Наоми Уоттс: «Бір мезетте Диана маған өзін ойнауға рұқсат бергендей болды»

Наоми Уоттс: «Бір мезетте Диана маған өзін ойнауға рұқсат бергендей болды»

Бұл кішкентай аққұба актрисаға ғасыр әйелі – Диана ханшайымды ойнауға орасан зор батылдық қажет болды.

— Наоми, шыныңызды айтыңызшы, «Диана: Махаббат хикаясы» фильмінде Ди ханымды сомдауға келісіміңізді бергеніңіз үшін өкініп жүрген жоқсыз ба? Жұрттың бұл фильмнен күтері мол, әрі бұл хикая төңірегінде сын сөздер, өсек те көп...

— Бұл қауіпті болғанымен, мен келісімімді бергеніме ризамын. Алайда бірден келісім бермеген едім. Екі рет бас тарттым. Онымен салыстырулар көп болатынын жақсы білдім: Дианаға ұқсамайды, бойы аласа, жасы үлкен – бұл тізім шексіз жалғаса береді. Өмірде болған адамды ойнау өте қиын, әрі ол көп адамға «икона» болған болса, тарихта ізі қалған адам болса. Миллиондаған адамдар әлі күнге дейін Диананы құрмет тұтады, ол жайлы білгісі келеді, оны қиялдап,  ол тек оларға тиесілі деп, өмірі жайлы бәрін білеміз деп ойлайды. Оны айтасыз, Ди ханым әлі күнге дейін ғасыр әйелі болып келеді ғой. Сол үшін қатты уайымдадым, бірақ бір сәтте оны басқа актриса ойнағанын қаламайтынымды түсіндім. Өйткені оған деген қызығушылық, бір жағынан көпшіліктің оның өліміне көне алмай жүргендігінде, бұл шындықты түсінбей, қабылдамай жүргендігінде...

— Бұл рөлге қалай дайындалдыңыз?

— Ол туралы жазылған өмірбаяндар өте көп екен. Әрі бәрі бір-біріне ұқсамайды. Бәрін оқып шықтым. Ханшайым жайлы жазылған барлық деректер қарама-қайшылыққа толы. Бұл да қиын, адамды естен жаңылдырады. Кімге сенеріңді білмейсің. Диананың қатысуымен болған барлық бейнетаспаларды қарап шықтым. Ең ауыр сұхбат оның Чарльзбен ажырасқаннан кейін BBC арнасына берген сұхбаты болды. Бұрын соңды айтылмаған, жария болмаған, адам айтқысыз ашық әңгіме. Бүкіл әлемге күйеуінің Камилла Паркер-Боулзбен көңілдестігі жайлы – «біз отбасында әрдайым үшеу едік, біраз тар болды» - деуінің өзі неге тұрады. Бұл күтпеген әрі қуатты соққы еді. Британ патша сарайы қайран қалды, және дәл сол сұхбаттан кейін Елизавета Диана мен оның ұлының ажырасу ісін тездетуді талап етті. Мен ол сұхбатты миллион рет қарап, тыңдаған шығармын. Таңертеңгі жаттығуларды жасаған уақытта да құлағымда сол сөздер күмбірлеп тұрды. Анам: «Наоми, Диананың даусын салу қиын болатын шығар. Өйткені оның даусы көбінің есінде» - дегенді айтты. Шынымен де, бұл да маңызды еді. Ол кісіде аристократтық сөйлеу мәнері бар, бірақ «ерін арқылы» емес, түсінесіз бе? Диана биіктен сөйлемейтін және заманауи сөйлесетін. Анам аристократ жігітімен фильмді көріп біткен соң, бұл тапсырманы шебер орындапсың деп айтқанда арқамнан жүк түскендей болды. (Күлді.) Түр-әлпетіме келер болсақ, мұрынымды біраз үлкейту керек болды...

