«Шарапат» тобы: "Қазақтың өнерін жасы да, қарты да тыңдаса дейміз"

«Шарапат» тобы: "Қазақтың өнерін жасы да, қарты да тыңдаса дейміз"

Продюсер Нұржан Тойшының электромбыраны тұңғыш рет сахнаға алып шыққан "Алдаспан" атты жобасын көпшілігіміз білеміз. Ал оның тағы да ерекше жобаларымен таныспыз ба? Ендеше, танысып қояйық – "Шарапат" тобы! Топтың басты жаңалығы – электрожетіген болып отыр. Төрт адамнан тұратын топтың әрбір мүшесімен таныс болайық.

Ал, жігіттер, сіздермен таныс болайық. Қай жақта туып өскенсіздер, осыған дейін музыкалық байқауларға қатыстыңыздар ма?

Рафхат Ізден, электрожетіген:

- 1990 жылы Маңғыстау облысы Шетпе кентінде дүниеге келгенмін. №6 орта мектепте, кейін Ақтау қаласындағы мектепте оқыдым. Сол қалада музыкалық колледжді аяқтаған соң Алматыға келіп, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясын бітіргелі жатырмын.

Рафхат, топтың жаңалығы саналатын тұңғыш электрожетіген сіздің қолыңызда. Дәстүрлі жетіген мен электрожетігеннің айырмашылықтары жайлы туралы айтып берсеңіз.

- Бұл да дәстүрлі жетігеннің диапазонымен бірдей дауыс шығарады. Бірақ бір айырмашылығы – гавай гитарасына ұқсайтын пернелі мойын қосылған. Неге десеңіз, дәстүрлі жетігенде егер оның құлағын бір рет келтіріп, алатын болсақ, мұнда әртүрлі композиция орындайтын болғандықтан, қосымша шек жалғанған. Және тағы бір ерекшелігі бұл жинақы, кішігірім нұсқасы.

Қанат Ботабаев, «Шарапат» тобының ұрмалы аспабында:

- Қызылорда қаласында туғанмын. №172 қазақ орта мектепте оқыдым. Мектеп кезінен-ақ музыкаға әуестігім болды. Содан Қазанғап атындағы музыкалық колледжге түстім. Ол жерде екі жыл оқып, үшінші төртінші курстарды Алматы қаласындағы Чайковский атындағы музыкалық колледжде бітірдім. Одан кейін Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясында оқып шықтым. Бірнеше рет республикалық конкурстардың лауреаты атандым. 2008 жылы өткен «Жасыл дабл» халықаралық фестивалінің дипломанты болдым. Түрлі байқауларға қатысып, Америка, Түркия, Германия, Үндістан сияқты елдерге бардым.

Өнер еліктеуден басталады дейді. Сіз кімге еліктейсіз?

- Әрине, еліктеу деген болады. Бірақ мен өз басым нақтылы бір адамды айтып, соған еліктеймін деп айта алмаймын.

Қандай аспаптарда ойнайсыз?

- Фортепианода және ұрмалы аспаптарға мамандандырылғандықтан сол аспаптарда ғана ойнаймын.

Ернар Кәкежанов, «Шарапат» тобының бас домбырашысы:

- Осы Алматы қаласында дүниеге келгенмін. Кейін Өскемен қаласына көшіп, сол жақтан Зырян ауданына қарасты Жаңабұқтырма орта мектебінде негізгі білім алдым. Сосын Абдуллин атындағы өнер колледжінде домбыра, прима мамандығын оқып шықтым. Сосын арман қуып Алматыға келдік. Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясында әзірге дейін білім алып жатырмын.

- Топтың негізгі аудиториясы кім болады?

- Қазақтың төл өнерін жасы да, қарты да тыңдаса дейміз. 

Есбол Жарылқасынұлы, «Шарапат» тобының ритм-соло домбырашысы:

- Мен Тараз қаласында туып өскенмін. Өнердің баспалдағын сол жақта бастадым деуге де болады. Жамбыл атындағы орта мектепті бітірген соң Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық колледжіне түстім. Онда музыкалық факультет болатын. Мен сол факультеттің күй сыныбын бітірдім. 2008 жылы Алматыға келіп, Құрманғазы қазақ ұлттық консерваториясының Халық әні кафедрасына түстім. Өнердегі ұстазым – Ардақ Исатаева. Қазіргі таңда сол оқу орнында бірінші курс магистрантымын. Байқауларға қатысқанмын. Тараз қаласында 2011 жылы өткен Кенен атындағы дәстүрлі әншілер конкурсында лауреат болдым. 2012 жылы Алматы қаласында өткен «Күміс көмей, жез таңдай» конкурсында да лауреат атандым.

- Жаңа топ құрып жатырсыздар. Қалай ойлайсыз, «Шарапат» тобы халыққа не береді?

- Бізде қазір эстрадалық әндер де, әншілер де өте көп. Дәстүрлі әндер жоқ деп айтпаймын, бар, әрине. Бірақ оның насихаты да, жарнамасы да аздау болып тұр. Меніңше, қазақтың қанына сіңген нәрсе еш уақытта ұмыт қалмайды. Тобымыздың басты бағыты дәстүрлі әндерді, жыр-термелерімізді эстрадалық жанрда насихаттауға арналады. Мен де өз басым осы жинап жатқан білімімді осы бір игі мақсатқа жұмсасам деймін.

- Сіз бұған дейін қарапайым домбырада ойнап келдіңіз. Енді электродомбыраны қолға алдыңыз. Осы екеуінің қандай айырмашылығы бар екен? Қазақ домбырасының қоңыр даусы бұзылмай ма екен?

- Менің ойымша, ән де, сөз де бұзылмайды. Ал әннің аранжировкасы заманның талабына сай жаңаша дауыста шығатын болады. Даусынан бөлек, екі түрлі домбыраның, әрине, өзгешеліктері бар. Одан шығатын дыбысқа ойнаушының өзі де үйрену керек екен. Сонымен қатар, электродомбырада ішегі темірден тартылады ғой, сондықтан да ойнау кезінде басқаша әсерде болатыным рас. Бірақ оның бәрі де келе-келе меңгерілетін дүние деп есептеймін.

- Ал, рақмет, жігіттер! Қадамдарың құтты болсын!

Әңгімелескен: Ардақ Құлтай

А. Құлтай