- Негізгі бет
- Музыка
- "Кеш мені" -...
"Кеш мені" - ұлы сезімнен туған ән
«Жігіттер» квартетінен бөлініп шыққан бойда Еркін Нұржанов жеке әнші ретінде тыңдарман қауыммен «Кеш мені» әнімен қауышады. Жарыққа шыға салысымен «Кеш мені» әні қарапайым тыңдарманның жүрегінен орын алып, кеңінен танылып, алғашқы бейнебаянын түсірді.
Әннің танымал болып, жылы қабылдануы әншіге, сазгерге, ақынға байланысты. Әсем әннің әуені мен сөзінің авторы белгілі сазгер Жарылқасын Дәулетов. Сазгердің айтуы бойынша, «Кеш мені» әні Шымкент қаласында дүниеге келген. Түнгі сағат он екі шамасында сазгер ән жазуға кіріседі. Өзін мына жалғанда жалғыз қалған жандай сезінеді. Әуелі әнін, кейін сөзін жазады. Таң сәріде ән дайын болады. Сазгер өзі айтып көріп, кейін әнші інісіне апарып береді. Алайда, ол әнді жүрегіне салып айта алмады. Күндердің күнінде сазгер ағасынан ән сұрап әнші Еркін Нұржанов келеді. Жаңа ән ұсынылған бойда, ол әншінің көңілінен шығып, оны өңдеу жұмыстары басталып кетеді. Кейін бейнебаян түсіріледі. Әншінің айтуы бойынша, бейнебаян қыз балалардың намысы мен ар-ожданын қорғайды. Себебі, қыздар махаббаты үшін ұлылыққа барады. Әншінің жеке өміріне еш қатысы болмаса да, Еркін Нұржанов әнді шебер орындап шықты. Жарыққа шыққан бойда ән халық арасына кеңінен тарап кетіп, жылы қабылданды.
«Кеш мені» - ұлы сезімнен туған ән. Махаббат лирикасы жанрында жазылған ерекше әндердің бірі. Астарында терең ой, тылсым сыр жатқандай. Нәзік сезім бе, әлде ұлы махаббат па белгісіз, бірақ та әсерлі ән жүректі бір сыздатқан әсерлі оқиғадан туғаны хақ. Ал сазгер болса, әннің өміріне қаншалықты қатысы бар екені туралы ешкімге тіс жармайды. Бәлкім, сазгер ұлы сезімді бастан кешірмесе, мұндай ғажап ән дүниеге келмес те еді. Қалай болғанда да, бізге беймәлім оқиға кейіпкерлері бір-бірін кешірді деп сенейік.
Еркін Нұржановтың репертуарындағы «Кеш мені» әнінің сөздері құдды бір мәтелге айналғандай. Әсіресе, кейбір сөздер жастар арасында күнделікті өмірде кеңінен қолданылып жүр. Бұл ән арқылы ренжіген талай жандар бір-бірінен кешірім сұрайтын көрінеді.
Кеш мені
Әні мен сөзін жазған: Жарылқасын Дәулетов
Орындайтын: Еркін Нұржанов
Сүрінген құлагер ем, жылаған жаным қоса,
Алдыңда тұра берем, не керек бәрін жаса.
Жанымды қашқан жігер түйіп ап орамалға,
Тереңге тастап жібер, соңғы рет қарап ал да.
Өр кеуде жанды биік, көндіріп мазағыңа,
Жатайын мәңгі күйіп, сен тартқан азабыңда.
Дүние кең шағында не кірді арамызға,
Осынау жер шарында екеуміз ғанамыз ба?
Бұрқанса байыпты күн дауылын шегерер ме?
Алдыңда айыптымын, жаным-ау, сөге берме.
Жарқ етсе сөнген ізгі ой, жойылар өкпе-нала,
Бәріміз пендеміз ғой, періште көкте ғана.
Жарқ етсе сөнген ізгі ой жойылар өкпе-нала,
Баріміз пендеміз ғой, періште көкте ғана.
Қайда сол көктем кеші, балқитын күшімен бой
Өтінем, кектенбеші, өкпеңді түсінем ғой...
Суреттер: mirtesen.kz
Massaget