- Негізгі бет
- Кино
- Қайрат Нұртастың "Өкініші"...
Қайрат Нұртастың "Өкініші"
Кеше, 9 сәуір күні Алматы қаласында "Арман 3D" кинотеатрында жас әнші Қайрат Нұртастың өмірінен сыр шертетін "Өкініш" кинофильмінің тұсауы кесілді. Бұл жайында біз сіздерді бұрындары да хабардар еткен болатынбыз.
Кинофильмнің "көрсетіледісі" мен көрсетілгені жайында көкейімді тесіп бара жатқан көрермендік пікірімді айтып өткенді жөн санап отырмын. Әлі де қазақ кинотеатрларының экранына шығып үлгермеген бұл туындыны қайратшыл қауым асыға күтуде. Қайрат Нұртаспен "ауыратын" халық үшін бұл фильм голливудтық шедеврлерден де асып түсуі мүмкін. Мен үшін бұл туынды тек Қайрат Нұртасты таныстыру, оның атын брендке айналдыру (Мен емес, "Қайрат Нұртастың атын брендке айналдырамыз" деген анасының сөзі) мақсатында жасалған дүние сияқты. Қалай да қарайтын дүние ғой деп біз де Қайраттың киносы үшін көшеге асыққан көштен қалмай Арман кинотеатрына бардық. Әншіден киносыншылар түгілі, көрермен сын таппай қалатындай дүние күтпедім де. "Мамасының баласы" түскен кинофильмнің тұсау кесеріне қазақ эстарадасының жарқын жұлдыздары да жиналды. Көбі киноға өз үлесін қосқанын кейін біліп жаттық. Қызыл кілем үстінен жүріп өткен жұлдыздарды шетінін ішке қарай шығарып салдық. Қайрат Нұртас пен оның отбасы кинотеатрға өте кеш келді. Жарайды, кешігуді ар санамайтын қазақтың мұнысына кешіріммен қарап жүреміз ғой. Әйткенмен, басқа-басқа өз кешіне өзі кешігіп келетін той иесін енді көріп тұрмын.
Пресс-конференция кезінде әлі де жауабын таппай жүрген Қайрат Нұртастың өмірінен де сұрақтар қойылды. Анасы тек өнер жайында қойылатын сұраққа ғана жауап беретіндігін айтты.
"Кино неге "Өкініш" деп аталды?" деген сұраққа Қайрат: "Киноның атын "Өкініш" деп қойған мен едім. Әдейі осылай қойдық. Жұрт "Бұл неге өкінді екен?" деп ойласын дедік", - деп қысқа қайырды. Рас, біз де солай ойлап келгенбіз. "Киноның 70 пайызы шындыққа жанасады. Ондағы көптеген оқиғалар Қайраттың өмірімен тығыз байланысты. Кинодағы Қайраттың әкесінің баласына ашуланып ұрсуы да дәл өмірдегідей", - деді әншінің анасы, әрі продюсері Гүлзира Айдарбекова.
Кинофильмде өз рөліне адал болған тек бір-екі адамды ғана айтып өткім келеді. Олардың бірі - Мира Келімбетова.
Қайраттың шашбауын көтеріп жүрген топтың бір мүшесі саналатын Мира кинода өзінің әртістік шеберлігін жақсы көрсете алды. Ол жаттап алған сөздерін ежелеп отырған Қайраттың өзін де, анасын да жетектеп жүргендей болды. Азия тобының әншісі Ренат Баситовтың да беріліп ойнағаны көрініп тұр. Әсіресе, киноның соңында мүгедек адамның кейпіне енген Ренат көрерменнің көңілін босатты.
Айтпақшы, кино аяқталғанда кинотеатрдан қоларбаға танылған мүгедек кісіні де байқап қалдық. Шамасы, Ренат осы кісінің образын алып шыққан көрінеді. Өйткені Ренаттың кинодағы ауру қылығы дәл осы кісініңкіндей. Бірақ Ренат киноның басындағы көріністерде онша ашыла қоймады.
Қайраттың әкесі Нұртас мырзаның ашуынан айналып қана кетейін! Мені актерлік шеберлігімен Мирадан кейін (Асанәлі Әшімов пен Тұңғышбай Жаманқұлов сынды кәсіби білімі бар актерлерді қоспай отырмын) осы кісі мәз етті. Үйіндегі келеңсіздікке дауыс көтеріп жатқан әке телефон соққан арғы жақтағы дауысқа бірден жай дауыспен үн қатты. Мұның өзі тапқырлық қой! Киноның бір-екі жерінде ғана жылт етсе де, ол өз тапсырмасын адал орындады деп түйдік.
