«Астана жұлдызы» ұлттық музыка бәйгесі өтеді

«Астана жұлдызы» ұлттық музыка бәйгесі өтеді

«Астана жұлдызы» деп аталатын ұлттық музыка бәйгесі қазақстандық музыка саласындағы теңдесі жоқ құбылыс болуды мақсат тұтып отыр.

Соңғы кезде көбейіп кеткен музыкалық сайыстардан басты өзгешелігі «Астана жұлдызы» – бірінші  кәсіби музыкалық бәйге.    

«Астана жұлдызы» ұлттық музыка бәйгесінен үміткер өнерпаздар 15 аталым бойынша сарапқа салынады. 15 аталым Астана қаласының 15 жылдығы құрметіне орайластырылып отыр.   

Сайыста үздік өнерпаздарды 100 кәсіби маман – еңбегі сіңген әртістер, продюсерлер, сазгерлер, ақындар, музыка және fashion-өндіріс мамандары, БАҚ өкілдері бар Қазақстанның Музыкалық Академиясы таңдайды. Дауыс берудің осы жолы әлемдік деңгейде қолданылып жүр. 

Бірінші кәсіби музыка жүлдесінен үміткерлер қатарына 2012 жылдың басынан 2013 жылдың мамыр айына дейін табанды еңбек еткен өнерпаздар, шығармашылық бірлестіктер енгізілді.           

Сарапшылардың дауыс беруі үшін арнайы дауыс беру парақшасы дайындалған. Қазақстанның Музыкалық Академиясы мүшелерінің дауыс беруі екі кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңде 15 аталым бойынша қатысып отырған 350 үміткер арасынан лайықты деп танылған 45 қатысушы іріктеледі. Екінші кезеңде сол сарапшылардың дауыс беруімен 15 жеңімпаз анықталмақ.        

Болат Мажағұлов,  Астана қаласы Мәдениет басқармасының бастығы:     

"Еліміздегі ең елеулі де ауқымды мерекелердің бірі – Астана қаласының туған күні жақындап келеді. Биыл алаш жұрты келбеті көз тартар, әлем сүйсінген астанамыздың 15-ші туған күнін атап өтеді. Осыған орай «Астана жұлдызы. Ұлттық музыка бәйгесі» деп аталатын бірінші кәсіби бәйгені ұйымдастырып отырмыз.   

«Астана жұлдызы» ұлттық музыка бәйгесін дәстүрлі түрде жыл сайын өткіземіз деп жоспарлап отырмыз.  Басты шара 2013 жылдың 5 шілдесінде «Қазақстан» Орталық концерт залында өтеді. Неліктен «Астана жұлдызы?» Өйткені, Астанамыздың туған күні қарсаңында еліміздің барлық өнер жұлдыздары бір жерге жиналады.    

Марапаттау рәсімінде Қазақстанның музыка тарихында қайталанбас із қалдырған орындаушылар, сонымен қатар арнайы шақыртылған шетелдік қонақ, әлемдік сахналарды бағындырып жүрген Джамала өнер көрсетеді".    

Бибігүл Төлегенова, КСРО Халық әртісі:    

"Астана жұлдызы» ұлттық музыка бәйгесіне дауыс беруге 100 сарапшыдан құралған музыкалық академия таңдалғаны дұрыс. Бұл бастама мәдениетті әншілер, мәдениетті күйшілердің санын көбейтеді. Үміткерлерді зерттеп қарап, іріктеу жасау қазақ өнерінің дамуына үлес қосады.     

Өз басым сарапшы ретінде қазақы әншілерді таңдадым. Яғни, әні де, сәні де, болмысы да «қазақ» деп тұрған. Әншінің сахнада өз-өзін ұстауы, киімі, қимылы барлығы әншінің абыройына әсер етеді. Өз еліміздің патриоты болып жүрген жастарға қолдау көрсетуіміз керек. Шетелге еліктеп, «әншімін» деп жүргендер бұл бәйгеге қатыса алмайды".    

Жанна Орынбасарова, «Астана жұлдызы» ұлттық музыка бәйгесінің музыкалық продюсері:      

"Кеште арнайы шақыртылған шетелдік қонақ, әлемдік сахналарды бағындырып жүрген Джамала өнер көрсетеді. Джамала – авторлық әндерді джаз, соул, world music пен ритм-н-блюз жанрларында классика мен госпел элементтерін үйлестіре орындайтын әйгілі украиндық опера және джаз әншісі. Джамаланың өнер жолындағы алғашқы жұлдызды сәті Юрмаладағы жас орындаушылардың «Жаңа толқын – 2009» халықаралық байқауында жанған еді. Ол әділ қазылар алқасын өзінің ерекше даусымен тәнті етіп, әртүрлі жанрдағы әндерді орындау арқылы бас жүлдеге ие болды.      

Джамаланың есімі элитарлық музыкалық орталарда кеңінен белгілі, ал оның жеке шығармашылығын еңбек сіңірген әртістер мен белгілі музыканттар жоғары бағалайды.  Оның бұ шараға хэдлайнер ретінде қатысуы сапалы әндерді қолдаушыларға нағыз таң қаларлық жәйт болмақ және жоба мәртебесінің артуына септігін тигізбек".     

Эрик Тастембеков, продюсер:   

"Дода болу үшін өнер адамдарының арасында әрқашан бәсеке болуы қажет. Бұл әлемдік тәжірибеде бар дүние. Американың «Грэмми» сияқты әр елде өнер адамдарының еңбегін бағалайтын сыйлық болуы керек. «Астана жұлдызы» ұлттық музыка бәйге – жақсы бастама. Бұл бәйгеге қатысу үшін өнер майталмандары сапалы дүние жасап, өздерін көрсетуге тырысады. Еңбегі бағаланбай жүрген жандар бар. Өз-өздерін көрсете алмай жүргендер бар. Міне, сол адамдар үшін бұл сайыс – таптырмас мүмкіндік.   

Сарапшы ретінде дауыс беру үшін үміткерлерді мұқият қарап шықтым. «Астана жұлдызы» деген атқа лайық бола алатын орындаушыларға дауыс бердім. Болашақта да бәйге өз жалғасын табады деген сенімдемін".   

"Астана жұлдызы" ұлттық музыка бәйгесінің марапаттауы Астана қаласында, шілденің 5-і күні өтпек.   

Дайындаған: Сания Аринова

Суреттер ұйымдастырушылардын қорынан алынған

С. А