Бобби Макферриннің тапқырлығы (видео)

Бобби Макферриннің тапқырлығы (видео)

Төмендегі ұсынылған видеода «Don't Worry, Be Happy» әнімен танымал 64 жасар америкалық әнші Бобби Макферрин октава көлемінде орналасқан әртүрлі биіктіктегі бес дыбыстан тұратын дыбыстар жүйесі – пентатониканың күшін аудиторияның көмегі арқылы көрсетеді.

«Don't Worry, Be Happy» әнімен танымал Бобби Макферрин және оның туындысы туралы бірнеше қызықты деректі ұсынамыз:

Бобби Макферрин «Уайымдама, бақытты бол» деген сөз тіркесін алғаш қонақта болғанда, қабырғадағы плакаттан көрген. Бұл алпысыншы жылдары батыста танымал болған үнді философы Мехер Бабтың сөзі болған екен. Мехер Баб өмірінің көп бөлігін үндемей өткізгендігімен атақты. Оның өмірі The Who тобына «Tommy» рок-операсын шығаруға себепкер болады. Макферриннің әніндегі осы атақты сөзді сол кезде Махер Бабтың ізбасарлары түрлі плакаттарға шығарып таратқан.

Боббидің туған жері - Манхеттен. Ал Американың қақ ортасында тұратын адамда Макферриннің әнінде байқалатын ямай акцентінің болуы мүмкін емес. Бұл біраз тыңдарманға Боб Марлидің әні деген жаңсақ пікір туғызады. Алайда, Боб Марли 1981 жылы қайтыс болған, ән болса, 1988 жылы шыққан. 

Әннің түпнұсқа орындауында ешқандай аспаппен сүйемелдеу жоқ, яғни акаппелла айтылған. Музыка тәрізді басты вокалды сүйемелдеп тұрған дыбыстар - Макферриннің өз даусы.

«Don't Worry, Be Happy» әні шыққан 1988 жылы Америкада Президент сайлауы болған. Сол кезде Бушты қолдайтын топ осы әнді өздерінің ұрандары ретінде қолданған. Бірақ Макферрин бұған бірден қарсылығын білдірген. 

«Don't Worry, Be Happy»  Billboard Hot 100 музыкалық ән-шеруінің алғашқы орнына шығып, Британияда екінші орынға дейін көтерілген алғашқы акапелла ән. 

1989 жылы бұл ән «Үздік ән», «Үздік жазба» аталымдары бойынша екі «Грэмми» жүлдесін алған. Ал Бобби Макферрин «Жылдың үздік әншісі» атанған. 

«Don't Worry, Be Happy» әнінің бейнебаянына америкалық актер, пародист Робин Уилльямс ешқандай гонорарсыз, тегін түскен. Ал бейнебаянның 90%-ы еш сценарийсіз, импровизация түрінде түсірілген. 

Дайындаған: Назерке Смағұл

Сурет: mlfilms.com

Y. Smaghul