Қазақстандықтар «Жаңа толқын» халықаралық байқауын «Қазақстан» телеарнасынан тамашалайтын болады

Қазақстандықтар «Жаңа толқын» халықаралық байқауын «Қазақстан» телеарнасынан тамашалайтын болады

Тұңғыш рет «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясы «Жаңа толқын – 2014» жас әншілердің он үшінші байқауын Қазақстан аумағында тікелей эфирде трасляциялау құқығына ие болып отыр. Байқау 22 мен 27 шілде аралығында латвияның Юрмала қаласында өтеді, - деп хабарлады «Қазақстан» РТРК» АҚ баспасөз қызметі.

Тікелей эфирдегі трансляцияны қазақ тілінде белгілі журналист Асхат Садырбай жүргізеді. Онымен бірге «Дзинтари» концерттік залының сахнасындағы байқау туралы отандық эстарада жұлдыздары хабарлап тұрады.

Осы байқауға қатысу үшін 2014 жылы әлемнің 45 мемлекетінен 15000 жас талант өтінім білдірген болатын. Алайда, ақтық сайыста 13 мемлекеттен 16 қатысушы ғана бақ сынасады.

Аталған халықаралық байқауда Қазақстанның атынан Әлішер Кәрімов өнер көрсетпек. Ол 2005 жылы Superstar.KZ жобасына қатысып, танымал болды. Бұдан бұрын да халықаралық байқаулардың лауреаты атанды, 2001 жылы Витебск қаласында «Славянский базар» XX халықаралық өнер фестивалінде үшінші орын иеленіп, «Ресей БАҚ-ның арнайы жүлдесін» жеңіп алды. Сондай-ақ, 2007 жылы АҚШ-та өткен «World Champion ships of Performing Arts» музыка фестивалінде топ жарып, «Ереван шақырады-2012» халықаралық поп музыка фестивалінде үшінші орынға қол жеткізген. Жақында әртістің «Шүкір» атты үшінші альбомы жарыққа шыққан болатын.

Қазақстан биыл бұл байқауға 12-інші рет қатысқалы тұр. Әр жылдары біздің мемлекетімізден Дильназ Ахмадиева, Мақпал Исабекова, Айқын Төлепберген, Қайрат Түнтеков, Нұржан Керменбаев сияқты әншілер мен Rin’Go тобы қатысқан болатын. Өткен жылы Юрмалада біздің мемлекетіміздің намысын әнші Adam қорғады.

Әлішер Кәрімовтің продюсері Алтынбек Рахметовтің хабарлауынша, байқаудың алғашқы күні «Әлемдік хит» тақырыбында Әлішер Адриано Челентаноның (Adriano Celentano) «Confessa» әнін орындамақшы. Байқаудың екінші күні әнші «Жаңа толқын – 2010» байқауының екінші орын иегері украиндық орындаушы Татьяна Ширкомен дуэт орындайды. Байқаудың үшінші күні «Премьералар күні» деп аталады. Қатысушылар жаңа әндер орындауға міндетті. Әлішер көпшіліктің назарына «Әрине» әнін ұсынбақшы. Бұл әнді арнайы осы байқауға жас ақын Талант Арғынғали мен композитор Ғалымбек Исмбергенов жазған. Әлішер әннің бірінші бөлігін қазақ тілінде, екінші бөлігін орыс тілінде орындайды.

«Жаңа толқын» танымал музыканы орындаушылардың халықаралық байқауы тек Ресей мен Латвияның ғана емес, сонымен қатар жақын және алыс шет ел мемлекеттерінің кең көлемдегі музыкалық оқиғасы болып табылады. Сайыскерлердің жеңіске ұмтылуы, олардың сайыстық бағдарламасына миллиондаған телекөрермендердің қызығушылығын оятуы «Жаңа толқын» байқауының бүкіл Еуразия континентінің жыл сайын күтілетін музыкалық жаңалығы болып табылатыны даусыз.

Байқаудың басты мақсаты - дарынды жастарды анықтау. Байқауды алғаш рет ұйымдастыру туралы ұсынысты 2002 жылы Игор Крутой мен Раймонд Паульс тастаған еді. 

Сурет: «Қазақстан» РТРК» АҚ баспасөз қызметі, Анар Мұстафина

Дайындаған: Анар Мұстафина

A. Mustafina