма?
Қазір, шүкір, атамыздың есімі көшеге, мектепке, өлкеге, университетке берілді. Еңбектері мемлекеттік тапсырыспен бірнеше том болып шықты. Амандық болса, келер жылы атамыздың мерейтойын абыроймен атқарғымыз келеді.
Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан және суретке түсірген: Ғазиза Ұзақ
Ғ. Ұзақ