- Негізгі бет
- Музыка
- "Отан-Ана" - жылдар...
"Отан-Ана" - жылдар бойы сандықта жатқан ән
Белгілі әнші Батырхан Шүкеновтың орындауындағы «Отан-Ана» әні патриоттық рух пен сезімді оятады. Нағыз қазақы болмысқа толы әдемі әннің авторы белгілі сазгер, Қазақстан Композиторлар одағының мүшесі, халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаты Қуат Шілдебаев. Ән сөзін ақын, Қазақстанның халық жазушысы Тұманбай Молдағалиев (1935-2011) жазған.
«Отан-Ана» әні өткен ғасырдың 80-жылдарының ортасында дүниеге келген. Қуат Шілдебаев өз естелік сөздерінің бірінде: «Түнгі сағат 2-нің шамасы. Ішімнен туған еліме, жеріме, Отаныма арнап жақсы ән шығаруды мақсат еттім. Бұл ән жүректі тербеп, туған өлкеге деген сүйіспеншілікті оятуы керек деп шештім. Бір нотадан кейін басқа ноталар жалғасып, күйсандықта ойнай жөнелдім. Әуен ойнаған сайын өзіме ұнап барады. Бір алып күш мені осы әуенді ойнай беруге итермелегендей болды,» - деп айтқан еді. Әуен дайын болған сәтте-ақ, сазгер таңның атуын тағатсыздана күтеді.
Күн рауандап атқан кезде, сазгер дереу Тұманбай Молдағалиевтің жұмысына жол тартады. Редакция бөлмесінде Қуат Шілдебаев әуенді орындап беріп, мәтіннің қандай болу керек екенін ақын ағасына айтады. Арада біраз күн өткен соң, ән мәтіні дайын болады.
Бірақ, сол кезде филологтар ән мәтіні түсінуге де, айтуға да қиын деп шешті. Сондықтан да ән сөздерінің екінші нұсқасын жазуға тура келеді. Ақын Ибрагим Исаев «Қызыл жауынгерлер» деп аталатын өлең жазып береді.
Өкінішке орай, жаңа ән өз орындаушысын таба алмай, біраз жыл сандықта шаң басып жатып қалды. Араға жылдар салып бұл ән өз орындаушысын табады. Кім білсін, егер де сол сәтте ән өз әншісін тауып, халыққа ұсынылса, дәл бүгінгі күндегідей танымал болар ма еді?!
Әнші Батырхан Шүкенов «А-Студио» тобынан кеткен кезде, оған сазгер Қуат Шілдебаев «Отан-Ана» әнін ұсынады. Әннің екі нұсқасын тыңдап болғаннан соң, ең алғашқы нұсқасын жаздыруды жөн санайды. Сазгер мен орындаушы үш ай үздіксіз жұмыс істеп, дайын әнге бейнебаян түсіріп, оны тыңдарман қауым назарына ұсынады.
Отан-Ана
Сөзін жазған: Тұманбай Молдағалиев
Әнін жазған: Қуат Шілдебаев
Орындайтын: Батырхан Шүкенов
Қиын жылдардан аман келеміз,
Асыл заман, саған сенеміз.
Жарқын өмір, жақсы күндер,
Арнап сәлем береміз.
Жерім құлпырды, барын берем деп,
Елім жасап-ау жатыр ер еңбек.
Ырысымыз тасып жатыр,
Алға бастық жеделдеп.
Қайырмасы:
Жайнап өмір,
Жұлдыз көгімде,
Тұр ғой жарқырап,
Көңіл көзді көп арбайды,
Қиялыңды түгел тартып ап.
Отан-Анадан қуат аламыз,
Алға жеңіспен біз барамыз.
Бақта бұлбұл сайрайды ұзақ,
Жайнайды кең даламыз.
Суреттер: mama51.ru, yvision.kz
Ғ. Ұзақ