Шертер - қазақ халқының шертпелі музыкалық аспабы

Шертер - қазақ халқының шертпелі музыкалық аспабы

Шертер – қазақ халқының көне шекті музыкалық аспабы. Кей деректерге сүйенсек, бұл аспап домбыра мен қобыздың арғы тегі болып саналады.

Сырт келбеті қобызға жақын, көлемі жағынан домбырадан кіші. Аспапта бір ғана бұранда болады. Шертер аспабы ағаштан ойылып, шанағы ешкі терісімен қапталған. Ішегіне аттың қылы тағылады. Ішектердің бір басы бұрандаға, бірі басқы жағына бекітіледі. Аспап ұзындығы 65-70 см-ден аспайды. Шертер аспабында ойнау тәсілі домбыра тартуға ұқсайды. Дыбыс күші қапталған тері мен ішектердің қалыңдығына байланысты. Бастапқы кезде аспапта перне болмаған. Көп ұзамай перне орнатылып, аспаптың беткі жағы біраз өзгеріске ұшыраған.


Шертер аспабын ән-жыр, аңыз-әңгімелер айтылған кезде тартқан. Көбіне бақташылар арасында кеңінен танымал болған. Қазақтың көне шертпелі музыкалық аспаптарының бірі болғандықтан аспап шертер деп аталған.


Шертер аспабы көне және жаңа деп екі түрге бөлінеген. Көне түрінің сыртқы келбетіне байланысты қасық шертер, үшбұрышты шертер деген түрлері бар. Үшбұрышты шертер Тува халқында сақталып, кеңінен қолданылады. Ал қазіргі жаңа түрінің сыртқы келбеті қалаққа ұқсайды. Аспаптың қалақ түрі оркестрлерде пайдаланылады.

Суреттер ғаламтор беттерінен алынған.

Ғ. Ұзақ