Ральф: "Бұл өмір емес, ойын!"

Ральф: "Бұл өмір емес, ойын!"

Бүгін Қазақстан кинотеатрларында «Ральф» мультфильмі көрсетіле бастайды. Атақты «Симпсондардың» режисері Ричи Мур екі сағаттық мультфильмді алты жастан асқан көрерменге арнаған. Әлемдік өндірістің көшбасшысы саналатын Walt Disney компаниясы бұл жолы барлық жастағы көрерменге қызық болатын «мінсіз» мультфильм түсірген екен.

«Game over» деген жазудан соң адам баласы монитордың арғы жағындағы өмірді ойламайды да. Бұл мультфильм сол, біздің балалық шағымызды сақтап отырған сүйікті кейіпкерлеріміздің өмірі жайлы. Тартымды оқиға, айтар пәлсапасы да таяз емес. Анимациялық деңгейі де, ән, сценарий де көз қуантады. Еліміздегі нұсқасы тек орысша сөйлейді демесеңіз...

«Ральфта» 180-ге жуық бірегей персонаж бар. Бұл дегеніңіз орта есеппен алғанда қайсыбір анимациялық мультфильмдермен салыстырғанда үш есе көп деген сөз.

Сюжет: Адамзат ойын автоматтары кейіпкерлерінің өмірі болатынын ешқашан сезіп білмейтін де шығар... Сол ойындардың қатарында компьютердегі сапасы 8 биттік ойынның «жағымсыз» кейіпкері Ральф өзінің «жаман» рөлді сомдауынан шаршаған. Оның ойындағы басты міндеті – бұзу, қирату, талқандау. Ал Ральфтың қиратқан үйін жөндейтін Феликс әрқашан да ұнамды кейіпкер. Жалғыздықтан жасыған 300 келілік жігітіміз – Ральфтың ойынның 30 жылдық мерейтойға шақырылмағаны оқиға желісіндегі басты конфликт. Ойындағы достары оның «жақсы болуға» деген ниетін қабылдамай қойған соң ол басқа жанрдағы ойындарға ауысып, қолынан жамандық қана емес, жақсылық та келетінін дәлелдемек болып аттанады ғой.

Жолында кездескен ойын персонаждары қатарында қатал да қабілетті сержант Калхун «Hero’s Duty» ойынынан, ал тілі шамадан тыс ұзын (астарлы мағына А.Қ.), қырсықтау Сластена Фон Дю «Sugar Rush». Соңғы кейіпкердің ойындағы өмірі тым ауыр жағдайда болғаны себепті «жаман» жігітімізге жақсылық жасауға тура келеді. Жақсылық пен жамандық бітпейтін мотив. Сондықтан да, қызық әрі тұздығы көп мультфильмге баруға кеңес береміз...

Дайындаған: Ардақ Құлтай

А. Құлтай