- Негізгі бет
- Тұлға
- Аққан жұлдыздарды еске...
Аққан жұлдыздарды еске алу кеші өтеді
Алаштың аяулы азаматы, от ауызды, орақ тілді айтулы айтыскер ақын Оразалы Досбосынов қаза тапқанда күллі қазақтың қабырғасы қайысып, қалың қауым қара жамылған еді. Көзі тірісінде-ақ, Оразалы ел сүйіспеншілігіне бөленіп, қазақтың айтыс өнерінің жарық жұлдызына айналған. 1975 жылдың 15 қарашасында Алматы облысы, Райымбек ауданы, Тегістік ауылында дүниеге келген. Мектеп жасынан дүбірлі додалардан көрінген ол ел көзіне түсіп, жұрт назарында жүреді. Орта мектепті тәмәмдаған соң, Алматыдағы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің филология факультетіне оқуға түседі. Еркін шығармашылықпен айналысып, республикалық айтыстардан көріне бастайды. Өзінің орақ тілімен талай тартыста топ жарып, ресми атаққа ие болмаса да, туған халқының ақтаңгер ұлына айналды. Қысқа ғұмырында ол Қытай, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан елдерінде өткен айтыстарда қазақ атын асқақтатып, ізін басар шәкірт тәрбиелеп үлгерді. Сұм ажал қазақ халқын Оразалыдай ұлынан 2004 жылдың 30 қазанында айырды. Жол апатына ұшыраған ол келмеске кетті. Артынан зар жылап Ажардай жары, өрімдей ұл-қызы, қалың елі қалған еді.
Оразалы Досбосынов (1975-2004)
Жары Ажар Түзелбекқызы Ораздай ақынның жоғын жоқтатпай, шаңырағының түтінін түзу шығарған еді. Иісі қазақ Ажарды әншілігінен бұрын, дүлдүл ақынның жары ретінде кеңінен таныды. 1977 жылдың 29 қаңтарында Оңтүстік Қазақстан облысы, Созақ ауданындағы Тасты ауылында дүниеге келген әнші бала кезінен өнерге жақын болып өседі. Арман қуып Алматыға келіп, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясынан білім алады. Өнерсүйер қауымды «Анаға хат», «Бақыттымын», «Сағындым сені» т.с.с. әсем әндермен қуантқан әнші араға жеті жыл салып, жолдасы Оразалы ақынның тағдырын қайталап, артынан қайтпас сапарға аттанып кетті. Әнші 2011 жылдың 14 мамырында көлік апатына ұшырап, жолда жантәсілім етті.
Ажар Түзелбекқызы (1977-2011)
Мәңгілік мекенге жамағат аяулы ұлын, ардақты қызын аттандырды. Екеуі де ел еркесіне айналған жандар еді. Бірі өткір сөзге бай жырларымен айтыс өнерін айшықтаса, бірі қоңыр үнімен әндетіп еді. Ақын Ораз дәлдік пен нақтылықты серік етіп, батылдық пен қарапайымдылықты қатар алып жүрген азамат еді. Ел жадында оның жарқын бейнесі қалды. Айтыстағы әділетсіздікті оқты сөздерге толы өлеңдерімен жеңіп, жүлделерден ар мен абыройын жоғары қоятын асылдың сынығы еді. Әнші Ажар әсем әндерімен сахна төрінен көрініп, Ораз ақыннан қалған мұраны сақтап, ошағын ойсыратпаған еді. «Сағындым сені» деп тыңдарманын әнге бөлеген әнші бүгінде өзі сағынышқа айналды.
Оразалы мен Ажардың ұл-қызы Нұрсұлтан мен Нұрайша
Қазақ халқы ешқашан аяулыларын ұмытқан емес. Бақұл болған Ажар мен Оразды да елі ұмытпайды. Бүгінде оларды сағынышпен еске алады. 16 мамыр күні сағат 19.00-де Алматы қаласындағы Студенттер сарайында марқұмдарға арналған «Сағындым сені...» атты ән-жыр кеші өтеді. Ғұмырлары орта жолда қиылған асылдарды өнердегі әріптестері «Қоңыр» тобы, «Жігіттер» тобы, Саят Медеуов, Ақбота Керімбекова, Жанболат-Жазира, Роза Әлқожа, Еркін Нұржанов, Алма Аманжолова, Ақмарал Ілеубаева, Айнұр Тұрсынбаева, Қайнар Алакөзов, Болатбек Оразбаев пен ұл-қыздары Нұрсұлтан мен Нұрайша Досбосыновтар елмен бірге еске алатын болады.
Суреттер: alashainasy.kz, zhasorken.kz, minber.kz
Ғ. Ұзақ