Қабдеш Жұмаділовті туған күнімен құттықтаймыз!

Қабдеш Жұмаділовті туған күнімен құттықтаймыз!

Бүгін – Қазақстанның халық жазушысы, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының, Қазақстан Жазушылар одағы сыйлығының және Платиналы Тарлан сыйлығының иегері, Абай атындағы мемлекеттік сыйлықтың және М.Әуезов атындағы әдеби сыйлықтың иегері, Тарбағатай, Аягөз және Үржар аудандарының құрметті азаматы Қабдеш Жұмаділовтың туған күні.

Қабдеш Жұмаділов 1936 жылы 24 сәуірде Шыңжаң өлкесінің Тарбағатай аймағы, Малдыбай ауылында дүниеге келген. Ауылда бастауыш білім алып, кейін Шәуешек гимназиясын бітіреді. 1956 жылы Қытай үкіметінің жолдамасымен Алматыға келіп, Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетіне оқуға түсті. Алайда университеттің екінші курсынан кейін екі ел арасындағы саяси жағдайға байланысты кері шақырылып, 1958–1962 жылдар аралығында Қытайда қуғын-сүргінге ұшырады. 1962 жылы империя шекарасын бұзып өткен қазақ көшімен бірге атамекенге қайтып оралып, ҚазМУ-дегі аяқталмай қалған оқуын қайта жалғап, 1965 жылы бітіріп шықты. «Қазақ әдебиеті» газетінде (1965–1967), «Жазушы» баспасында (1967–1976), Мемлекеттік баспалар комитетінде (1976–1981) жауапты қызметтер атқарды. 

Қ.Жұмаділовтің алғашқы өлеңдері 1954 жылдан бастап жергілікті баспасөз бетінде жарық көрген. «Жамал» атты тырнақалды әңгімесі 1956 жылы Үрімжіде шығатын «Шұғыла» журналында жарияланды. 10 роман, 13 повесть, 50-ден аса әңгіме, көптеген мақала жазған, «Жас дәурен» өлеңдер жинағының, «Қаздар қайтып барады» әңгімелер жинағының, «Көкейкесті», «Атамекен», «Тағдыр» романдарының, «Дарабоз», «Соңғы көш» дилогияларының авторы.

«Көкейкесті», «Соңғы көш», «Атамекен», «Дарабоз» романдары мен хикаяттар топтамасы орыс тіліне аударылып басылған. Жекелеген әңгіме, хикаяттары қырғыз, өзбек, ұйғыр, украин, белорус, грузин тілдерінде, «Соңғы көш» романы түрік тілінде жарық көрді. Бүгінге дейін отызға тарта кітабы шықты. Негізгі еңбектері 2003–2004 жылдары «Қазығұрт» баспасынан шыққан «Он екі томдық» шығармалар жинағына топтастырылған. 

Қабдеш Жұмаділов туралы жазушы Әкім Тарази: "...Бір елде туып-өсіп, есейген шағында екінші бір елге келіп, сол ел туралы көркем шығарма жазу – екінің бірінің қолынан келер жеңіл нәрсе емес. Бірақ Қабдеш бұл сыннан сүрінбей өтті. Оған бұл жолы да өзінің табиғи талантымен қоса өмір тәжірибесі көмектескені анық. Оның басқаларымыздан бір артықшылығы – өзі көрген екі түрлі өмірді, екі түрлі қоғамдық формацияны салыстыра зерттеуге мүмкіндігі бар. Осы қасиеті Қабдешті жазушы ретінде тез есейтті. Біздің көзіміз үйреніп, етіміз өліп кеткен көп мәселеге ол тың көзбен, сұңғыла реалистің көзімен қарай білді..."

Қазақ әдебиетіне өлшеусіз үлес қосып жүрген дара қаламгерді 78 жас мерейтойымен құттықтаймыз!

Материалды дайындау барысында ғаламтор беттеріндегі мәліметтер пайдаланылды

Дайындаған: Айгерім Сматуллаева

Сурет:berdeke.kz