- Негізгі бет
- Тұлға
- «Алдаспан» тобы үш...
«Алдаспан» тобы үш күйтабақтың тұсауын кеседі
Өнер көгіне жаңадан қанат қағып, саз әлеміне электро домбыраны әкелген «Алдаспан» тобы өз тыңдармандарын жаңа туындыларымен қуантып, үш бірдей күйтабақтың тұсауын кеспекші.
«Алдаспан» тобы өткен жылы «Аттила» атты алғашқы күйтабағын жарыққа шығарған болатын. Биыл топ ҚР Тұңғыш Президент қорынан күйтабақ шығаруға қажетті грантты иеленіп, жаз мезгілінде «Төкпе Light», «Ұлы көш» және «Елге қайт» күйтабақтарын жазды. Үш күйтабақтың тұсаукесер рәсімін топ ұжымы қыркүйек айының 14-жұлдызында Тұңғыш Президент Қорының концерттік залында өткізбекші.
Жарыққа шыққалы отырған үш күйтабақ әр жанрда жазылған. Күйтабақ аттары оған енген шығармалардың мән-мағынасы қарай қойылған. «Төкпе Light» күйтабағында қазақтың төкпе күйлері жинақталған. Күйтабақ рок жанрында жазылған. «Ұлы көш» күйтабағы рок және металл жанрында жазылып, күйтабаққа «Белес» халық әні мен топ мүшесі, жас сазгер Шамшаддин Омаров шығармалары топтастырылған. «Елге қайт» күйтабағы батыстың блюзіне жақын келеді. Күйтабаққа енген шығармалар электро домбырамен қатар, синтезатор және африкалық ұрмалы аспаптарда (конго-конго, бонго-бонго) орындалған. Сондай-ақ, рейн және фингер стиктері қолданылған.
«Алдаспан» тобының продюсері әрі мүшесі Нұржан Тойшының айтуы бойынша, жаңа күйтабақ қазақ, орыс және ағылшын тілдерін біріктірер ауқымды музыкалық жоба болып табылады. «Біздің топтың басты мақсаты – электро домбыра арқылы қазақ халықының этно музыкасын дәріптеу, оны әлемдік деңгейге шығару» - дейді топ жетекшісі.
Қазіргі таңда «Алдаспан» бір жыл аясында төрт бірдей күйтабақты жарыққа шығарған бірегей топ. Сондай-ақ, топ американдық рок чартта екінші орынға көтеріліп, үздіктердің қатарынан көрінді.
Жаңа күйтабақтарының тұсаукесу кешінде топ мүшелері тыңдармандар назарына күйтабаққа енген шығармаларды ұсынып, үш бірдей күйтабақты сыйға тартады.
Дайындаған: Ғазиза Ұзақ
Суреттер «Алдаспан» тобының жеке мұрағатынан алынған
Ғ. Ұзақ