Алматыда "The Spirit of Tengri" фестивалі екінші рет өтпек

Алматыда "The Spirit of Tengri" фестивалі екінші рет өтпек

Алматы қаласында Tengri FM радиосын ұйымдастыруымен "The Spirit of Tengri" фестивалі тағы да өтеді, деп хабарлайды Tengrinews.kz.

Концерт 7 маусым күні Республика сарайында болады. Фестивальға Бурятия, Якутия, Аустрия, Жапония, Эквадор және тағы да басқа елдердің этникалық жанрда ән орындайтын өкілдері қатысады деп күтілуде. Олардың қатарында көмеймен айтатын әншілер, халықтық аспаптарда ойнайтын виртуаздар және ұлттық музыканың өзге бағыттарында ән шырқайтын шеберлер бар. Концертте еліміздің де әртістері өнер көрсетеді. Этникалық музыка тыңдаушылары 12 музыкалық ұжымның өнерін тамашалайтын болады.

Жобаның бас режиссері Сергей Майбороданың айтуы бойынша, бұл жолғы фестивальдің тематикасы өзгереді, алайда дәл қандай болатынын ол құпия қалдырып отыр. Ұйымдастырушылар биылғы жобаның "Алматы - ТМД-ның мәдени астанасы" жылы шарасы аясында өтетінін айтты. Фестивальді Алматы қаласы әкімшілігі қолдап отыр, ал бас серіктесі – Kaspi bank.

"The Spirit of Tengri" этникалық музыка фестивалі бірінші рет 2013 жылы Алматы қаласында өткен болатын. Онда 11 музыкалық жұп өнер көрсеткен. Оның ішінде «Алдаспан» тобы, Hapanasasa этно-фолк ұжымы, жетігенде ойнау шебері Қорлан, әнші Найя және тағы да басқа музыкалық ұжымдар қатысқан. Еліміздегі тұңғыш рок-сахна ардагері – «Роксонаки» тобы ашқан еді.  

Дайындаған: Ардақ Құлтай

Сурет: The Spirit of Tengri

А. Құлтай