- Негізгі бет
- Тұлға
- Отандық тележүргізушілер кімдер?...
Отандық тележүргізушілер кімдер?
Әр телеарна жаңалықтар жүргізушісінің атқарар міндеті зор, арқалаған жүгі ауыр. Эфирде айтатын сөзі, тіпті интонациясының өзі кейде маңызды рөл атқарады. Сонымен қатар, олар арнаның беті болып саналады. Көптеген бүлдіршін қыздардың арманын іске асырған отандық арна дикторлары кімдер? Дикторлыққа қалай келді? Бүгінгі телевизия күні еліміздің жаңалық жаршысы болып жүрген тележүргізушілермен сіздерді жақынырақ таныстырмақпыз.
Гүлнәз Әлімгерей, "Қазақстан" арнасының тележүргізушісі
1984 жылдың 14 наурызында Ақтөбе облысы, Әйтеке би ауданы, Қарабұтақ ауылында дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған.
Еңбек жолы. Еңбек жолын «Эра» телеарнасында, қазіргі 7 арнада бағдарламалар бөлімінде бастаған. Авторлық «Арман қала» хабары мен діни «Руханият» бағдарламасын, таңертеңгі ақпараттық ойын-сауық бағдарламаларын жүргізген. Көпшілікке, сонымен қатар, «Қазақтың 100 әні» теледуманын жүргізгенімен таныс.
Тележүргізуші арқалаған жүк. «Көрермен теледидардағы жүргізушіге қарап бой түзейді. Оның сөйлеген сөзін көріп, киінген киіміне қарап тамсануы тиіс. Бұл – кадрдағы жүргізуші үшін өте жауапты іс. Ұлттық арна 50 жылдан астам тарихы бар, мемлекеттің саясатын ұстанған арна. Менің өз басым осы арнада қызмет істеп жүргенімді мақтан тұтып, күнделікті көрерменіммен қауышқаныма бақыттымын. Тікелей эфирде айтылған сөз атылған оқпен тең. Сондықтан әр сөзіме абай болып, өзімді салмақты, сабырлы, байсалды ұстауға тырысамын».
Отбасы, қызығушылығы. Жолдасы – Нұрділдә Ораз белгілі журналист, бүгінде Ішкі істер министрлігінде департамент директоры. Бір ұл, бір қыздың анасы қазірде журналистер дайындайтын шеберлік курсын ашып, өз тәжірибесімен бөлісуде.
Әсел Акбарова, "Хабар" арнасының тележүргізушісі
1981 жылы 21 қарашада Алматы қаласында дүниеге келген. Қазақ Мемлекеттік Заң университетін бітірген.
Еңбек жолы. «Хабар» телеарнасында 2010 жылдың мамыр айынан бастап еңбек етеді. Телевидениедегі алғашқы қадамын «Астана» телеарнасында таңертеңгілік бағдарламаның қазақ және орыс тілдеріндегі жүргізушісі ретінде бастаған.
Тележүргізуші болу жолында... «Кішкентайымнан қолға түскен кез келген мәтінді айна алдында дауыстап оқып, өзімді тележүргізуші ретінде елестететінмін және сол елес, сол қиял балғын шақпен артта қалды. Бұдан кейін сол кезеңнің сұранысқа ие мамандығы – заңгер атануға бар күшімді салып, Қазақ Мемлекеттік Заң университетін тәмамдадым. Кәсіпқой қорғаушы «адвокат» болғанымды марқұм анам қалаған еді. Тұрмыс құрып, неше түрлі салада жұмыс істесем де, балалық арманымды жүрегімде сақтап жүрдім.
Елордамыз өсіп, көз тартар көркейе келгенде, қалайда жұмыс табамын ғой деген ниетпен Астанаға көшіп келдім. Арналардың біріне тележүргізушілер керек деген хабарландыруды естіп, бағымды сынап көрейін деп шештім. Ақыры 24 жастан аса бере «телевизияда» еңбек ету бұйырды. 21 қараша – дүниежүзілік телевизия күні туылғаным да бекер емес шығар».
