Моцарт шығармашылығына арналған кеш

Моцарт шығармашылығына арналған кеш

Кларнет, флейта, гобой, валторна, фагот және Моцарт музыкасы! Мемлекеттік үрмелі-ағашты аспаптар квинтеті әлемнің ұлы композиторы, Вена классикалық мектебінің айтулы тұлғасы Вольфганг Амадей Моцарт шығармашылығына арналған «MOZ-ART» атты бағдарламаға шақырады.

Квинтет композитор өмір сүрген дәуір мен ол туғызған шығармалар рухын жеткізу үшін сахнаға ХVIII ғасырдағы еуропалық костюмдермен шығады. Камералық музыка кешінде өзінің айрықша есту қабілетімен дараланған Моцарттың терең эмоцияға толы инструменталды әуендері мен басқа да шығармалары орындалады. Классикалық өнерде өлшеусіз табысқа жеткен дарынды австриялықтың өзі басқа да үзеңгілестері сияқты үрмелі аспаптар музыкасына ерекше ден қойған болатын. Оның бұл бағыттағы кесек туындылары көп. Мемлекеттік квинтет Моцарттың гобой, кларнет, фагот және валторнаға арналған концерттерін орындай отырып, оған тән мейірім мен махаббатты көрермендеріне паш етпек. Өнер ұжымы Жанат Ерманов (кларнет), Александра Швабенланд (флейта), Әл-Фараби Бақтияров (гобой), Манарбек Сәбитов (валторна) пен Алмаз Әшірбековтен (фагот) құралған, көркемдік жетекшісі - ҚР еңбек сіңірген қайраткері, В.А.Моцарт атындағы Еуропалық музыка академиясының түлегі Ж.Ерманов. Кеш Қазақтың Жамбыл атындағы мемлекеттік филармониясында қыркүйектің 19-ы күні өтеді, концерт әдеттегідей сағат 18.30-да басталады.

Жолдаған: Болатбек Мұхтаров

Сурет: fil.kz

А. Құлтай