— Әріптестеріңіз түсірілім кезіндегі үзілістерде образдан шыға алмай жүретіндігіңіз жайлы айтты...

— Мен енді Дэниел Дэй-Льюис емеспін ғой, әрдайым образда жүретін деңгейге әлі жеткен жоқпын. Әрі балаларым әлі кішкентай. Аналары жұмыстан басқа, оларға бөтен адам болып келгені дұрыс емес... Бірақ мен шынымен осы рөлге, Диананың өміріне сіңіп кеттім. Оның жанында көп уақыт жүргендей сезімде болдым. Менің оның көйлектерін киіп алғаныма, жалпы өзін менің бейнемде көргенде не айтар еді деген сұрақ әрдайым маза бермеді. Қабылдар ма еді? Ұнар ма еді? Бірақ білесіз бе, бір мезетте маған Диана өзін ойнауға рұқсат бергендей болды. Сондай мистикалық сезім, бірақ шын сездім. Ақылға қонымсыз сияқты естілсе де, солай...

— Диананың ұлдарына – Уильям мен Гарри ханзадаларға ауыр тиеді деп қорықпадыңыз ба, олар онсыз да қатты қиналды ғой? Ал экранда әлі күнге дейін рас-өтірігі белгісіз, олардың сүйікті анасының пәкістандық кардиолог Хаснат Ханмен көңіл жарастығы көрсетіледі, ал ол өз кезегінде оның махаббатынан бас тартқан болса, Диана керісінше өле ғашық болған...

— Өте қатты қорықтым. Менің басында келісім бермей жүрген себептерімнің бірі де осы еді. Менің өзімнің де екі ұлым бар, және Диананың ұлдарына өлсем де қиянат жасамайтын едім. Және бұлай болмайды деп үміттенемін. Олар ересек адамдар деп үміттенемін және аналарының қысқа өмірінде жасаған игі істері әлі талай жазушы, режисер, актерлерді шабыттандыратынын түсінеді деп сенемін. Ол туралы бәрібір айтылатын болады, жазылатын болады, фильмдер түсірілетін болады. Бұдан қашып құтыла алмайсың... Олардан ешқандай реакция болған жоқ, бірақ, естігенім бойынша ханзадалар Лондондағы премьераға бармай, фильмді үйлерінде көреміз деп шешкен екен. Мен Диананы ана ретінде жақсы түсінемін. Балалары жабық мектепте оқып жүргенде немесе олармен кездесуге мүмкіндік бермеген кездерде ұзақ уақыт көрісе алмай жүрген кездері көп болды. Ұлдарымен Рождество мерекесін бірге қарсы ала алмаған кезі де болыпты. Бұл өте ауыр, мұндай менің басымнан өтсе қалай төзерімді білмеймін...

— Британ корольдық отбасы мүшелері мен ұлдары фильмге еш пікір білдірмеген болса, махаббат хикаясының басты кейіпкері 54 жастағы Хан дәрігер үнсіз қалмапты – ол да бұл фильмді көруге бармайтынын және бұл фильм оның ханшайыммен болған қарым-қатынасына деген опасыздық, өсек-аяңға негізделген деп айтқан екен...

— Бұл түсінікті реакция. Біз одан кеңесші болуын өтіндік, бірақ ол үзілді-кесілді бас тартты. Мұндай жариялылықты әр адам көтере алмайды. Қалай болғанда да ешкім деректі нақтылыққа таласпайды – әйел мен ердің арасындағы қарым-қатынас тек өздеріне ғана аян. Мен Диананың: «Барлығы менің арқамда пайдаға кенеліп қалғысы келеді. Хаснат — мені сатып кетпейтін жалғыз адам» - деген сөздеріне сенгім келеді. Джемайма Хан (пәкістандық саясаткер және бизнесменнің бұрынғы әйелі және Хью Гранттың бұрынғы қызы, Хан дәрігермен кездесуде Дианамен танысады. — қосым.) Диананың Хаснатқа ессіз ғашық болғанын айтады, ол тіпті діни сенімін ауыстырып, Пәкістанға қоныс аударуға да дайын болған екен. Хан мырза «Біз үйленсек те, бір жыл да тұрмас едік. Біз әртүрліміз. Әр планетадан келгендейміз» деген деп жазып жүрген авторларға сенуге бола ма, білмеймін. Олардың қарым-қатынастарына қарсы туыстарына ол осындай бірдеңе айтқанын білемін. Диана қатты қайғырып, өзін жалғыз сезінген шығар... Өйткені арманы орындалуға жазбаған...

