Үздік кавер жаса да, Кореяға жолдама ұтып ал!

Үздік кавер жаса да, Кореяға жолдама ұтып ал!

Жаз, музыка, достық! 1 шілде күні Алматы және Қазақстанның дарынды жастары жиналып, ең үздік кавер орындаушы және Кореяға жолдама үшін бір-бірімен сайысқа түседі.

Өздеріңіз білетіндей, жыл сайын өтетін «Spring K-pop Festival» дарынды жастардың басын қосып, k-pop бишілері мен әншілерінің билері мен әндерін үздік орындаған өнерпаздарды марапаттайды. Бұл жылы фестивальге біраз өзгешелік еніп, «Халлю» және «Spring K-pop Festival» фестивальдері біріктірілді. Сәйкесінше қатысушы топтардың деңгейі мен сапасы айтарлықтай жоғарылады.

«Grand K-pop Festival 2014 in Kazakhstan» екі кезеңнен тұрады – іріктеуші айналым және финал.

Бірінші кезеңге кавер-би, кавер-әуен және жаңа категория кавер-микс – бір номерде кавер-әуен және кавер-би категориялары бойынша 100-ден астам топ қатысады, солардың ішіндегі ең мықты өнер көрсеткендері ғана финалдық кезеңге өтіп, кәсіби әділқазылар мен көрермендердің алдына шығуға мүмкіндік алады.

Әділқазылардың қатарында талантты және танымал би тобы Wake Up тобы да бар. 

Іріктеуші кезең 28 маусым күні Корей мәдени орталығында өткен болатын. Ал финал – 1 шілде күні, сағат 16:00-де Ө.Жолдасбеков атындағы студенттер Сарайында өтеді деп жоспарланып отыр.

Фестивальдің Бас Жүлдесі – Кореяға жолдама!

Арнайы к-поп музыкасының тыңдармандары мен жиналған көрермендерге тосын сый! Wake up тобы өздерінің ең мықты нөмірлерін дайындады!

Wake Up – бұл ерекше би жобасы, барлық нөмірін шоуға айналдыра алатын топ! Топ мүшелері бидің кез келген жанрында өнер көрсете алады. Қазақстанда өткен би жарыстарының бірнеше дүркін жүлдегерлері, Қазақстан эстрада жұлдыздарының 30-дан астам музыкалық бейнебаянына түскен.

Корей өнері мен k-pop-қа қызыққан барлық жасты концертке шақырамыз!

Сурет: yesasia.ru

Дайындаған: Анар Мұстафина

A. Mustafina