Тележүргізуші көтерген жүк. «Қарап отырған көрермендердің: «Әлгілердің жұмысы не? Келеді, оқиды, кетеді» - дегендерін өзім көп мәрте естігенмін. Өзім де бұл кәсіпке келмей жатып, осылай ойлағанмын. Қателесіппін. Оңай жұмыс жоқ. Бірақ сүйікті ісіңмен айналыссаң, қиындығы да ұнайды. Сол себептен мен қиындықтарды «талаптар» десем дұрыс болар. Бастысы, бұл мамандыққа батылдық, байсалдылық керек. Бұл қасиеттер жалпы бәріне артық болмас. Стреске төзімділіктің де орны бөлек. Миллиондаған аудиторияға хабар тарату, өзіңді лайықты ұстап, жүктелген сенімді ақтап, бір сөзбен жұмысыңды кәсіби орындап шыққанша, іштей мың өліп, мың тірілген кездерде орын алады. Тікелей эфир дегеніміз - көрерменнің көзіне көріне бермейтін, біліне бермейтін, бірталай адамның тынымсыз еңбегі - ұжымдық жұмыс. Ал тележүргізуші сол жұмысты қорытындылайды десем, әріптестер ренжімес. Сол себепті, бізге жүктелер жүк жеңіл емес - көрерменге хабарды лайықты жеткізу, әріптестер еңбегін ақтау.
Бұл кәсіпте, үннің жағымды болуы да маңызды. Дауыс деген біреуге тумасынан беріледі, басқалары арнайы мамандардың көмегіне жүгіне алады. Сосын дауыстан бөлек, мақамның, яғни дикцияның тазалығы қажет. Әрине, бет-бейненің келісімділігі де маңызды. Адамның жан-тәні өзара үйлесімде болса, оның көзі жайнай түседі, ерекше тартымды болады. Дене шынықтырудың да маңыздылығы кем емес. Спортпен шұғылданған адамның көңіл-күйі көтеріңкі, дене бітімі жып-жинақы келеді. Тележүргізуші ішкі дүниесін байыта беріп, көпжақты болғаны өзіне де жақсы, қарап отырған көрермендерге де білінеді. Бұл тұста айтпағым, жан-жақты тұлға ретінде қызықтырмасаң, жұмысың құрдымға кетеді».
Отбасы, қызығушылығы. Жастайынан гимнастикамен шұғылданады. Боулинг ойнағанды және коньки тепкенді ұнатады. Сонымен қатар, әртүрлі ойжұмбақтар мен сөзжұмбақтар шешкенді жаны сүйеді. Сүйікті кітабы - Харпер Лидің «Убить пересмешника» еңбегі. Сүйікті актерлері - Том Хэнкс пен Николь Кидман. Қарапайым адамға тән қасиеттерді бағалайды. Алайда қатыгездік пен екіжүзділікті ұнатпайды. Арманы – екі қызы мен ұлының есейіп, өмірде өз орындарын тауып, бақытты болғандарын көру. «Бастысы қай салада болмасын жетістікке жетуді көздесеңіз, ең алдымен ісіңіз өзіңізге және айналаңыздағы адамдарға септігін тигізер, ғанибетті іс болуы тиіс», - дейді ол. «Өмір қалай шыр айналдырса да, пешенеңе не жазылса, соған келесің. Сосын армандаудың тылсым күшін де ұмытпаған абзал. Егер бар жан-дүниеңізбен армандасаңыз, оған қадамдансаңыз, өз-өзіңізге деген сенімді жоғалтпай, аяғыңызды артқа тартар неше түрлі үрейлерден құтылсаңыз діттегеніңізге қол жеткізесіз», - деп кеңес береді.
Мадина Балғабаева, "КТК" арнасының тележүргізушісі
1975 жылы 3 наурызда Алматы қаласында туылып, өскен. Мамандығы - драматург. Қазақ ұлттық өнер академиясын тәмамдаған.
Еңбек жолы. Институт бітірген соң 31 арнаның Информбюро бөлімінде он жылдай қызмет атқарады. Кейін жаңалықтар бөлімінің ұжымымен "КТК" арнасына ауысып, 4 жылға жуық осы арнада тележүргізуші болып қызмет етіп келеді.
