"Ақмаржан" - атауын халық берген ән

"Ақмаржан" - атауын халық берген ән

Қазіргі таңда қазақтың бірде-бір салтанатты бас қосуы әнші Заттыбек Көпбосынұлының «Ақмаржан» әнінсіз өтпейді. Дәстүрлі «Жар-жар», кейін «Жас жұбайлар», «Той жыры» әндерімен қатар шырқалатын «Ақмаржан» халықтың ерекше ықыласына бөленген ән. Дүниеге келгеніне аса көп уақыт өтпесе де, ән кеңінен танылып, қазақ тойының көркіне айналды.

Әннің авторы әрі орындаушысы әнші-термеші Заттыбек Көпбосынұлы. Ал сөзін ақын Баян Бекетова жазған. Бұл әннің айтарлықтай тарихы жоқ. Арнайы тапсырыспен жазылған ән де емес.

«Ақмаржан» әні шыққан кезде ел арасында «Заттыбек бұл әнді әйеліне арнапты. Оның аты Ақмаржан екен», «Қызының аты Ақмаржан, соған арналған» деген әңгімелер өрши түседі. Тіпті, әнші Қызылорда қаласына гастрольдік сапармен барғанда оған: «Аға, әнді күрішті өлкеге арнап жазғансыз ба?» деген сияқты сұрақтар қойылған. Алайда, бұл сөздердің бірде-бірі әннің туу тарихымен байланысты емес.

Ақын Баян Бекетова

Ән кездейсоқ жағдайда дүниеге келген. Бірде Заттыбек Көпбосынұлы халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Баян Бекетованың «Үмітім менің» атты өлеңдер жинағын оқып отырып, көзіне «Көгершін болып кеткенмін» деген жыр жолдары түседі. Өлең жолдарының ұнағаны соншалықты, әнші өз сүйіспеншілігін әнмен жеткізуге бел буады. Бұл 2004 жыл болатын. Әнші дайын әнге өңдеу жасап, өзі орындай бастайды. Әуелгі баста ән аты «Көгершін болып кеткенмін» болады. 2007 жылы «Жебе» киностудиясы әншіні жаңа жылдық бағдарламаға түсіреді. Кейін әнші Алматыда өткен «Шаншар» әзіл-сықақ театрының концертінде шырқайды. Осы кезде ән халыққа кеңінен таралып, «Ақмаржан» болып таныла бастайды. Осылайша «Ақмаржан» деген ән атауын халық береді.

Ән бірден халықтың қошеметіне бөлінеді. Бірақ та, ән авторы Заттыбек пен ақын Баян Бекетова бір-бірін білмей жүреді. Кейін әнші ақынды іздестіріп, хабарласып Шымкенттегі алғашқы концертіне шақырады. Сол концертте ақын да, әнші де бірінші рет ел алдында кездесіп, танысады. Халыққа Заттыбек Көпболсынұлы деген әншіні «Ақмаржан» әні танытқан. Алғашқы шығармашылық кешін де әнші осы атпен берген.

Ақмаржан
Ән авторы әрі орындаушысы: Заттыбек Көпболсынұлы

Сөзін жазған: Баян Бекетова

Қоштасып ек жанардан жақұт құлап,
Жұбатты кеп ақ жеңге уақыт бірақ.
Көрінесің көңілді ал шынында,
Сенен гөрі мен екем бақыттырақ.

Қайырмасы:
Бар асылым, қимасым, жанашырым,
Дала сырың, тұп тұнық қарашығың.
Сенің сырлы сәтіңді аңсадым ғой,
Тағынғанда ақмаржан дала шығын.

Тербетілем өлеңнің құшағында,
Бауырыма ып ыстық қысамын да.
Тереңдерге сүңгимін, қарсы ағамын.
Ерік бермей екпінді күш ағынға.
Қайырмасы
Тұнығы бар көзіңде таза мұңның,
Сезбеппін ғой не екенін азабыңнан
Көгершін боп көңілім алып ұшар,
Аспанымен бұлбұл бақ базарының
Қайырмасы
Сені іздедім алысым, неге іздедім.
Ажырамас әлде сен егіз бе едің.
Дәл қазыргі сәттегі сағынышым,
Дауыл күнгі толқыған теңіз бе едің.

Дайындаған: Ғазиза Ұзақ

Суреттер: oks.kz, anatili.kz

Ғ. Ұзақ