Нұрлан Әлімжан: "Адамзат қашан тояды екен?"

Нұрлан Әлімжан: "Адамзат қашан тояды екен?"

Бүгін – актер, әнші, сазгер, жүргізуші, «Қазақстан жастар одағының «Серпер» сыйлығының лауреаты, «Жас тұлпар» сыйлығының тұңғыш иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері  Нұрлан Баянғалиұлы Әлімжанның туған күні.

Актер 1984 жылы Көкшетау өңіріндегі «Кеңащы» елді мекенінде дүниеге келген. 2001-2005 жылдары Т.Жүргенов атындағы өнер академиясында білім алады. 2003-2009 жылдары Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының актері болып қызмет атқарған. 

Нұрлан Әлімжанның ең алғашқы түскен фильмі – «Шолпанның күнәсі» деп (Әзімбай рөлі) аталады. Мұнан басқа «Бақсы», «Ән мен анаша», «Ағайындылар», «Ақсарбас», «Теміртау көктемі», «Жаужүрек мың бала», «Балалық шағымның аспаны», «Көшбасшы» фильмдерінде басты рөлдерді сомдаған. 60-қа жуық әннің авторы. Нұрлан Әлімжан – Қытай киносына қазақтан түскен тұңғыш актер. Жансая есімді жары, Ғабдолла, Нұрмұхаммед, Томирис атты ұл-қыздары бар.  

Актердің туған күні қарсаңында жанкүйерлер үшін жаңа топтама жасадық. Төменде Нұрлан Әлімжанның газет-журнал, теледидар, ғаламтор беттерінде берген сұхббаттарынан үзінділер беріледі.

♦Тума талант деген болады. Бірақ тума таланттың өзін баптап, ұштап отырмаса, бара-бара адасады.

♦Мен камераны көрмеймін, мен камераны сеземін. Мен онымен доспын.

♦Мен ұшуды жақсы көретін, ұшуды армандаған жігітпін. Тоқтар Әубәкіров ағамызға құмартып өсіп едім...

♦Мен тоғызыншы сыныпқа дейін толық болғанмын. Тіпті, лақап атым «Борсық» еді.

♦Өнер адамдарын бал арасы сияқты елестетемін. Мәселен, гүл болса, оның тәттісі бір жерде көп, бір жерде аз болады. Ал бал арасы ұшып жүріп керекті қорын жинайды. Сол секілді өнер адамының нәпақасын халық арасына шашып тастағандай. Біз де бал арасы сияқты, кейде көп, кейде аз жинаймыз.

♦Адам ізденген сайын өзінің қырының қай жерден ашылатынын білмейді. Жалпы, адамның қолынан келмейтін нәрсе жоқ.

♦Ізденгенді, әңгімелескенді жақсы көремін. Әкеммен болған әңгіменің өзінен рухани байып қаламын. Атты, атпен шапқанды жақсы көремін.

♦Үнемі кинотеатрға барамын. Кинотеатрға жай ғана демалу үшін емес, өзіме бірнәрсе алу үшін, артқы қоржынға байлық салу үшін, үйрену үшін кіремін.

♦Бірінші арманым – қазақтың ерке ұлы болу, екінші арманым – Ресейді бағындыру, үшінші – Голивудқа шығу. Адам арманға сену керек.

♦Қазақ болып туғаныма қуанамын, мақтан етемін.

♦Әйел үйдің түтінін түзу түзетіп, үйдің берекесін келтіріп, айрандай ұйытқысы болып отырса – ер азамат үшін сол бақыт деп ойлаймын. Әйел үшін үлкен қызмет – балаларды тәрбиелеу.

♦Менде бір әлемдік деңгейдегі сұрақ бар: "Адамзат қашан тояр екен?"


♦Кешігуді ұнатпаймын. Мұқияттылықты (пунктуальность), уәдені бірінші орынға қоямын.

♦«Көз – адам жанының айнасы» дейді. Мен адамның көзіне қатты мән беремін. Бірінші танысқанда адамның көзіне, көзінің тазалығына қараймын. Жарымның да мөлдіреген көзіне ғашық болдым.