— Диананың стиль иконасы екені мойындалған, ал сіз сәнге қалай қарайсыз? Және түсірілім кезінде оның бір көйлегін болсын киіп көрдіңіз бе?

— Мен сәнқой емеспін. Қызыл кілемге шығарда соңғы шешімді әдетте менің ұлдарым қабылдайды: «Мама, осы саған жарасады!» - дейді, болды. (Күлді.) Иә, бір көйлек қолымызға тиді. Бұл ашық көк және өте әдемі мини-көйлек. Бір қызығы ол маған еш айла-тәсілсіз дәл бола кетті! Менің бойым кіші екенін есептегеннің өзінде. Оның батылдығына қайран қалдым – көйлек тым қысқа еді. Тіпті менің үстімде қысқа көрінді. Қалған киімдерді оның киімдеріне ұқсастырып тікті. Режисер Оливер Хиршбигель ханшайымның сүйікті иіссуын сыйлады – білесіз бе, ақылсыздау естілсе де, бұл маған оны сезінуге, оған жақын бола түсуге көмектесті...

— Ал Диана екеуіңізге ортақ қандай да бір адами нәрсе бар ма?..

— Бар сияқты. Менің де өмірімде көңілсіз жайттар көп орын алды. Әсіресе балалық шағымда. Дәл Диананыкіндей. Ата-анасы ажырасып кеткеннен кейін оған анасымен сөйлесуге тыйым салынған, жалпы балалық шағында көп нәрсені бастан кешкен, мұның бәрі оның психикасына, мінезіне әсер етпей қоймады. Бұл өзіне деген сенімсіздік, махаббат пен ықыласқа зәрулік. Бәлкім сол үшін де некесіне үлкен сенім артқан шығар. Бірақ ол да болмады... Мен де сондай терапияны бастан кешірдім, дәрігерлермен жұмыс істедім – нақтысын айтқанда, олар менімен. Ата-анам мен төрт жаста болғанда ажырасып кетті. Мені Бен ағаммен атам мен апама – Англсиге жіберді. Бұл Уэльсте орналасқан, дәл сонда Уильям ханзада әскери борышын өткерген және сол жерде біраз уақыт Кейтпен кішкентай үйді жалға алып тұрған. Табиғаты тамаша жер... Жеті жасымда әкем қайтыс болды. Ол дыбыс режисері болатын, «Pink Floyd» тобымен жұмыс істеген. Рок-н-роллдық өмір сүріп, есірткіні шамадан тыс пайдаланып, өмірден қыршын кетті. Анам бір тиынсыз екі баласымен далада қалды. Мен 14-те болғанда ол бізді алып Австралияға қоныс аударуды шешеді. Үйренісу қиынға соғады – ол не ағылшын емес, не австралиялық емес... Сол жақта жүріп актерлік шеберлік курсына түстім, Николь Кидманмен танысып, содан бері онымен доспыз.

