- Негізгі бет
- Тұлға
- Әлемнің ең танымал...
Әлемнің ең танымал егіздері: Мэри-Кейт және Эшли Олсен
Апалы-сіңлі Олсендер өздерінің бірлескен шығармашылық жолын 9 айлықтарында, «Ыстық ұя» телехикаясында бастады. Дебюттік телехикаяларында олар бірге түсіп, бірақ бір кейіпкерді сомдаған болатын.
1991 жылы Дэйв Олсен (апалы-сіңлілердің әкесі) егіздердің менеджерін жұмыстан шығарып, өзінің досы Роберт Торнды жалдайды. Торн Dualstar Intertainment Group компаниясын құрады, оны МК мен Эш басқарады. Бұл оларды Голливуд тарихындағы ең жас продюсер етеді. 1992 жылы апалы-сіңлілер түскен тұңғыш «Әже, біз келдік!» фильмі шығады. Фильмнің алғашқы 90 минуты ABC арнасынан Рождествода көрсетіледі.
1992 жылы МК мен Эш осы атпен алғашқы бейнелерін шығарады. Ал 1996 жылы қыздардың шығармашылық жолындағы ең сәтті фильм «Мен және менің көлеңкем» жарыққа шығады. Киносыншылар мен жанкүйерлердің пікірінше, бұл фильм әлі күнге дейін апалы-сіңлілердің үздік фильмі болып табылады.
Кейін Мэри-Кейт пен Эшли Олсендердің қатысуымен «Қақпаны ауыстырамыз», «Парижге паспорт», «Лондонды жеңу», «Бір күні Римде» және т.б. жиырмаға жуық сәтті жоба орын алады.
Апалы-сіңлінің соңғы бірігіп түскен фильмі 2004 жылы шыққан «Нью-Йорктің бір сәті» деп аталады. Фильм қыздардың көк экранға қайта оралуын көздегенімен, прокатта жолы болмайды. Бұдан кейін Эшли Олсен актрисалық мансабымен қоштасатынын айтады. Әпкесіне қарағанда Эшли танымалдылыққа құмар еместігін айтып, барынша «Олсен егіздері» таңбасынан арылмақ болады. Ол өзінің сүйіп жасайтын ісі – дизайнерлікті құмартып, киім шығаруды толықтай қолға алмақ болады. Шетелдік журналдардың біріне ол: «Мен дизайнерлік жұмысымды жақсы көремін және танымал тұлға, оның ішінде актриса болғым келмейді. Бұдан былай киноға түскім келмейді», - деген екен.
Эшли Олсен
Мэри-Кейт болса кинодағы мансабын жалғастырып, әпкесі екеуі ашқан «Mary-Kate and Ashley: Real fashion for real girls» сұлулық желісі мен ағасы және сіңлілерінің құрметіне атаған «Elizabeth & James» жастарға арналған киімдерді және «The Row» жоғары сапалы киімдер шығаратын сән үйлерінің дамуымен айналысады.
2008 жылдың күзінде апалы-сіңлілердің «Influence» атты сәнге арналған кітабы шығады. Ал 2009 жылы қыздар Американың сән ұйымына мүше болады. 2009 жылдың соңында JCPenney әмбебап дүкендер желісінің сұранысымен қыздарға арналған «Olsenboye» қолжетімді бағалардағы киімдер желісін ашады.
Мэри-Кейт пен Эшли Олсен жұптары жазылмай бірге өседі, тіпті бір университетке де түседі, бірақ 18 жастарында (2004 жылы) өмірлерінің жаңа белесіне аяқ басып, екеуі екі бөлек тұруды жөн санайды. 2004 жылы Мэри-Кейт Олсеннің денсаулығы сыр бере бастайды. Ол Юта штатында анорексиядан емделеді. Ресми мәліметтер бойынша, бұл ауруға шалдығуына актрисаның жұмысбастылығы және дұрыс тамақтанбауы себеп болады. Ал ресми емес ақпараттар бойынша, Мэри-Кейт Олсен қолдануға тыйым салынған препаратты пайдалануынан психикалық жағдайы ауытқып, өзін аштыққа итермелеген.
Мэри-Кейт Олсен
Уақыт өте келе Эшли өзін толықтай сәнге арнап, компанияларының дамуымен айналысады. Ешқандай даулы жанжалдарда аты дүркіремейді, атақты дизайнерлердің көрсетілімдерінен ғана көрініп, салауатты өмір салтын ұстанатын үлгілі танымал адам болып қалыптасады. Ал сіңлісіне келер болсақ, Мэри-Кейт киноға түсіп, сәнмен айналысқанымен қоса, түнгі клубтардың жиі қонағы болып, зайырлы қоғамның бір мүшесіне айналады.
Апалы-сіңлілер бұдан кейін көпшілік ортасында бірге көп көріне бермейді. Бірнеше брендтерінің танымалдылығы мен жарнамасы үшін Олсендер түрлі шаралар мен көрсетілімдерге бірге баруға тырысады. Алайда, екі қыздың да бейнесі мен алған бағыттары әр бөлек және ерекше екенін байқауға болады.
Осы еңбекқорлықтарының арқасында және есімдерінің брендке айналуынан апалы-сіңлі Олсендер 2002 жылы Forbes-тің «100 атақты адам» тізіміне кірді, ал 2007 жылы журнал оларды көңіл көтеру саласындағы ең бай әйелдердің ішінде 11-орынға жайғастырды.
Жеке өмірлеріне келер болсақ, екі қыз да әрі тұрмыс құрмаған. Соңғы мәліметтер бойынша Эшли Олсен 2008 жылдан бері қарым-қатынаста болған Джастин Бартамен айырылысып кеткен. Ал Мэри-Кейт Олсен 2012 жылдан бері Франция президентінің өгей інісі Оливье Саркозимен көңіл жарастырып жүр.
Қызықты деректер:
- Алты жастарында апалы-сіңлі Олсендер тарихтағы ең жас продюсер атанды;
- Екі айда бір рет шығатын «Mary-Kate and Ashley Magazine» журналының иегерлері;
- 2003 жылы «Әлемнің ең тартымды әйелдері» тізімінде 61-орында болды;
- Америка тарихында 10 жасқа дейін «өз күштерімен» миллионер атанған жастар тізіміне кірді;
- Эшли сіңлісінен 2 минут үлкен және 2,54 см биігірек;
- Эшли — оңқай, Мэри-Кейт — солақай. Егіздер белгісінде туылған.
Сурет: spletnik.ru
Дайындаған: Анар Мұстафина
A. Mustafina