Қазақстан намысын «Turkvizyon-2013» сайысында кім қорғайды?

Қазақстан намысын «Turkvizyon-2013» сайысында кім қорғайды?

Жақында Түркияның Эскишехир қаласында кең ауқымды "Turkvizyon-2013" музыкалық байқауы өтеді. Түркі тілдес халықтардың арасында "Евровидение" сайысынан кем түспейтін шараға Қазақстан атынан кім қатысатынын бүгін әділ қазылар анықтауда.

Ккез келген адамның 17-27 қазан аралығында сауалнама толтырып, іріктеу кезеңіне қатысуға өз өтініштерін қалдыруға мүмкіндіктері болды. Өтініш білдіргендердің арасынан әділ қазылар мен ұйымдастырушылар байқаудың шарттарына сай 34 әнді іріктеп алды. Байқауда ең біріншіден әнші емес, ән бағаланатынын ерекше атап өту керек. Әндерге қойылатын талаптың бірі – оның бұрын еш жерде орындалмауы, яғни су жаңа ән болуы. Сонымен қатар байқауға тек қазақ тіліндегі әндер қатыса алады.

34 орындаушы арасында жеребе тартылып, олардың шығу реті анықталды. Қатысушылар арасында Нұржан Керменбаев, Айқын, RinGo, Луина, КешYou сынды танымал орындаушылармен қатар, осыған дейін белгісіз болған жас әншілер де бар.

Нұржан Керменбаев сахнаға 9-шы болып шығады

"Classic" тобының жігіттері Ақылбек, Фархат, Қайрат пен Жомарт Алмас Кішкенбаевтың әніне жазылған Мәулен Ахметжанның "Сезім" әнін орындады.

Жас әнші Райхан Альмурзина Арман Дүйсенов пен Асқар Дүйсенбінің "Жігітім-ай" әнін сайысқа ұсынды. 

Ержан Нұрғалиев италиялық композитор Аугусто Амигучидің әуеніне жазылған Болатхан Төлебаевтың "Сен үшін" әнін ұсынды. Кеше ғана жазылып аяқталған әннің бір шумағы итальян тілінде орындалады. Ержан ағаның айтуынша, оның мақсаты әлемдік хитке айнала алатын ән орындау.

Танымал "RinGo" тобы «Turkvizyon-2013» сайысының іріктеу кезеңіне өздерінің орындаушысы Батыр Байназаровтың әніне жазылған өлеңді ұсынды. Айта кетсек, ән әлі аяқталған жоқ, өзгертулер енгізілуі әбден мүмкін. Әнге атау да беріп үлгермегеніне қарап, оның жаңадан жазылғандығын байқауға болады.

34 әннің арасынан ақтық сынға қатысатын 12 әнді әділ қазылар таңдау керек. Қазылар құрамына Еркеш Шакеев, Нұрлан Қаражігітов, Қыдырәлі Болманов, Толқын Забирова, Талант Арғынғали, Ноэль Шаяхметов, Люция Төлешова, Бейбіт Оралұлы, Ринат Гайсин, Арман Қарабаев сынды танымал композиторлар, продюссерлер, әншілер кірді.

Қазақстандық финал 24 қараша күні Астана қаласында өтетін болады, ал қорытынды SMS дауыс беру арқылы анықталады. Сол жерде жеңіске жеткен ән «Turkvizyon-2013» сайысында  2013 жылдың 17-23 желтоқсанында Түркияда Қазақстанның намысын қорғайтын болады.

Дайындаған және суретке түсірген: Сания Аринова

С. А