- Негізгі бет
- Музыка
- Асатаяқ - қазақ...
Асатаяқ - қазақ халқының көнеден келе жатқан музыкалық аспабы
Асатаяқ - қазақ халқының көнеден келе жатқан музыкалық аспабы. Тоқылдақ, сылдырмақ, сақпан сияқты сілкілмелі аспаптардың қатарында. Аспапта ойнау тәсілі айтарлықтай, қиын емес. Асатаяқты ырғап, сілкіп, шайқап ойнайды.
Ертеде бұл асатаяқты бақсылар мен абыздар қобыз, даңғара, дауылпаз сияқты музыкалық аспаптармен қатар науқастан айықтыру мақсатында қолданған. Асатаяқ басына мал басын орнатып, оған темір сақиналар мен салпыншақтар ілген. Бақсылар адамдарды емдеген кезде асатаяқты сілкіп отырып, оларды өздеріне қаратқан. Уақыт өте келе асатаяқ ән-күй әуеніне қосылып, би ырғағын сүйемелдеу үшін кеңінен қолдана бастады.
Асатаяқ аспабын үйеңкі, емен, қайың, жеміс-жидек ағаштарының бұтақтарынан жасайды. Басына темір металлдардан жасалған сылдырмақтар мен қоңыраулар ілінеді. Жалпы ұзындығы 110-130 см. Жасалу тәсіліне қарай «айшықты», «жылан басты», «жалпақ басты», «ай басты», «қалақша», «сопақша», «қобызбас» т.с.с. болып келеді. Аспапқа ою-өрнектер салынады.
Аспап П. Бекетов, Г. М. Броневский, Р. А. Пфеннинг, Шоқан Уәлиханов, Болат Сарыбаев т.б. белгілі зерттеушілердің еңбектерінде кеңінен зерттелген.
Қазіргі таңда асатаяқ кеңінен дәріптелуде. Ұлттық аспаптар оркестрлері мен этно-фольклорлық ансамбльдер шығарма орындаған кезде асатаяқ қолдануда.
Суреттер: dostoprim.almaty.kz, musicheritage.nlrk.kz
Ғ. Ұзақ