Тележүргізуші болу жолында... «Бес жасымнан ваннада, айнаның алдында қолыма кітап, не газет алып, мәтін оқығанды жақсы көретінмін. Мектепте де белсенді болып, түрлі іс-шараларды жүргізгенмін. Мектеп бітірген соң жастар бағдарламасының жүргізушісі болып, жұмысқа орналастым. Сонда жүргенде Сергей Дуванов театр бөліміне оқуға түс деп кеңес берді. Журналист болу үшін Журналистика факультетіне түсу керектігін білсем де, осы жолды таңдадым. Менің ойымша, көптеген талантты журналистер театр бөлімінің түлектері».
Қосымша. «Серпер» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері. 2007 жылы Мәскеуде өткен ТМД журналистері жобаларының байқауында «100 народов Казахстана» авторлық жобасы үшін «Бриллиант содружества» жүлдесін ұтып алған.
Отбасы, қызығушылығы. Ілияс есімді бозбала ұлы бар. Бос уақытында мұз айдынында мәнерлеп сырғанауды ұнатады.
Индира Тұрсынбай, "Еуразия бірінші" арнасының тележүргізушісі
1983 жылы 2 желтоқсанда Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданында дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетінде білім алған.
Еңбек жолы. 2003 жылы студент кезінде өзінің сыпайылығы мен ептілігінің арқасында кішігірім телеарналардың біріне жұмысқа тұрады. Содан бері 5 телеарна («Алматы» жаңалықтар тілшісі-жүргізушісі, «Экология бекеті» бағдарламасының редакторы, «Қазақстан» телеарнасы жаңалықтар тілшісі, «Бизнес kz» бағдарламасының авторы әрі жүргізушісі, «Астана» телеарнасы жаңалықтар тілшісі, жүргізушісі, «Хабар» телеарнасында «Таразы» бағдарламасының журналисі) ауыстырған.
Тележүргізуші арқалаған жүк. «Бір сөйлемді дұрыс аяқтап шығу үшін дем жетпей қала ма деген алаңдаушылық болып тұрады. Бірақ уақыт өте келе тәжірибелі бола бастайсың. Тікелей эфирде екінші дубль деген жоқ, сол себепті үлкен қателіктерге жол берілмейді және ептілігің сарапқа салынатын сынақ. Саған бүкіл ел, мыңдаған көрермен зер салып қарап отырады. Бұл үлкен жауапкершілікті талап етеді. Қазір жастар жаңалықтарды интернеттен қарайтын болған. Біздің аудитория көбіне зейнеталды немесе зейнетке шыққан адамдар және ауыл тұрғындары. Ал олар өте сезімтал, елдегі кез келген өзгерісті жақын қабылдайтын адамдар. Міне, телеарна беті саналатын адамдар, соларға жол таба білуі керек. Ақпаратты дұрыс жеткізуі керек. Әр жаңалықты сезіне жеткізгенде көрермендер де саған сене бастайды, мамандығыңды сыйлай бастайды».
Отбасы, қызығушылығы. Жолдасы да журналист (орыс тілді). Екі ұлы бар: үлкен ұлы 7-де 1-сыныпта оқиды, кіші ұлы - төртте. "Мен үшін әрқашан отбасым жұмыстан маңызды. Екі баланың тәрбиесі мен жұмыс үй шаруасы өзімнің мойнымда болғандықтан күндерім қарбалас тіршілікпен өтіп жатыр. Жолдасымның түзде шаруасы көп болғандықтан, үй ішілік, яғни отбасының қажеттіліктерін өз міндетім деп білемін. Қазір мен ғана емес, қазақ қоғамында әйелдер өз мойнына шамадан тыс жауапкершіліктер жүктеп алады. Заман талабы осындай болгандықтан көнуге тура келеді. Хоббиім жоқ. Ешқашан болған емес. Қол сөмке ала берем, жинай берем. Бірақ ол хобби деп айтуға келмес. Әлеуметтік желілерді күніне бір-екі рет ақтарып, халық тынысын біліп тұрғанды ұнатамын. Демалыста отбасыммен қыдырғанды жаным жақсы көреді. Дала қазағы болғандықтан үйге қамалып отырғанды жек көрем. Екі ұлымды ертіп алып, темір тұлпармен сырттағы шаруаларды жайғастырып жүремін. Оқушы ұлымның сабағын оқыту мен тамақ жасауды ешкімге сеніп тапсыра алмаймын", - дейді Индира.
