- Негізгі бет
- Музыка
- «Аялаған Астананың» финалистері...
«Аялаған Астананың» финалистері анықталды
Сарапшылар балаларға арналған ұлттық музыкалық «Аялаған Астана» телевизиялық байқауының республикалық іріктеуінің финалистерін анықтады. Финал Астана қаласында 2014 жылдың 4, 5, 6 шілде күндері Астана күніне орай өткізіледі. Байқау ұйымдастырушылары «Нұр Отан» ХДП, Астана қаласы әкімдігі, Астана қаласының Мәдениет басқармасы, «АРС» продюсерлік компаниясы және «Евразия» бірінші арнасы жүлдегерге Қазақстанды халықаралық «Балалардың Жаңа Толқыны» байқауында таныстыруға мүмкіндік береді.
Осы жылғы іріктеу кезеңдеріне Қазақстанның 16 қаласынан дарынды балалар қатысты. Олар: Алматы, Талдықорған, Тараз, Шымкент, Қызылорда, Қостанай, Орал, Атырау, Ақтау, Ақтөбе, Қарағанды, Павлодар, Семей, Көкшетау, Петропавл, Астана қалаларының өнерпаздары. Бүлдіршіндер әділқазылар алқасына өздерінің туған өлкелерін таныстырып, өнерлерін көрсетті. Іріктеуге 8-12 жас аралығындағы барлығы 1000-ға жуық бала қатысты.
Өте қиын іріктеу кезеңінен кейін жартылай финалға ең дарындылар ғана өтті. Олар: Луиза Нұрқуатова (Ақтау қ.); Замира Сағадиева (Зеренді с.); Дания Ишанқұлова (Орал қ.); Мұхамедали Жүгінісов (Астана қ.); Ділназ Төлеген (Қызылорда қ.); Диас Омар (Қызылорда қ.); Анастасия Першикова (Павлодар қ.); Жахан Қабыкен (Астана қ.); Малика Самағұлова (Павлодар қ.); Ділнұр Біржанова (Қарағанды қ.); Ғалимұрат Әбдіманапов (Астана қ.); Жанайкерім Өтегенова (Қостанай қ.); Алдияр Орекен (Екібастұз қ.); Ясмин Мажитова (Алматы қ.); Сағынған Қуанған (Астана қ,); Әділет Мейрамбеков (Астана қ.).
Жаңа таланттарды Қазақстанның жас жұлдыздары тыңдап, өз бағаларын берді. Олардың қатарында Маржан Арапбаева, Нұрлан Албан, Батыр Байназаров, Данияр Өтеген («Rin’Go» тобы), АDAM, Алмас Кішкенбаев, Айқын, Әлішер Кәрімов, Әнел Арынова, Ерболат Беделхан («Орда» тобы) және тағы басқалар болды. Тәлімгерлер тек іріктеу жүргізіп қана қоймай, кішкентай бүлдіршіндерді жылы қабылдап, қолдау көрсетті.
Жартылай финалистер 2014 жылы маусым айында, бір ай бойы Астанадағы музыкалық мектепте өздерінің вокалдық қабілеттерін шыңдап, вокал, сольфеджио, актерлік шеберліктен сабақ алатын болады. Лина Арифулинаның (Мәскеу қаласы) кәсіби мамандары балаларды Руслан Ботабаев жетекшілік ететін «Zaratushtra Band» оркестрінің сүйемелдеуімен өтетін телевизиялық шоуға дайындайды. Финалға дейін 12 концерттік номер дайындалады. Қатысушылардың бірі солист ретінде, екіншілері дуэт, трио болып өнер көрсетуі мүмкін.
«Аялаған Астана» байқауының финалы 3 күн өтеді: «Балалық шақтың әнұраны» (4 шілде), «Жұлдыздармен дуэт және әлемдік хит» (5 шілде), «Атамекен» (6 шілде). Осы күндердің қорытындысы бойынша халықаралық әділқазылар мен телекөрермендер жүлдегерді анықтайтын болады. Айтып өткендей, Гран-Приді жеңіп алған қатысушы Қазақстанды «Балалардың Жаңа Толқыны» байқауында таныстырады. Оған қоса, 1, 2, 3 орын, көрермендер көзайымы және 1 миллион теңге (ол баланың творчестволық дамуына жұмсалады) көлеміндегі ақшалай сыйақы да бар.
Жолдаған: Торғын Әбушахман
Дайындаған: Мейіргүл Оңғарова
Сурет: "Аялаған Астана" балалар ән байқауының баспасөз қызметі
М. Оңғарова