Әлішер Каримов байқаудың шалалығын айтты

Әлішер Каримов байқаудың шалалығын айтты

"Жаңа толқын-2014" байқауына Қазақстан елінен барып, 10-шы орын алған Әлішер Каримов пен оның продюсері Алтынбек Рақметов байқаудағы шалалықтар жайлы айтып өтті, – деп хабарлайды massaget.kz тілшісі.

Продюсердің айтуынша, байқауда қатысушылар өзінің дайындап апарған әнін айтқызбайды, тіпті дайындап барған киімдерін де кигізбейді екен. Қатысушылар дайындап барған концерттік костюмдер шабаданнан шығарылмаған күйі жатыпты. Ал Әлішер болса "Жаңа толқын" байқауында өнерден басқасының бәрі есепке алынатынын баса айтты. Оған қарағанда елімізде өткен "Super Star KZ" байқауының әлдеқайда әділ өткенін айтады Әлішер.

"Мен байқаудың екінші күнінде "Әлия" әнін айтуым керек еді. Бірақ байқау ұйымдастырушылары менімен бірге дуэт айтатын адамның бұл әнді айта алмайтынын айтып, "Исповедь любви" деген әнді Татьяна Ширкомен тіпті басқаша айтқызып, мәжбүрледі. Бірақ бұған дейін Анастасия Стоцкаямен "Вены, реки" әнін айтасың деген. Бұл ән менің тембіріме мүлде сәйкес келмейтіндіктен, бірден бас тарттым. Ал Татьяна Ширкомен аз уақыт ішінде дайындалып, әнді бірге орындайтын болып шықтық. Әннің өзін де ұйымдастырушылар өздеріне қажетті етіп орындатқызды. Ал үшінші "Әрине" әніне қатысты, ол бастапқыда тек қазақ тіліндегі ән еді. Бірақ ұйымдастырушылар оны екі тілде айтуымызды ұсынды. Сол жерде әнді аударып беретін ақындар да бар екен. Сонымен қатар, оны зор дауысыммен емес, басыңқы дауыспен айтуымды өтінді,"- дейді Әлішер Каримов. Бірақ Әлішер бұл оған үлкен сабақ екенін, байқауға қатысқанына еш өкінбейтінін айтты: "Байқау көп нәрсе бермесе де, әйтеуір өміріме бірдеңе берді ғой. Бұл байқауға қатысу менің жас кезімнен келе жатқан арманым еді. Сол арманымды іске асырдым. Бұған дейін осы байқауға қатысқан әншілер де байқау барысында көп дүниені өзгертетінін айтса да, мен бәріне төтеп беремін деп ойлағанмын және бәрін өз көзіммен көруім керек болған. Бардым, қатыстым, көрдім. Менің ойымша, мен өз елімді жоғары деңгейде көрсете алдым".

Естеріңізге сала кетейік, Әлішер Каримов "Жаңа толқын-2014" халықаралық жас орындаушылар музыкалық байқауына қатысып, оныншы орынды иеленген еді.

Дайындаған: Ардақ Құлтай

Сурет: comode.kz

А. Құлтай