"Aldaspan" тобының жаңалықтары

"Aldaspan" тобының жаңалықтары

"Aldaspan" тобы "Жол" атты әнге жаңа бейнебаян түсіру жұмыстарын аяқтады. Бұл туралы Массагет порталына топ мүшесі Бахытжан Желдербаев хабарлады. 

"Бейнебаянды ақпанның ызғарлы күндерінде түсірдік. Ауырып та қалған жайымыз бар. Түсірілім жұмыстары Алматы қаласының шетіндегі тас жолда, Медеу шатқалында, "Da freak" клубында жүрді. Ең бастысы – бейнебаянды өзіміз түсіріп, өзіміз өңдеп, бояп жатырмыз. Біраз тәжірибе жинадық. Бейнебаян бұйырса сәуір айында бірнеше телеарнадан көрсетіледі. Сонымен қатар, Массагет порталына да жарияланады", - дейді Бахытжан өз сөзінде. 

"Aldaspan" тобының өз тыңдармандарына айтар тағы бір жақсы жаңалығы бар. Сәуір айының ортасына қарай топтың жаңа альбомының презентациясы болмақ. Презентация "Меломанда" баспасөз өкілдерінің қатысуымен басталып, клубта концертпен жалғасады. Концертке қонақ ретінде әншілер мен музыканттар қатысады. Бүгінгі таңда топ қызу дайындық үстінде. 

Нақты мәліметтерді жуырда Массагет порталынан оқи аласыздар.

Сурет: "Aldaspan" тобының жеке мұрағатынан 

М. Оңғарова