"Интерны" - қазақ баласының өнімі!

"Интерны" - қазақ баласының өнімі!

Бұл адам ресейлік ТНТ арнасының "Интерны", "Универ", "Comedy Баттл", "Comedy Woman" сынды ең танымал жобаларын дүниеге әкелді. Осылайша Челябинск облысы, Агапов ауданы тумасының қолынан көп нәрсе келетінін дәлелдеді. Ол – ресейлік қазақ Вячеслав Досмұхамедов.

Вячеславтың балалық шағы Челябинск облысының Агапов ауданындағы Магнитный қалашығында және әжесінің кішкентай ауылында өткен. Сондықтан Слава ауылдың да, қаланың да өмірін көрдім деп мақтанышпен айтады. Ұстаздар отбасында тәрбиеленген ол білімпаздыққа құмар болып, сабақты өте жақсы оқиды.

Оныншы сыныпта оқып жүргенде әжесі қатты сырқаттанып, ауруханаға түседі. Жазылмас дертке шалдықты ма деп жүргенде, бір жас дәрігер шығып, әжең жазылып кетеді деген сөздерді айтады. Бұл сөздер жігіттің дәрігерлікке деген қызығушылығын арттырып, нәтижесінде Челябинск медициналық университіне түсуіне себеп болады.

Университет қабырғасында жүріп КВН-де ойнай бастайды. «Уездный город» КВН командасының авторлық тобының басшысы болады. Кейін теледидар бағдарламаларына автор болуға шақыртулар түсе бастайды. СТС арнасында үлкен танымалдылыққа ие болған «Папины дочки» телехикаясының бір маусымының авторы болады. Кейін ТНТ арнасына келіп Семен Слепаков, Гарик Мартиросяндармен продюсерлік орталық құрып, «Универ», «Наша Раша», «Comedy Woman» сынды жобаларды дүниеге әкеледі.

Өзі медициналық оқуды бітірген соң, «Интерны» телехикаясындағы көріністердің көбі оған таныс болғанын айтады. Және ол істеп жатқан дүниең жайлы жан-жақты білуің қажет деген пікірде. Ал егер білімің шала болса, оны жетілдіруге күш салу керек дейді.

Ол Семен Слепаков екеуінің авторлығымен көрерменге жол тартқан скетчтер мен көріністердің әрбіріне жауап беруге дайын екенін айтады. «Мен өзім ұялатын дүниелер жасамаймын, сондықтан ата-анам шығармашылығыма түсіністікпен қарайды», - дейді ол. Сонымен қатар, телеарна басшылары да оның жобаларына, жастар тілінде сөйлеп, жеткізуге ешқашан шектеу қойған емес. Бұл да авторға деген сенімді білдірсе керек.

Вячеслав Досмұхамедов телевидение саласында даңқты тұлға, өз ісінің маманы, белді продюсер екенін көпшілік мойындап қойған. Ресейдің басты көңіл-көтеру жобалары, шоулары мен танымал комедиялық телехикаялардың жұлдызы атақты Сергей Светлаков, Гарик Мартеросян, Гарик Харламов, Михаил Галустян болғанымен, кадр сыртында жобаны іске асыруға бірден-бір ат салысып жүрген – осы Вячеслав. Оның еңбегі мен идеялары орыс тілді күллі жұртты күлдіріп, керемет көңіл-күй сыйлауда.

Сурет: forum-eurasica.ru

Дайындаған: Анар Мұстафина

A. Mustafina