- Негізгі бет
- Музыка
- «Аялаған Астана» балалар...
«Аялаған Астана» балалар музыкалық байқауының жеңімпазы анықталды
Биылғы жылдың 4, 5, 6 шілде аралығында Астана күніне орай ұйымдастырылған «Аялаған Астана» балалар телевизиялық музыкалық байқауы өз мәресіне жетті. Финалдық кезеңде Қазақстанның әр аймағынан жиналған 17 дарынды бүлдіршін ерекше қойылымдарымен көпшілік алдында өнер көрсетті. Басты мақсат – байқаудан озып шығып, Қазақстанды «Балалардың Жаңа толқынында» таныстыру және 1 миллион теңгеге ие болу еді.
Халықаралық әділқазылардың шешімі мен тікелей эфирде SMS-дауыс берудің нәтижесі бойынша «Аялаған Астананың» жеңімпазы болып астаналық Мұхаммедәли Жүгінісов атанды. Ол байқаудың үш күнінде де алдыңғы орында болып, әділқазылардың ең жоғарғы бағаларына ие болды. Осылайша осы жылы ол Қазақстан атынан «Балалардың Жаңа толқыны» байқауында өнер көрсетеді. Оған қоса, Мұхаммедәли 1 миллион теңгені иеленді. Байқау аяқталған соң жас өнерпаз: «Менің арманым «Балалардың Жаңа толқыны» байқауына қатысып қана қоймай, Майкл Джексон секілді және ағам Рүстем Жүгінісов сияқты әнші болу», - деп пікірін білдірді.
1 орынды Орал қаласынан Дания Ишанқұлова, 2 орынды – «Балапандар» триосы: Луиза Нұрқуатова (Ақтау), Алдияр Орекен (Екібастұз), Жанайкерім Өтегенова (Қостанай), 3 орынды – Алматыдан Ясмин Мажитова иеленді. Сонымен қатар, Дания Ишанқұлова «көрермендер көзайымы» аталымы бойынша жеңімпаз атанды. Астана қаласы әкімдігінің арнайы сыйлығы Павлодар қаласының қатысушысы Настя Першиковаға бұйырды. Ал, қызылордалық Диас Омар «Нұр-Отан» партиясының сыйлығына ие болды.
Телевизиялық шоуда жас өнерпаздар Руслан Ботабаев бастаған «Zaratushtra Band» оркестрімен жанды дауыста ән айтты. Қатысушылардың кейбірі дуэтте және триода өнер көрсетті. Жалпы концерттік бағдарламаға 12 қойылым әзірленді.
«Балалық шақтың әнұраны» атты байқаудың бірінші күні қатысушылар балалар репертуарынан түрлі әндерді орындаса, екінші күні әйгілі мультфильмдердегі әлемдік хиттерді, «Атамекен» атты қорытынды күні жас әншілер Астанаға, барша қазақстандықтарға арнап ән салды.
Естеріңізге салсақ, «Аялаған Астана» - Астана қаласы әкімдігінің бастамасымен және «Нұр Отан» ХДП қолдауымен жүзеге асқан жоба. Алғаш рет «Аялаған Астана» музыкалық телевизиялыық балалар байқауы 2013 жылы өткізілді. Осы жылы іріктеу кезеңінде Қазақстанның 16 қаласынан 1000-ға жуық дарынды бүлдіршін бақ сынады. Олар: Алматы, Талдықорған, Тараз, Шымкент, Қызылорда, Қостанай, Орал, Атырау, Ақтау, Ақтөбе, Қарағанды, Павлодар, Семей, Көкшетау, Петропавл, Астана. Барлығы іріктеуде 8 бен 12 жас аралығындағы 1000 бала өнерлерін көрсетті. Байқауға әнді сүйетін, сахнада өнер көрсетуді армандайтын балалардың барлығы шақырылды.
Сурет: "Аялаған Астана" баспасөз қызметі
Дайындаған: Анар Мұстафина
A. Mustafina