- Негізгі бет
- Музыка
- Ән салшы, гитара!.....
Ән салшы, гитара!..
Гитара ұстап жүрген жанды көре қалсақ, "Қане, ән салшы" деп қолқа салуға дайын тұрамыз. Әннен ерекше шабыт алатын әнші де гитарасын қолына алып, шырқай жөнеледі. Сізге де, бізге де музыкадан шабыт сыйлап, жанымызға рахат беріп тұрған бұл не құдірет? Әрине, гитара! Ал сол ерекше аспаптың тарихын сіз білесіз бе? Бұл аспапты неге "гитара" деп атаймыз? Ойланып көрмедіңіз бе? Ендеше, көзіңізді төменге жүгіртіп өтіңіз.
Алғашқы гитара қашан және қайда пайда болған?
Гитара – ерекше музыкалық аспап түрі. Сонымен қатар, бұл аспап түрін «сегіз қырлы, бір сырлы» десек те артық айтқандық емес. Өйткені айрықша аспаптың аккустикалық және электрогитара сияқты т.б. түрлері бар.
Гитараның өмірге келуі
Бұл аспаптың тарихы тым тереңде жатыр десем, сеніңіз! Б.з.д. III мыңжылдықтарда қазіргі гитаралардың түпнұсқалары жарық көрген. Библиялық ертегілерде ұшырасатын шумер-вавилондықтардың ішекті аспаптары осының айғағы. Бұл заттай деректер Месопотамия жеріне жүргізілген қазба жұмыстары кезінде табылған. Ежелгі Египет пен Үндістанда да осы аспапқа ұқсас заттар табылғаны тағы бар. Олар: набла, нефер, Египеттік цитра, және Үндістандық ситра мен вина. Ал сол кездерде Грекия мен Римде гитарамен туыстас ежелгі кифара аспабының аты аспандап тұрды.
Алғашқы гитаралар
Ұзын мойнымен жабдықталған ішекті шертпелі аспаптар ежелгі заманнан бар. 1470 жылдардан бастап қазіргі гитараларға ұқсайтын аспаптар дүниеге келе бастады.
Әлемдегі ең алғашқы гитара деген атпен атақты аспап бүгіндері Лондондағы корольдық музыкалық мұражайда сақтаулы тұр. 1581 жылы Лиссабонда жаслаған бұл аспап Мельчиор Диастың атымен тығыз байланысты. Ол 15 ғасыр мен 16 ғасырдағы аспаптың бір-бірінен айырмашылығы көп екендігін көрсетті.
Оны біз гитараның құрылымына қарап ойланбастан мойындай аламыз. Диастың құрастыруымен жасалған гитара палисандр ағашынан жасалған. Қазіргі гитаралардың нағыз шығу тегі осы гитарамен байланысты деп айтуға болады.
«Гитара» сөзі қайдан шықты?
«Гитара» сөзі санскрит тілінің екі сөзінен құралған: «сангита» - «музыка» деген мағынаны береді; ал ежелгі парсы тілінің «тар» сөзі – «ішек» деген мағынаны білдіреді. Басқа да мәліметтерге сүйенсек, «гитара» «төрт ішекті» деген мағынаны білдіретін санскриттік «кутур» деген сөзден де шыққан екен.
Орта ғасырда гитара аспабы әсіресе Испанияда танымал болды. Латын гитарасы деген атпен алғаш рет бұл елге аспап Римнен жеткен еді. Ал мавритандық гитара деген атпен араб басқыншылары арқылы да таралды.
Испанияға кең таралған бұл аспапты жергілікті халық 5 ішекті қылып дүниеге әкелді. Осындай гитаралар испандық гитара деген атқа ие болды. XVIII ғасырда испан гитараларына тағы да бір ішек қосылып, алты ішекті шертпелі аспап болып шыға келді.
Қаншама ғасырды артқа тастап бұл аспап келе-келе біздің де қолымызға жетті.
Дайындаған: Ақерке Әбілхан
Сурет: vk.com
А. Әбілхан