- Негізгі бет
- Музыка
- «Меломен» тобы Моңғолияда...
«Меломен» тобы Моңғолияда
Ән әлемінде өз аудиториясын қалыптастырып келе жатқан «Меломен» тобының жуырда ғана «О, Махаббат» атты алғашқы альбомы жарыққа шыққан болатын. Әдемі әндердің жиынтығын тыңдап үлгерместен жігіттер жеке дауыста әндер шығарып, халыққа кезекпен-кезек ұсына бастады. Топ мүшесі Жігер Ауыпбаевтың орындауындағы «Ұнатамын мен сені», «Хат жазып тұр» әндері тыңдарман қауымға тарап та үлгерді. Ал Ролан Хазіретовтің «Ұмыттым» әні нәзік жандыларды бей-жай қалдырмағанға ұқсайды. Қайрат пен Ғабиттың да жеке орындауындағы әндердің жарыққа шығар күні алыс емес сияқты.
Қазір «Меломендіктер» Моңғолияда өтетін жеке ән кештеріне дайындық үстінде. Әндер жазып, оған би қойып, әдеттегідей сәнді әртіс киімдерін әзірлеп жатқан жайы бар. Ұлыстың ұлы күні Наурыз мерекесінің қарсаңында Моңғолиядағы өнерсүйер қауыммен кездесіп, көптеген жаңа әндердің тұсауын ел астанасы Улаан Баатор қаласында кеспекші. Жігіттер жас та болса, ән репертуарларының барынша кең болғанын назардан тыс қалдырмай келеді. «Перзент арманы», «Өмір заңы» сияқты жүрекке жетер жылы әндердің орны бөлек екендігін айтпасқа болмас. Концерт Моңғолиядағы тыңдармандардың сұранысымен, өнер жанашырларының ұйымдастыруымен өткелі жатқанын айта өткен жөн. Сонымен, наурыз күнi Моңғолияның астанасы Улаан Баатор қаласында және наурыз күндерi Баян Олгий аймағында Ұлыстың ұлы күні Наурыз мерекесі қарсаңында «Меломен» тобы Сіздерді күтеді. Ал жүрегімен өнерді, әнді сүйетін жігіттерге сәттілік!
Арнайы "Массагет" үшін: Ботагөз Жүсіптегі
Сурет: spinnerette1.rssing.com
Қ. Қауымбек