Бүгін – Никулиннің өмірден өткен күні

Бүгін – Никулиннің өмірден өткен күні

Бүгін, яғни 21 тамыз әйгілі циркші, киноактер және КСРО-ның еңбек сіңірген әртісі Юрий Никулиннің өмірден өткеніне 15 жыл.

Юрий Владимирович Никулин 1921 жылы 18 желтоқсанда Самолинск облысы Демидов қаласында жергілікті театр әртістері Владимир мен Лидия Никулиндердің отбасында дүниеге келген. 1925 жылы төрт жасар болашақ актер әкесінің шығармашылығына байланысты ата-анасымен Мәскеуге қоныс аударады. Ел астанасында Владимир Никулин «Известия» және «Гудок» сынды басылымдарда жұмыс жасайтын.

Мектепте оқып жүргенде оқушы Юрий мектепшілік драмалық үйірмелерге әуес бола бастайды. Осы әуестігін балаларды көркемөнерге баулу үйірмесінде жалғастырады.

1939 жылы мектептегі білімді тәмамдаған ол әскерге шақырылады. Атақты актер екі соғысты да басынын өткізеді: 1939-1940 ж.ж. Фин соғысы және 1941-1945 ж.ж. Ұлы Отан соғысы. 1946 жылы оған аға сержант шені беріледі. 1949 жылы Мәскеу мемлекеттік цирктің клоунада студиясын аяқтап шығады. 1940 жылдан бастап осы оқу орнында Михаил Румянцевтың жетекшілігімен клоундар тобында өнер көрсете бастайды. 1950 жылы Юрий Никулин Михаил Шуйдинмен және басқа да клоундармен бірге аренаға шыға бастап, көрерменнің жылы ықыласына ие болды.

Өзінің ұзақ ғұмырында Юрий Никулин репризалар мен сықаққа толы қойылымдарды өмірге әкеліп, аса танымалдылыққа ие болды.

Өнеріне шүбә келтірмеген жандар оның басқа қырын ашпақ болып, киноға шақырды. Өмірінің соңына дейін ол 40-тан аса кинофильмдерде комедиялық рөлдерді де, драмалық рөлдерді де ойнады. Оның кинодағы алғашқы қадамы – «Гитаралы қыз» атты комедиялық кинофильм еді. Кино 1958 жылы түсірілген. Карьера жолындағы оның баспалдақ-ғұмыры ары қарай өрлей берді. 1961 жылы ғана ол нағыз киноактер болып қалыптасты. Никулин сол жылдары Леонид Гайдайдың «Барбос және ерекше кросс» кинофильмінде ойнады. Сонымен қатар, ары қарай ол «Ағаштар үлкен болғанда» деген кинокартинада да рөл сомдап, нағыз драмалық кейіпкерді ашып көрсете алды.

Юрий комедиялық рөлді драмалық рөлмен оңай алмастырып отырды. Екі түрлі образ оған ешқашан да кедергі жасаған емес. Ол 1965 жылы Леонид Гайдайдың «Ы» операциясы немесе Шуриктің басқа да оқиғалары» атты комедиялық кинофильмінде сәтті ойнап шықты. Қазір бұл картина көгілдір экранға шыға қалса, бүкіл жұртшылық сүйіп көретініне шүбәміз жоқ. 1967 жылы «Кавказдық тұтқын қыз немесе Шуриктің жаңа оқиғалары» кинокартинасында ойнады. 1969 жылы Гайдайдың  «Гауһар қол» фильмінде басты рөлді сомдап көрерменнің көңілінен шықты. 1971 жылы жарыққа шыққан Эльдар Рязановтың «Қарақшы қарттар» деген кинокартинасында да сәтті ойын көрсетті. Оны шығармашылықта табысқа жеткізген рөлі – 1966 жылы түсірілген Андрей Тарковскийдің «Андрей Рублев» киносындағы рөлі еді. Одан 1976 жылы «Соғыссыз өткен жиырма күн» фильмінде бой көрсетті.

Содан кейінгі жылдарда ол цирк саласында айтарлықтай көп еңбек сіңірді.

1993 жылы Никулин ОРТ телеканалындағы «Ақ тотықұс» телебағдарламасының әрі авторы, әрі жүргізушісі болып қызмет жасады.

1996 жылы алғаш рет «Цирк және рақымшылдық» деген атаумен қайырымдылық қорын құрды.

1973 жылы КСРО-ның еңбек сіңірген әртісі атағын, 1990 жылы Социалистік Еңбек Ері атағын алып, 1980 және 1990 жылдары екі рет Ленин орденін еншіледі. 1985 жылы Отан соғысының Екінші дәрежелі орденіне ие болды. 1996 жылы Үшінші дәрежелі «Отанға көрсеткен қызметі үшін» деген мадақтамамен марапатталды.

Өзінің 75 жылдық мерейтойын өткізген соң, 1996 жылы желтоқсан айында Мәкеу циркіне Юрий Никулиннің аты берілді. Сонымен қатар, 2001 жылы № 15 цирк мектеп-интернаты мен 2002 жылы жолаушы теплоходы Никулиннің атымен аталды.

1997 жылдың шілде айында актердің жүрегі ауыра бастады. 5 шілде күні оған ота жасалып, 21 тамыз күні көз жұмды.

Оған арналып Ресейде үш ескерткіш бой көтерді.

Актердің туған жеріндегі ескерткіші

Олардың ішіндегі ең атақтысы – Мәскеуде өзінің атындағы цирктің алдында орналасқан.

Ол кино мен цирктің салмағын көтеріп, комедиялық рөлдер мен драмалық рөлдерді ойнауда аса шеберлік танытып, көрермен көңілінде ғұмырлық естелік болып қалып қойды. Бұл халықтың сүйікті кейіпкерінен айрылып қалғанына да 15 жылдың жүзі болып қалыпты...

Дайындаған: Ақерке Әбілхан

Суреттер: ruskino.ru,vk.com

 

А. Әбілхан