"Есентаева Live" – Баянның жаңа жобасы

"Есентаева Live" – Баянның жаңа жобасы

Жақын күндері әрдайым ізденіс пен қызу еңбек үстінде жүретін қазақстандық шоу бизнестің беделді ханымы Баян Есентаеваның жаңа жобасы жарыққа шығады. Бұл туралы Season.kz порталы хабарлайды.

Өзіндік ерекшелігі бар жобаға "Есентаева Live" деген атау берілген. Продюсер алғаш рет авторлық жобасына өз атын тағып отыр.

Қандай ерекшелік дейсіз бе? Баян бұл жолы жаһанды жаулап келе жатқан ғаламторға да өз қолтаңбасын қалдыруды көздеген секілді. Яғни, авторлық бағдарлама тек интернет кеңістігінде жарық көреді. Енді сіздер Баян Есентаеваны Gonzo.kz ғаламтор-платформасынан таба аласыздар. "Есентаева Live" жобасының алға қойған мақсаты – елімізге танымал адамдардың беймәлім қырларын ашу, олармен сыр-сұхбат жасау.

 

Баян Есентаеваның алғашқы қонақтары да белгілі. Олар – әзіл актері Нұртас Адамбаев, продюсер Алуа Қонарова, жас актер Санжар Мәдиев. Тізімнің мұнымен шектелмейтіні белгілі.

Танымал журналист Төлеген Байтүкенов өзінің фейсбуктегі парақшасына: "Баян өзінің әңгімелесушілерінің жағасынан алып, ұйпа-тұйпасын шығарады. Оның мұны керемет жасайтындығына көзім жетті. Бір қарағанда үңгірде ұзақ уақыт бойы қамалып жатып, бостандыққа шыққан жыртқыш елестейді", - деп жазған екен.

Тәжірибесі мен таланты бар жүргізушінің жаңа жобасы көптің көңілінен шығып, үлкен табысқа жететіндігіне сеніміміз мол...

Бұл Баянның қолынан келеді.

Дайындаған: Айгерім Сматуллаева

Сурет: vk.com