♦Адам өскен сайын оның досы да, дұшпаны да болады. Бұл – өмірдің заңдылығы. Ақ пен қара бірге жүреді.

♦Шапшаң ойлап, шапшаң жасап тастауға тырысамын. Мен де бәрін жасап тастасам екен деген асығыстық бар. Сенгіштік қасиетімнен көп рет таяқ жедім. Эмоцияға тез берілгішпін. Сабырсыздықпен күресіп жүрмін.

♦Абайдың, Мұхтар Әуезовтың, Ғабит Мүсіреповтың, Сәбит Мұқановтың шығармаларын, орыстардан Гоголь мен Достоевскийді оқимын. Сондай-ақ, Шыңғыс хан туралы шығармаларды ұнатамын.

♦Генералдық лауазымды армандамайтын сарбаз, Гамлетті сомдауды армандамайтын актер жоқ. Маған ондай ұсыныстар түспесе де, Абылай ханды, Сәкен Сейфуллинді немесе басқа да «Алаш» қозғалысының қатысушыларының рөлін сомдауға іштей дайындық жүргізіп жүрмін. Ен даланы еркін жайлаған көшпелі өмірден бастап, кешегі Алаш зиялылары, Үш бәйтерек, Бес арысымыздың әрқайсысы – бір-бір кино! 

♦Фильмін түсіріп біте сала, әлгі «қарабайыр шедеврін» алып, шетелге шаба жөнелетіндерді түсінбеймін. Өз көрерменіміз сүйсініп көрмеген киноның сырттан жүлде алып келгені – шетелдіктердің бізді мазақтағанындай болып көрінеді. Қазақтың көркіне көз тоймайтын сұлу қыздары мен сымбатты сері жігіттерін кинодан көру қандай бақыт! 

♦Батысты қайталау қазығы мықты қазақ киносының атына кір келтіреді. Тәрбиелеудің орнына тасжүрек, мейірімсіз ұрпақты өз қолымыздан жасап жатырмыз. Үлкендер қажетін сараптай алар, ал жас жеткіншек нені көрсе, соны қаз-қалпында қабылдайды. Соның нәтижесінде өмірге зорлық-зомбылықты күнде көрсе де селт етпейтін сезімсіз буын келіп жатыр. Біреудің жолын кессе масаттанатын, қымбат көлікке мініп алып, музыкасын бақыртып қойып, бос мақтанға бой ұруды сән көретін ұрпақ пайда болды. Құлағына «наушник» киіп алып, қасындағы қайың мен қаракөз қалқаны байқамайтын меңіреу ұрпақ – әлгі сананы улап жатқан сапасыз киноның жемісі. 

♦Мен осыған дейін бес бірдей кинодан бас тарттым. Мен сомдайтын қаһарман менің ішкі жан дүниеме сай келу керек деп ойлаймын.

♦Менің үйімде әлемдік деңгейдегі үздік фильмдердің коллекциясы бар. Жақсы кино – менің әлсіздігім және менің ең керемет демалысым. Аталған коллекциямда «алтын сөре» бар. Мен онда «Титаник», «Троя», «Аватар» секілді мәңгілік көруге болатын фильмдерді қоямын.

♦Өзім түскен фильмдердің тек қана премьерасын тамашалаймын. Өзіме көңілім толмай қалатындықтан қайта көрмеуге тырысамын. «Алтын сөреме» қоятындай фильм жасағым келеді.

♦Кино саласына түбегейлі бет бұрудағы басты мақсатым  – ұлттық киномыздың өркендеуіне хал-қадерімше үлес қосу, экрандағы кейіпкерлерім арқылы көрерменді өз өнерімізді бағалай білуге шақыру.

Материалды дайындау барысында ғаламтор, теледидар, газет-журнал беттеріндегі материалдар пайдаланылды.

Дайындаған: Айгерім Сматуллаева

Сурет: vk.com,musicmir.net