- Негізгі бет
- Музыка
- "Алматы – іңкәрім...
"Алматы – іңкәрім менің" фестивалінде Bad boys blue тобы "Қызыл өрікті" шырқады
Осымен XV рет өткен "Алматы - іңкәрім менің" фестивалінде әйгілі Bad boys blue неміс тобы "Қызыл өрікті" шырқады деп хабарлайды massaget.kz. Мерейтойлық фестивальге отандық әншілерден басқа Bad boys blue тобы, Николай Басков, Михаил Боярский және танымал жұлдыз Адриано Челентаноны айнытпай салатын Маурицио Швейцер арнайы келіпті.
Фестиваль жаңалығы аңызға айналған кинотуындылардың тақырыбында ән салу болды. Сонымен қатар, "Алматым - іңкәрім менің" фестивалінің 15 жылдығына орай өнерге сіңірген еңбегі үшін өнер қайраткерлеріне мерейтойлық мүсіншелер берілді. Фестиваль шымылдығын ашқан Роза Рымбаева өзі түскен фильм "Қош бол, Медеу" әнін айтты.
"Киноны қамтыдық, әртүрлі музыкалық фильмдерді айттық, ретро-әндерді де бұл фестивальде көрерменге ұсындық. Енді осы күнгі, осы заманғы суреттерді, қалалық емес, ауылдағы өмірді қамту қызық болар еді. Әсіресе осы тақырыптар біздің көрерменге қызық болады. Сол үшін келесі фестивальдерге тақырып іздейміз",-дейді Роза Рымбаева.
Әйгілі Адриано Челентаноны айнытпай салатын Маурицио Швейцер осы кештің жүргізушісі болған қазақстандық продюсер Баян Есентаевамен бірігіп ән айтты. Бұл жолғы фестивальдің құпиясы болған да осы жұлдыздардың бірігіп ән айтуы еді. "Точь в точь" бағдарламасында танылып, аты аңызға айналған Адриано Челентаноның Susanna деп аталатын әнімен бастаған Маурицио Баянды көргенде "Баяна" деп ән салуға көшті. Бұл кезде сахнаға Баян Есентаева төсек орнымен бірге көтерілген еді.
Ал ресейлік әнші Николай Басков Дариға Назарбаевамен бірігіп "Призрак оперы" мюзиклының әнін айтты.
Ал Д’Артаньян образын сомдаушы ресейлік әнші Михаил Боярский ат үстінде отырып "Д’Артаньян и три мушкетера" кинофильміндегі "Порадуемся" әнін салды.
Қазақстандық әншілер де аңызға айналған кинотуындылардың әндерін орындады. Соның ішінде Нағима Есқалиева тұңғыш рет ұлы Диас Абылаевпен бірге ән шырқады. Нағима мен Диас "Аргонавты, или хроника опасного путешествия" фильмінің саундтрегі "Арго" әнін айтса, фестивальдің тұрақты қатысушылары "Дос-мұқасан" тобы "Қайдасың?" әнін, "Жетіген" тобы "Красотка" фильмінің саундтрегі "Pretty woman" әнін, Айгүл Бабаева Mezzo тобымен қосылып "Strangers In The Night" әнін қосылып орындады.
Кеш соңы Алматы аспанын жап-жарық еткен отшашумен аяқталып, әншілер "Алматы - іңкәрім менің" фестивалінің көрермендерімен келесі жылы болатын фестивальге дейін қоштасты.
Автор: Ардақ Құлтай
Сурет: massaget.kz
А. Құлтай