Жаңа қазақстандық "Аңшы бала" фильмі прокатқа шығады

Жаңа қазақстандық "Аңшы бала" фильмі прокатқа шығады

30 тамыз күні Ерлан Нұрмұхамбет пен Бекарыс Елубайдың  "Аңшы бала" кинолентасы прокатқа шығады, деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі  "Қазақфильм" акционерлік қоғамына сілтеме жасай отырып. Прокат әзірге шектеулі болады. Атап айтсақ, кинолента тек "Кинопарк" және "Киноплекс" кинотеатрлар желісінде көрсетіледі деп жоспарланып отыр.

Фильмнің премьерасы 29 тамыз күні Алматыда өтеді. Ал келесі күні фильм актерлері картинаны Қарағанды қаласында көрермендерге ұсынбақ.

"Аңшы бала" фильмінің трейлері

Лентада 13 жасар Қамбардың басынан кешкен оқиғалары бейнеленген. Жас баланың ата-анасы ұлдарын жазғы демалыста ауылға атасының үйіне апарып тастайды. Жасөспірім осылайша алғаш рет дала өмірімен таныс болып, өзі үшін көп жаңалықтар ашады. Айта кетелік, фильм Голливудта өткен International Family Film Festival фестивалінде "Үздік шетел драмасы" сыйлығын ұтып алған болатын.

Түсірген: Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ.
Режиссерлер: Ерлан Нұрмұхамбетов, Елубаев Бекарыс.
Сценарий авторлары: Ерлан Нұрмұхамбетов, Елубаев Бекарыс, Смағұл Елубай.
Оператор: Азамат Дулатов.
Актерлар: Санұржан Сүлейменов, Жүрсін Ерман, Әуелхан Идришева, Иманғали Мазімбай, Әбдімансұр Серіков.

Ұзақтығы: 80 минут.

Дайындаған: Еркебұлан Қайрахан