Алтынай Жорабаева мен Нұрлан Еспановқа да өзімізше разы болдық. Бүгіндері түрін көрсе болды, жата қап күле беретін Қанат Әлжаппапров та жүр кинода. Ұжым киноның идеялық шеберлігімен тартпаса да, жұлдыздарды қатыстыру арқылы тартуды көздеген сыңайлы. Жаныңа жағатын қай жұлдызды да енді Қайраттың киносынан көре аласың.
Қайраттың басын қатырған сұлудың рөлін Жания Джуринская есімді актриса ойнап шықты. Кинода Сәния аталған арудың атын бірде Қайрат "Жания" деп өз атымен атап қойды. Оны байқамай-ақ тыныш отыратын көрермен бе? Бәрі "Өз атын атап қойды" деп күбірлесіп жатты. Мұны жүз рет қарап, жүз рет өңдеген шығармашылық топ қалай байқамады екен?
Меніңше, Сәнияның образын тым асырып жіберген сияқты. Қайрат Нұртасты айласын асырып жүрген сұлудың алдында тым дәрменсіз етіп көрсетіпті. Қайдам, "70 пайызы шындық деген соң", бұл жағдай да өз өмірінде болған жайт шығар. Сәния Қайраттың қалтасын ғана бағып жүрген болса, басқа да теріс қылықтарын мейлінше жасырса болар еді. Жоқ, ол өйтпеді. Клубта басқа жігітпен отырған Сәнияны Ренат пен Сиви байқап қалып, жанына барып бұл қылығын бетіне басты. Бірақ бұған арланған Сәния жоқ. Тым болмаса, "Ертең Қайратқа жеткізіп барар, қалтасы қалың жігіттен қапыда қалармын" деп қыңқ еткен қыз жоқ. Бірақ Сәнияның бұл қылығын Ренаттан естісе де, Қайрат та үндемеді. Сәнияның сұраған қомақты ақшасын алып, пәтеріне жетіп келгенде, оның басқа еркекпен көңіл көтеріп жатқанын көргенде ғана түсінді. Олар, бәлкім, осы көріністі көрсету үшін алдындағы оқиғалардағы қателіктерді жай ғана жамап тастаған шығар. Не десек те, ол өзінің ақымақ болып жүргенін түсінді-ау.
Айтпақшы, Қайрат сүйіктісінің теріс қылығының үстінен түскен сәтінде тағы бір қызыққа куә болдық. Жалаңаш денесіне орамал орап алған еркек есікті кім қағып, үйге кім келгеніне де көңіл аударған жоқ. Екеуі де бұрылып қараған сәтте ана бөлмеден мына бөлмеге өте шықты. "Сен сол кезде былай қарай өтесің. Сонда Қайрат Сәнияның басқа еркекпен көңіл қосып жатқанын білуі керек" деген тапсырма бойынша жылт еткен ол азамат та ендігі "Мен Қайрат Нұртастың киносына түстім" деп өзінше жұлдыз боп жүрген шығар.
Апатқа ұшыраған Қайратты ауруханаға жеткізгенде анасының шын көз жасы шықты. Ол басындағы жаттанды сөзді оқудағы әдісті ұмытып, жүрекпен сөйледі. Қайрат ауруханадан шығарда арқа тұсындағы жарақаттан алған тыртықтарды байқадық. Біраз уақыт өтіп жазылайын деген екен деп ойлап едік. Сөйтсек, арқасындағы жарақаттары бітеліп, тыртыққа айналып үлгергенде, әншінің бетіндегі жаралары әлі жазылмапты.
Киноның өңін қазақ өнерінің өрін бағындырған Асанәлі Әшімов пен Тұңғышбай Жаманқұлов сынды актерлер ашқаны рас. Екеуінің ойнау шеберлігін байқап, оны жастармен салыстырған көрермен ғана киноға шын бағасын бере алады.
Киноның толық мазмұнын жазып жатпайын. Ол жайында айтып, киноға бармауға кеңес беріп жатқан жандар да жоқ емес. Ал мен кеңес беруге келгенде, үндемей-ақ қояйын...
Автор: Ақерке Әбілхан
Суреттер актерлердің vk.com-дағы жеке парақашаларынан алынды
А. Әбілхан