Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының алғашқы түлегі 85 жасқа толды

Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының алғашқы түлегі 85 жасқа толды

ҚР өнер қайраткері, домбыраның құлағында ойнайтын шебер орындаушы, ардақты ұстаз Сәнен Сәмиғұллақызын «Алматы әуендері» концерттік бірлестігінің директоры Бағдат Тілегенов, «Сазген сазы» фольклорлық-этнографиялық ансамбльдің дирижері Ықылас Нұрғалиев, Алматы қаласы Әуезов аудандық мәдениет бөлімінің басшысы Мирас Нысанәлиев пен шәкірттері арнайы құттықтап, үйіне барды.

Сәнен Әжиева әңгімесін бастамас бұрын, келген қонақтарға алдымен домбырада күй тартып берді. Қолынан домбырасын ешқашан тастамаған Сәнен апа Роза Бағланова, Жүсіпбек Елебеков, Шара Жиенқұловалармен бірге жүріп, домбырашы ретінде сахнаға шыққан. Мәскеудегі Қазақстан мәдениетінің онкүндігіне (1949) Қазақстан делегациясының құрамымен бірге барып қайтқан. Сол күндерден естелік айтып берген Сәнен Сәмиғұллақызы «Мәскеуде «Сарыарқа» күйін естіген жұрт күйдің авторы тірі ме?» деп сұрағанын күліп есіне алды.

Сәнен апаның бойына домбыра тарту өнері әкесі Сәмиғұлла Андарбаевтан дарыған екен. Домбырашылар отбасынан шыққандықтан Сәнен Сәмиғұллақызының өнерге баруына еш қарсылық болмаған. Небәрі 16 жасында Құрманғазы атындағы ұлт аспаптары оркестріне жұмысқа қабылданады. Сонымен қатар, ұйымдастырушылық қабілеті де ерте байқалған. 25 жасында Шымкент музыка училищесін құрып, оны 26 жыл басқарған.

«Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» деген халық даналығы. Сәнен Сәмиғұллақызының шәкірттері кіл таланттылар. Олар Сейдолла Бәйтереков, Лаки Кесоглу, Жалғасбек Бегендіков, Нұрлан Байгөзов, Нұржамал Үсенбаевалар. Тіпті оның шәкірттері тек Қазақстанда емес, өзге елдерде де бар. Грекиядағы шәкірттері Сәнен апаны «біздің өнердегі анамыз» деп атайды екен. Ал «Сазген сазы» ансамблінің дирижері Ықылас Нұрғалиев: «Мен Сәнен ападан Түркменстаннан арнайы келіп, дәріс алдым. Мен келген соң артымнан өзге туыстарым да келіп, осы училищеде білім алды. Түркменстаннан, Өзбекстаннан, Қарақалпақстаннан жастар ағылып келіп жатты. Апамыз басқарған Шымкент музыкалық училищесі республикада атақты оқу орны боп есептеледі. Себебі, бұл жерге әр жерден, тіпті шетелдерден шақыртылған білікті мамандар сабақ берді», - дейді.

Қазақ өнері туралы әңгіме барысында Сәнен апа бүгінгі қазақ эстрадасына қатысты пікірін білдірді: «Бұрын көркемдік кеңес деген болушы еді. Қазір ол жоқ. Сахна деген киелі ғой. Қазір көпшілік әнші сахнаны сыйлаудан қалып барады. Не болса соны ән ғып айтады, қалай болса, солай киініп шығады. Сахна деген тәрбие құралы болуы керек», - дейді ардақты ұстаз.

Алматы қаласы Әуезов ауданы әкімдігінің атынан келген Мәдениет бөлімінің бастығы Мирас Нысанәлиев Сәнен Әжиеваға алғыс хат тапсырды. Өзін арнайы құттықтап келгендерге Сәнен апа алғысын білдіріп, ақ батасын берді.

Дайындаған: Қарлыға Бүйенбай

Сурет авторы: Сәрсенбек Қызайбекұлы

Қ. Бүйенбай