Малевичтің екі «қара шаршысы» Лондонда қайта кездеседі

Малевичтің екі «қара шаршысы» Лондонда қайта кездеседі

Бүгін орыстың авангард суретшісі Казимир Малевичтің ауқымды көрмесі Лондондағы Tate Modern заманауи бейнелеу өнері мұражайында ашылды. Аталған көрмеде Малевичтің екі «Қара шаршысы» кездесетін болады.

Лондонда ұйымдастырылған көрме Малевичтің қаламынан шыққан туындыларды ғана емес, оның сәулет өнері мен театрға байланысын да көрсетуге тырысатын болады. Көрме барысында Малевичке қатысы театрлық қойылымдар да болады екен.

Көрме аясындағы екі суреттің бір жерде көрсетілуі 1915 жылдан бері болмаған тарихи оқиғаны қайталау болып табылады. Негізі «Қара шаршының» төрт бірдей нұсқасы бар екен. Олардың екеуі жеке тұлғалардың қолында болса, көрмеде қойылатын екеуі Петербордағы Мемлекеттік Орыс мұражайы мен Мәскеудегі Третьяков мұражайынан арнайы келісім арқылы алынған нұсқалары болмақ.

Қос бірдей суреттің қайта кезігуі жүз жылдың жаңарғанын білдіре ме әлде өзге астары бар ма, оны көрмені тамашалаған өнертанушылар білетін болады. Халықаралық көрме 2014 жылдың 26 қазанына дейін жалғасады.

Дайындаған: Жолдас Өрісбаев

Сурет: ria.ru

Ж. Өрісбай