Голливудқа да мен оған ілесіп бардым. Бірақ Никольға қарағанда менің бағым бірден ашылмады. Күні бойы Лос-Анджелестің бір шетінен бір шетіне актерлік сынамаға барып жүретінім есімде. Бірде режисер менің көзімше ұйықтап қалғаны бар – мен сцена ойнап жатырмын, ал ол қорылдап отыр... Салым суға кетіп, бәрін тастағым келген сәттер көп болатын. Николь мені райымнан қайтарып алатын. Сәл күте тұр, бір күні болмасын бағың жанады дейтін. Дәл сол бақ маған 2001 жылы қонып, ұшып кете жаздады. Дэвид Линч менің қатысуыммен «Малхолланд Драйв» телехикаясын түсірді, бірақ оны теледидарға қабылдамады. Құдайға шүкір, Линч дәл сол атпен фильм түсіріп, мен бір сәтте атақты болып шыға келдім. Мені байқап қалды. Телефонға тыным болмады. Ал жалпы он жылдай актриса ретінде керісінше құлдилап бара жаттым. «Малхолланд Драйв» фильмінен кейін мен өз агенттерімді жинап, болашаққа стратегия жасауды ұйғардым. Бюджетіне қарамастан мені актриса ретінде жаңа қырымнан танытатын фильмдерге ғана түсемін деп шешім қабылдадым. Мен мойындалуды ұзақ күттім, сол себепті қазір әрбір уақыт маған қымбат, ұзақ жыл бойы еңбек еткім келеді. Қомақты гонорар дәмелендірген бірнеше студиялық жобалардан бас тарттым. Содан бері мен бір рет қана блокбастерге түстім — Питер Джексонның «Кинг Конгында». Бұл да өте қызық жұмыс болды.

— Наоми, сіздің екі кереметтей ұлдарыңыз және сүйікті күйеуіңіз (Наоми америкалық актер Лив Шрайбермен азаматтық некеде тұрады. — қосым.) бар, бірақ отбасылық бақыт та актерлік мансабыңыз сияқты бірден бола қойған жоқ...

— Иә, ол рас. Жанымда әрдайым біреу болғанымен, отбасын құруға келгенде бәрі құрдымға кететін. Шынымды айтсам, хеппи-ендке сенбей кеткенмін. Бәрінен бұрын ана атанбай жүргеніме қапаланатынмын. Менде аналық инстинкт ерте оянды, және уақыт өте келе балалы болу құштарлығым одан бетер өрши түсті. Есімде, Николь мен Том Круздың асыранды балаларын баққанды сондай жақсы көретінмін, олар мені кейде бала бағушы етіп үйлеріне тастап кететін. (Күлді.) Өмірімдегі ең бақытты күн – Ливпен танысқан күнім. Негізінде, екеуміз бір-бірімізді бұрыннан танитынбыз, тек 2006 жылы «Метрополитен-операдағы» қайырымдылық балында біз бір-бірімізге басқаша қарадық... Және... Мен өзім телефонымды жазып ал деп ұсыныс тастадым. (Күлді.) Көп ұзамай маған «Разрисованная вуаль» фильмінің түсіріліміне аттануға тура келді. Өте алысқа – Қытайға және тіпті картадан іздеп таба алмайтын жерлерге бару керек болды. Ливтен алысқа кеткім келмей қатты қиналдым! Нәтижесінде оған да бір рөл тиіп, екеуміз айрылыспадық. Содан бері біргеміз.

Лив - менің ең үлкен махаббатым. Мен оның ақылы мен біліміне таң қалудан жалықпаймын. Ол өте білімпаз, сенімді, адал еркек және тамаша әке. Онымен әрдайым қызық, ол адамды күлдіре алады. Бәлкім біреулер үшін болмашы нәрсе шығар, бірақ маған бұл өте маңызды. Біздің әдебиет пен өнерге деген көзқарасымыз бір. Мен кейде оны өмір бойы танып келген сияқты сезімде боламын және өмір бойы күткен адамым ғана емес, мен оған әрдайым ғашық болған сияқтымын!

Сурет: film.ru, tatler.ru

Түпнұсқа: 7days.ru

Аударған: Анар Мұстафина

A. Mustafina