Қайрат Нұртастың MCKZ арнасына қатысты дауына адвокаттар араласып жатыр (Аудиосұхбат)

Қайрат Нұртастың MCKZ арнасына қатысты дауына адвокаттар араласып жатыр (Аудиосұхбат)

Қайрат Нұртастың арт-директоры Лаура Бекболатқызы 4 шілде күнгі MCKZ арнасының тұсаукесер кешінде болған даулы оқиға туралы massaget.kz сайтына сұхбат берді.

Оның айтуынша, шара әу бастан телеарнаның тұсаукесер кеші ретінде ойластырылып, Қайрат Нұртаспен осылайша келісімшарт жасалған. Қайрат Нұртас қонақ болатын кешке одан бөлек Бүркіт пен Айша, Ақбота Керімбекова, Аша Матай секілді әншілер қатысуы керек болатын. Десе де, Лаура Бекболатқызының айтуынша, интернет арқылы билет сататын кейбір сайттарда шара Қайрат Нұртастың жеке кеші ретінде таныстырылып, сауда жасалған. "Осы мәселе бойынша арна басшылығына ресми ескерту жасалса да, олардың тарапынан ешқандай реакция болмады", – деді менеджер. Оның айтуынша, орын алып отырған түсініспеушіліктердің түп тамыры осыда. 

Жарияланған негізгі ақпаратта концерттің Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында болатындығы көрсетілген еді. Дегенмен концерттің қойылатын орны ойда жоқта өзгертіліп, жаңа орын шараның басталуына шамамен бір жарым сағат қалғанда ғана белгілі болды. Бірақ ол жерге ұйымдастырушылардың өздері барып бой көрсетпеген. Телефондарын көтермей, сол күйі хабарсыз кеткен. "Концерттің ұйымдастырылу жұмыстарына біздің қатысымыз жоқ болса да, халық тарапынан түсініспеушілік болмасын деп автобус жалдап, жұртты Райымбек көшесіндегі "Дәулет" мейрамханасына өзіміз тасуға мәжбүр болдық. Сол жерде халыққа өзіміз концерт қойып бердік. 200 адам ғана сиятын ресторанға жиылған халық орын таба алмай, қысылып, ауа жетпей қиналды", – дейді арт-директор

Келісімшарттағы өзге де пункттердің орындалмауына байланысты менеджер MCKZ арнасының басшылығының үстінен құқық қорғау органдарына арыз беретіндігін айтты.

Қайрат Нұртастың арт-директорымен болған сұхбаттың толық аудионұсқасын төмендегі видеодан тыңдай аласыздар:

Осы мәселеге байланысты пікірін білу үшін Массагет сайты MCKZ арнасы қарайтын "KZ STILE" ЖШС-на хабарласып көрді. Дегенмен басшылардың телефондарының өшіп тұруына байланысты олармен тілдесу мүмкін болмады.

Естеріңізге сала кетелік, бұған дейін MCKZ музыкалық арнасының ашылу кешінде Қайрат Нұртастың басының дауға қалғандығын айтқан болатынбыз.  Жиылған көрермендер концерттің тиісті дәрежеде ұйымдастырылмауын алға тартып, Қайрат Нұртастан ақша талап еткен еді.

Дайындаған: Еркебұлан Сатқанбаев

сурет: ©massaget.kz, видеода қолданылған сурет fotohost.kz сайтынан алынды.

Е. Қайрахан