Шәкәрім қаламы қос ғашықты көркем әдебиетте қайта өмірге әкелуімен де қасиетті

Шәкәрім қаламы қос ғашықты көркем әдебиетте қайта өмірге әкелуімен де қасиетті

Шәкәрім Құдайбердіұлы – Абай әлемінің, ғасырлар бойы қазақ халқының жадында сақталған мол рухани мұраның, Шығыс әдебиетінің, орыс көркемсөзі мен әлем ойшылдарының барша құндылықтарын өз бойына жиған ғұлама данышпан кісі.

Шәкәрім мұрасы – аса бай мұра. Әдебиеттің барлық жанрына қалам тартып, тереңдік, кеңдік, биіктіктің шыңына шыққан қалам иесі.

Бүгін Шәкәрім Құдайбердіұлының туған күні. Ақынның туған өлкесі Семей Шыңғыстау өңірінде бұл атаулы күнді шілде айының 11-іне тура келеді деп те айтылады.

Шәкәрімнің шығармашылық тамырластығы өте терең ұстазы – Абай. XIX ғасырдағы Абай негізін қалаған жазба әдебиеттің, соның ішінде реалистік жазу үлгісінің дамуына зор үлес қосқан ақындардың бірі – Шәкәрім. Абай ықпалымен Шәкәрім қаламынан "Қалқаман-Мамыр", "Еңлік-Кебек" сынды қазақ ауыз әдебиетінің жауһарлары қайта туып, өзгеше қырынан танылған.

Шәкәрімнің "Еңлік-Кебек" дастаны тікелей Абайдың тапсыруымен жазылған. Ұлы ұстаз Еңлік пен Кебек арасындағы оқиғаны өлеңмен жырлап шығуды Шәкәрім мен Мағауия ақынға қатар тапсырады. Соның нәтижесінде ғашықтық туралы екі дастан өмірге келеді. Кeзінде Абай екі дастанды салыстырып, әрқайсысына лайықты баға берген.

Әуезов қаламымен дастанның арқауымен осы аттас трагедия жазылған. 1917 жылы мамыр айында Ералы жазығындағы Ойқұдық жайлауында Абайдың аяулы жары Әйгерімнің отауында осы "Еңлік-Кебек" пьесасы қойылған болатын. Жиырма жастағы Мұхтар қойылымға қатысатын артистерді де өзі тауып, пьесаның қоюшы режиссері де, суфлері де өзі болған.

Дастанға жазған аз ғана алғысөз іспеттес түсіндірмесінде Шәкәрім: " Бұл әңгіме - 1780 жылы шамасында осы Шыңғыс тауында Матай мен Тобықты арасында болған іс. Шариғатта әкесінің атастырғаны жас қызға неке есепті десе де, өзге дүниелік пайдасын ойламай, жалғыз ғана қызының қамын ойлап берер дегені. Әйтпесе «жас баланы сатып, пайдаланып, кем-кетікке беріп обалына қал» демейді. Мен соны ойлап, Еңлік-Кебекті соншалық жазалы демеймін" деп жазған.

Қорыта айтқанда, ұзақ жылдар қай жерге жасырылғаны белгісіз болып, жаназасыз құдық түбінде жатып қалған ақын Шәкәрім Құдайбердіұлы туған халқының мәйекті ойы мен маржандай тілі негізінде ғажайып сұлу, мазмұны терең, кестесі көркем лирикалық өлеңдер қалдырды.

"Еңлік-Кебек" ЖҮКТЕУ

Дайындаған: Мейіржан Әуелханұлы

Сурет: wikipedia.org

M. Auelkhan