Терминатор атышулы автобиографиялық мемуар жазып шықты

Терминатор атышулы автобиографиялық мемуар жазып шықты

«Голливуд гроссмейстері», 70, 80, 90-жылдардың ең жарық жұлдызы Арнольд Шварценеггер өз өмірінен естелік жазып шықты. Естелік АҚШ-та 1 қазаннан бастап сатылымға түсетінін The Daily Telegraph хабарлайды.

Бұрынғы губернатор «Бәрін де еске алу» автобиографиялық мемуарында тіпті өз әйелінен құпияда сақтап келген сырын ашты. «Менің адам сенгісіз өмірім жайлы ақиқат» деп басталатын еңбегінде оның сан қырлы өмір кезеңдері толықтай айтылған екен. Актер арманына қалай қол жеткізгені және саясаттағы рөлі туралы әңгімені былай қойғанда, оның өз үй жұмысшысымен қандай байланыста болғаны туралы баяны бар әлемді дүрліктірді. Некесіз туған баланың жай-күйі туралы үлкен құпиясы да аталған автобиографиялық мемуарында әйгіленген. Киножұлдыздың зайыбы Мария Шрайвер бұған дейін сұмдықтың бетін ашпақ болғанда да нақты жауап болмаған екен. Кейіннен белгілі болғандай, Шварценнегер психотерапевт алдында ар-намысты шеткері қойып, бәрін де жария еткен.  

Естеріңізге сала кетсек, жұлдызды жұп дәл сол кезде, яғни 2011 жылы ажырасу туралы мәлімдеме жасаған болатын. 25 жыл бойы тонның ішкі бауындай тату өмір сүрген жұптың артында төрт бала қалды. Темірді теуіп үзетін Терминатор әйелінің алдында кешірім сұраған. Алайда,  Шрайвер ханым әлі де ашу үстінде көрінеді.

Ақиқатыңызға алғыс, Арни мырза, мемуарыңыз құтты болсын дейміз.

Дайындаған: Ардақ ҚҰЛТАЙ

сурет: dni.ru 

А. Құлтай