Аида Боранбай, 31 арна тележүргізушісі
1990 жылы 24 қыркүйекте Алматы қаласында дүниеге келген. 9 сыныптан кейін лингвистикалық колледжін тәмамдаған соң, журналистикаға қызығып, сол салаға түбегейлі бет бұрады.
Еңбек жолы. Телеарна табалдырығын алғаш рет он алты жасында аттаған. «Таң» телеарнасындағы «Сәлем» ойын-сауық бағдарламасына жүргізушілікке іріктеу жүріп жатқанын естіп, қатысып, бағы жанып, іріктеуден өтіп кетеді. Бұл телеарнада екі жыл қызмет атқарып, одан кейін «Қазақстан» Ұлттық арнасындағы таңертеңгілік ақпаратты-сазды «Таңшолпан» бағдарламасына да іріктеу арқылы өтіп, жарты жыл жұмыс істейді. Ал, 31 арнада төрт жылдан астам жұмыс істеуде.
Тележүргізуші болу жолында... «Бала кезімнен өте пысық, белсенді болып өстім. Мектеп кезінен билеп, сахнаға шығып жүретінмін. «Еларна» телеарнасындағы «Ұзынқұлақ» бағдарламасына өлең оқып қатысқаным есімде. Телевизия әлеміне деген қызығушылығым сол кезден басталды. Жалпы журналистикаға, телевизия әлеміне мені өмірдің өзі жетелеп алып келді. Көпшілік «Сенің телеарналарда таныстарың бар ма?» деп сұрайды. Ешқашан жұмысқа таныс арқылы келген емеспін, барлығына іріктеу арқылы өтіп жүрдім. Сол үшін Аллаға сансыз шүкіршіліктер айтамын».
Тележүргізуші арқалаған жүк. «Басында тікелей эфир тұрмақ, журналистиканың не екенін білмейтінмін, қатты қиналдым, қателіктер жібередім. Білмеген тұстарымды тәжірибелі мамандар үйретті. Тікелей эфирде жауапкершілігің он есе арта түседі. Таңғы төртте тұрып жұмысқа бара жатқанымда ата-анам: «Қызым, қазір сенің ұйықтайтын кезің, жұмысты қоя тұр» деп жандары ашитын. Бір қызығы, мен осы уақытқа дейін тек тікелей эфирде жұмыс істеп келіппін. Тікелей эфирдің үйретері көп, бір жіберген қателегіңді мүмкіндігінше екінші рет қайталамауға тырысасың. Жаңалықтарды жүргізуді сеніп тапсырғанда «Қолымнан келе ме, келмей ме?» деген қорқыныштан алғашқы эфирде аяғымның қатты дірілдегені әлі есімде. Халыққа жаңалықтарды жеткізу оңай емес. Аузыңнан шыққан әр сөзге үлкен жауапкершілікпен қарауың керек. Сол себепті журналистиканың майын тамызып жүрген аға-әпкелерімізден әлде де көп нәрсені үйреніп, өзімді әрі қарай шыңдағым келеді. Алғаш эфирге шығуға қорқып тұрғанымда да «Ең бастысы талап болса, барлығы қолыңнан келеді» деп мені демеп, ақылдарын айтудан жалыққан емес. Жалпы, журналистік жолымда өз білгендерін үйретіп, қол ұшын созудан жалықпаған жақсы адамдар көп кездесіп жатты. Бүгінде азды-көпті табыстарға жетіп жатсам, сол кісілердің еңбегі деп білемін».
Отбасы, қызығушылығы. Аиданың айтуынша, ол мансап қуған нәзікжандылардың қатарынан емес. Қазіргі уақытта бірінші орында жұмысы болғанымен, болашақта таңдау жасау қажеттігі туса, отбасын таңдайтынын айтады. "Ал бүгінгі күні жүрегінің кілтін тапқан азаматты әлі кездестірген жоқпын", – дейді ол.
Ал біз өз кезегімізде, Әсел Ақбарованы бүгінгі туған күнімен құттықтаймыз және осы телевизия саласында еңбек етіп келе жатқан барша журналистерге жұмыстарының жемісті болуын, еліміз тыныш, ал жаңалықтар тек жағымды болуын тілейміз!
Сурет: halyksozi.kz, ktk.kz, foto.mail.ru
Дайындаған: Анар Мұстафина