Тұңғышбай туған күн

Тұңғышбай туған күн

Бүгін қазақ мәдениетінде үлкен мереке! Өйткені дәл осы күні қазақ киносы мен театрының көшінде жүрген актер ағамыз Тұңғышбай Жаманқұлов дүниеге келді.

Жаманқұлов Тұңғышбай Қадырұлы, Әл-Тарази 1948 жылы 2 қазанда Жамбыл облысы, Байзақ ауданы, Абай аулында дүниеге келген. Ол актер, режиссер, Қазақстанның халық әртісі, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, профессор. 1973 жылы Алматы өнер институтының (қазіргі Қазақ ұлттық өнер академиясы) актерлік факультетін бітірген. Актерлік өнер жолын студенттік кезінен Қазақ драма театрында бастады. 1993 — 2001 жылдары осы театрдың директоры әрі көркемдік кеңестің төрағасы болды. Жаманқұлов Қазақ драма театры сахнасында бағын сынап, дарынды актер екендігін танытты. Ол —  “Тамаша” концерттік ұжымының алғашқы ұйымдастырушылардың бірі. 1979 жылдан Қазақ ұлттық өнер академиясында актерлік шеберлік бойынша сабақ беріп, жеке курс жүргізеді.

Тұңғышбай аға түскен кинофильмдер:

1974 жылы – «Дала дауысы»

1976 жылы – «Фердинанд Люстің өмірі мен өлімі»

1978 жылы – «Қан мен тер»

1980 жылы – «Жаушы»

1980 жылы – «Мүмкін емес балалар»

1981 жылы – «Ешбір себепсіз»

1981 жылы – «Ақырғы өткел»

1982 жылы – «Қауын»

1982 жылы – «Қаралы сұлу»

1983 жылы – «Оның домбырасының әсем сыңғыры»

1983 жылы – «Күзгі ирелең жол»

1985 жылы – «Қақтығыс»

1985 жылы – «Менің әпкем Люся»

1986 жылы – «Жотадан өтерде»

1986 жылы – «Жәбірленушілерде шағым жоқ»

1987 жылы – «Түкпірден келген күйеу» 

1987 жылы – «Сұлу Айсұлу туралы ертегі»

1987 жылы – «Қар жолбарысы»

1989 жылы – «Үлкен соғыстағы кішкентай адам»

1991 жылы – «Отырардың күйреуі»

1991 жылы – «Апиын»

1993 жылы – «Әбілхайыр хан»

1993 жылы – «О, тағдыр, бақытсыз балалар»

1994 жылы – «Намыс»

1995 жылы – «Абай»

1997 жылы – «Сағыныш»

2003 жылы- «Сардар (Қазақстан, Қытай)»

2006 жылы – «Көшпенділер»

2008 жылы – «Александр. Невск соғысы»

2009 жылы – «Адасқандар»

2010 жылы – «Мүмкін емес махаббат»

Тұңғышбай аға жары Дария Жүсіппен

Бүгінде қазақ өнерінің ақсақалы болып жүрген алып тұлғалардың ізін жалғап келе жатқан атақты да, дарынды актер ешқашан да өнерден өзін бөліп-жарған емес. Оның наны да - өнер, жаны да - өнер. Қазақтың киносы мен театрында өзінің білікті актер екенін көрсетіп, сахна саңлағына айналып та үлгерді. "Анда-санда сөнетіндей боп тұрады" деп өнер адамдарының өмірін әнмен шырқап жүрген ағамыз сахнаның киесіне бас ұрады. Қазақ десе, "Міне" деп көрсетуге лайықты дарынды актер Тұңғышбай Жаманқұлов болса, "Қазақ киносы қайда?" дегенге Тұңғышбай түскен киноларды ұсына аламыз. Ол рөл ойнамайды, сол кейіпкермен астасып өмір сүреді. Ол сөз жаттамайды, кейіпкер айтпақ сөзді жүрегімен жаңғыртып айтады. Соны көрермен құлағына ғана емес, көңіліне жеткізеді. Жүректен шыққан рөлдің жүрекке жетпеуі де мүмкін емес. Осындай дарын иесіне айналған өнерлі адам қазақ тарихында қалмаса, сенбес еді мына жұрт. 

Алпыс төрттің төріне жайғасқан Тұңғышбай ағаға Массагет.кз төл өнерімізді дамытудағы ерен еңбегі үшін бақытты да, баянды ғұмыр тілейді!

Дайындаған: Ақерке Әбілхан

Суреттер: kinokopilka.tv, kino-teatr.ru,kazpravda.kz

А. Әбілхан