"Жаңа Толқында" ел абыройын “The Jigits” бойз-бенді қорғайды

"Жаңа Толқында" ел абыройын “The Jigits” бойз-бенді қорғайды

Ертең Балтық елінде жыл сайын өткізілетін «Жаңа толқын - 2012» халықаралық ән байқауы басталады. Шілде айының 24-29 аралығында өтетін байқауда Қазақстан елінің абыройын “The Jigits” бойз-бенді қорғайтын болады.

Үш жігіттен құралған бойз-бенд қалың көпшілікке «Матезалка бойз» есімімен кеңінен таныс. Бұл атаумен жігіттер байқаудың іріктеу турларында өнер көрсетіп, ақтық сынға жолдама алды. Кейін топ атауы «Be-Do-In» деп өзгертілді. Алайда, өткен аптада жігіттер Юрмалаға жолға шықпас бұрын байқауда “The Jigits” деген атаумен өнер көрсетуді жөн санаған екен. Бойз-бенд мүшелерінің айтуы бойынша, топтың үшінші мәрте атауын өзгертуіне «Be-Do-In» сөзін еуропалық өнерсүйер қауымның айта алмауы түрткі болған.

Бір қызығы, Мәскеу қаласында өткен байқаудың іріктеу кезеңіне Әлішер мен Равиль дуэт болып, ал Батыржан жеке орындаушы болып қатысқан. Бірақ, байқауда топтың музыкалық продюсерлері Ренат Гайсин мен Байғали Серкебаев жігіттерді біріктіріп, олардың трио болып өнер көрсеткені абзал болады деп шешкен.

Отандық «Жұлдыздар фабрикасы» музыкалық жобасының қатысушылары Әлішер Егембердиев, Батыржан Тазабеков және Равиль Исаковтан құралған “The Jigits” тобы Армения, Литва, Латвия, Украина, Ресей, Қырғызстан, Беларусь, Нигерия, Финляндия, Италия, Израиль, Қытай, Мексика елдерінен келген өнерпаздармен бақ сынасады. Жігіттердің айтуы бойынша, олар іріктеу кезеңінде өзге елдің өнерпаздарымен жақынырақ танысып, осы күнге дейін әлеуметтік желілер арқылы тілдесіп, хабарласып тұрған.

Үш күнге созылатын байқаудың шарты бойынша алғашқы күн «Әлемнің үздік әндері», екінші күн «Отандық танымал ән», үшінші күн «Байқауға арнайы жазылған жаңа ән» деген атпен өтетін болады. “The Jigits” бойз-бенді алғашқы күні атақты «Earth, Wind & Fire» тобының September әнін, екінші күні A’Studio тобының «Улетаю» әнін, үшінші күні “Ничего не вечно” әнін шырқайтын болады.

Ел абыройын халықаралық байқауда қорғайтын жігіттерге намысты қолдан бермей, жүлделі орындарды иеленуіне тілекшіміз. Алға, “The Jigits”!

Дайындаған: Ғазиза Ұзақ

Суреттер: mixnews.ru, svlkmuusika.blogspot.com


Ғ. Ұзақ